Аудан әкімі Ғалымжан Үсенбаев бүгін аудан халқымен кездесуін бастады. Алғашқы кездесуін Жаңа Иқан ауылдық округ тұрғындарымен өткізді. Бірқатар өзекті мәселелер көтерілген есепті жиында алдымен аудан басшысы өңірде жасалынып жатқан ілкімді істерді баяндады. IІ тоқсанның қорытындысы бойынша негізгі әлеуметтік-экономикалық дамуда едәуір өзгерістер бар. Жалпы, аудандық бюджет кірістері 117,7 пайызға, яғни кіріс көзі 214,4 млн. теңге жоспардан артық орындалған. ІI тоқсан қорытындысымен жалпы өндірілген өнім 21 млрд. 544,4 млн. теңгені құраған. Атап айтқанда, ауыл шаруашылық саласында 15 млрд 709,5 млн. теңгенің өнімі өндірілсе, электр энергиясы, газ бен су өндіру және бөлу 1 млрд. 232,8 млн. теңгеге қызмет көрсеткен. Тартылған инвестиция көлемі де қомақты. Есепті кезеңде ауданға 12 млрд. 668,7 млн. теңге инвестиция бағытталған. Оның ішінде 8 млрд. 329,6 млн.бюджеттік емес инвестиция. Аудандағы құрылыс жұмыстарында да ілгерлеу бар. ІІ тоқсанда құрылыс жұмыстарына 835,9 млн.теңге иегірілген. Нәтижесінде 14 118 шаршы метр тұрғын үй іске қосылып отыр.
Бұл есепті кездесу бұрынғыдан өзгерек. Аудан басшысы тұрғындармен ғимараттың ішінде емес, керісінше далада, ашық алаңда еркін форматта кездесті. Жиынға келген әрбір тұрғынның сұрақтарына жіті жауап берді. Тұрғындар тарапынан түскен сұрақтың басым бөлігі округтегі электр бағаналарының толық жаңартылмағандығы туралы болды. Мәселені тиісті бөлім басшысымен екшеген Ғалымжан Қарабайұлы олқылықты екі апта көлемінде түзетуге уәде берді. Жаңа Иқандық шаруалар үшін ағын су басты проблема. Бұл проблеманың шешілуі түйіні тек ауданға ғана қатысты емес. Басшылық тарапынан су мамандарымен бірлесе отырып, мәселені түбегейлі шешпесе де қолдан келер көмекті мейілінше пайланатындығы айтылды.
Жаңа Иқандықтар аудандық учаскелік полиция инспекторына көңілдері толмайды. Құқығы бұзылған тұрғынның мәселесі дер кезінде шешілмейді. Мамандардың салғырттығы тұрғындарды мезі еткен. Ауылдық участкелік полицияның жұмысын тезге салуды сұрады тұрғындар. Олқылық назарға алынып, жұмыс жасалынатын болды. Сонымен қатар, әр кездесуде ұдайы көтеріліп келе жатқан көгілдір отынның да жайы бұл жиынды айналып өтпеді. Халық көрші ауылдағы ағайын сияқты көгілдір отынның рахатын көрсек дейді. Жаңа Иқандықтардың да қуанышы еселенетін күннің де ауылы алыс емес.
Құрметті, тұрғындар! Билік пен қарапайым тұрғындар арасындағы ашықтықты нығайту үшін мен бүгін сіздермен далада емен жарқын диалог құруды жөн деп санадым. Сіздердің көтерген әрбір мәселелеріңіз менің жіті назарымда. Кезең кезеңімен орындалып жатыр. Атқарған жұмысымыздан бөлек, әр ауыл округіне түзген жоспарымыз да көп. Жоспарымызды өз мәресіне жеткізетін болсақ сіз бен біз үшін үлкен жеңіс! Мен және әкімдіктегі жауапты сала басшылары сіздердің өтініштеріңізді кез келген уақытта тыңдауға әзір. Сын айтылсын. Мен құптаймын. Бірақ сын шын болсын. Сыннан қорытынды шығаруға біз әзірміз"- деп түйіндеді жиынды Ғалымжан Үсенбаев.
Жиын соңында сөз алған ауыл ақсақалдары аудан әкімінің жасап жатқан жұмыстарына оң бағасы мен баталарын берді. Ауызбіршілік пен ынтымақ бар жерде әрдайым ілкімді тірлік бар. Осыны тілге тиек етіп аудан тұрғындары тарқасты.