«ОҢАЛТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ» КҮРДЕЛІ ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ АЯҚТАЛУҒА ЖАҚЫН

«ОҢАЛТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ» КҮРДЕЛІ ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ АЯҚТАЛУҒА ЖАҚЫН

Қала әкімі Мұрат Әйтенов қаламыздағы күрделі жөндеуден өтіп жатқан «Оңалту орталығының» құрылысы алаңына барып, ондағы атқарылған жұмыстарды тексерді. Бес қабатты ғимараттың күрделі жөндеу жұмыстары сәуір айында басталып, қазіргі уақытта 80 пайызға орындалған. Яғни, тамыз айының соңына таман пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Шымкент қаласының білім басқармасына қарасты «Оңалту орталығы» коммунальдық қазыналық мекемесінің ғимараты 1975 жылы қаланғанын айта кетейік. Қазір мұнда 167 оқушы ерекше білім берумен қамтылған, ұжымда 56 педагог жұмыс істейді.
Логопед пен психолог кабинеттері, сенсор бөлмелері, израильдік технологиямен жасалған мультимедиялық білім беру жүйелері қайтадан жаңартылып, заманға сай жабдықталуда. Оңалту орталығында 11 топ – құлақ және тіл мүкістігі бар, дамуы тежелген балалармен тығыз байланыса жұмыс істейді.
Мұрат Дүйсенбекұлы құрылыстың жұмыс сапасын бақылап, жауапты және мердігер мекеме басшыларына кестеден кешікпеуді ескертіп өтті.
Арнаулы әлеуметтік қызметтер психоневрологиялық ауытқуы бар, тірек-қимыл жүйелері бұзылған мүгедек балаларға, 18 жастан асқан психоневрологиялық ауруы бар азаматтарға, өзіне-өзі қызмет көрсете алмайтын жалғызілікті І-ІІ топтағы мүгедектер мен қарттарға стационар, жартылай стационар және үйде қызмет көрсету жағдайында жүзеге асырылады.
Бұл бағытта Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты 11 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтары жұмыс істейді. Бүгінде орталықтарда 1 мыңнан астам маман жұмыс істейді. Жыл басынан бері 3065 адам оңалту шараларымен қамтылған. Әлеуметтік қызметкерлер 936 азаматқа қызмет түрлерін үйлеріне барып көрсетеді.
Мамандар ерекше күтімді қажет ететін азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту, өмірлік қиын жағдайларда қолдау көрсету мақсатында 8 бағытта қызмет көрсетеді. Атап айтқанда, әлеуметтік-медициналық, тұрмыстық, педагогикалық, психологиялық, еңбек, экономикалық, мәдениет және әлеуметтік-құқықтық қызметтері бар. Оның ішінде үйде қызмет көрсету жағдайында ерекше балалардың денсаулығына қарай төсектен тұру, киіну, жуыну, тамақ ішу мәдениеті, серуенге шығу, сабағын дайындау секілді қызметтерді көрсетіп, қоғамға бейімдейді.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ