Тұрғындар мен билік арасындағы байланыстың бір көрінісі – есептік кездесу. Өйткені, мұнда халық ауданның дамуы, экономикалық жетістіктері мен алдағы жоспарлары туралы мәліметтерден атқарушы биліктің өз аузынан хабардар болады. Сондай-ақ, өздерінің ұсыныс-талаптарын ортаға салуға мүмкіндік алады. Есепті кездесуін аудан әкімі Ғалымжан Үсенбаев Жүйнек ауыл округінің тұрғындарымен жалғады. Алдымен аудан басшысы ІІ тоқсанда атқарылған жұмыстарға егжей-тегжейлі тоқталды. Жалпы алғанда былтырғы жылы ауданда іргелі істер мен ірі жобалар іске асырылып, көптеген жұмыстар қолға алынған.
Аудан әкімінің баянынан кейін ауыл тұрғындары көкейкесті сұрақтарын қойып, талап-тілектерін айтты. А.Югнаки мектебінің жылыту қазандығы қайта жөндеуді қажет ететін көрінеді. Ауыл тұрғындарының қыстың көзі қырауда балалары жылы мектепте оқыса деген тілегі бар. Мәселе оңтайлы шешіледі. Оқушылар жылы мектепте оқиды. Тиісті сала маманы осылай жауап берді. Тұрғындарды алаңдататын тағы бір мәселе, мектептің алдындағы көше. Жаяу жүргіншілер жолағына сақшы немесе қоғамдық жұмысшы қоюды сұрады. Балалардың қауіпсіздігі үшін. Жүйнек елді мекенінде ұялы байланысы нашар. Ұялы байланыс антенасы қойылса дейді тұрғындар. Жер қойнауын заңсыз пайдаланғандарды тоқтату, шалғайдағы егістік жерлерге құдық қазу, электр бағаналаларын ауыстыру, Қарнақ ауылының жерін Жүйнек ауыл округіне қайтару сынды бірқатар мәселелерді көтерді. Аудан әкімі өзіне қойылған сұрақтарға нақты әрі тұщымды жауап берді.
-Расында аудан үшін ағын су, жайылымды жер өткір мәселе. Жерлерді мемлекетке қайтару жұмыстары жолға қойылды. Нәтижесінде кейбір ауыл округтерінде ортақ жайылымды жердің көлемі артып жатыр. Ал, ағын су тек бір ауданға қатысты мәселе емес. Оны өздеріңіз де жақсы білесіздер. Проблема бүгін ертең шешіледі деп уәде бере алмаймын. Ол үшін өңір бойынша жүйелі жұмыстануымыз керек. Ал жол салу, бағаналарды жаңарту ретімен шешілетін мәселе,-деді жиында Ғалымжан Қарабайұлы.
Сондай-ақ, әкім ауданның әлеуметтік – экономикалық даму бағдарламасына айрықша көңіл бөлетінін жеткізді. Жиын соңында ауыл округ әкімі Төребай Асқарұлына Жүйнектегі жұмыстарды жүйелеуді тапсырды. Алдағы уақытта ауданның қарқынды дамуы үшiн ауыл шаруашылығы және құрылыс, коммуналдық мәселелердi шешу, инвестиция тарту жұмыстары жанданатынына ауыл тұрғындары сенім білдірді.