Шымкент қаласы №6 балалар арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында тірек-қимылы жүйесі бұзылған балалардың денсаулығында оң өзгерістер байқалады. Заманауи медициналық құрал-жабдықтар мен оңалту шараларының әсерінен мұнда қимыл-қозғалысы нашар балалардың денсаулығы жақсарған.
ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілі Артур Ластаев Шымкентке арнайы іссапары барысында осы орталықты аралап, ерекше балаларға көрсетіліп жатқан әлеуметтік оңалту шараларымен танысты.
Орталықта 18 жасқа дейінгі психоневрологиялық ауруы бар мүгедек балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетіледі. Емдік шараларға «ROBACTIV» локомотив жүйесі, модульдік баспалдақтың "STEP" түрі мен басқа да заманауи медициналық құрал-жабдықтар қолдануда.
Орталықта қазір стационарлық жағдайда 124, жартылай стационарлық жағдайда 82 бала қызмет алып жатыр. Оның ішінде тұл жетім, тастанды және асыраушысынан айрылған 25 бала орталық қамқорлығында. Оларға 8 арнаулы әлеуметтік психологиялық қызмет түрлері көрсетіледі.
Сонымен қатар балаларды қоғамға бейімдеуге ерекше көңіл бөлінген. Медициналық бөлімде физиоемдеу, стоматология мен емдік кабинеттер қарастырылған. Дәрігерлердің тағайындауы бойынша науқастарды емдеу үшін физиотерапиялық бағытта қызметтер көрсетіледі.
Орталық психоневрологиялық ауытқуы бар балаларға жартылай стационарлық жағдайда қызмет көрсетеді. «Қазақстан халқына» қоры мен «Самұрық Қазына» әл-ауқат қорының қолдауымен орталыққа жалпы құны ғимаратты толық жабдықтау үшін 280 млн.теңге инвестиция жұмсалып, қажетті жабдықтар Финляндия, Жапония, Австрия мемлекеттерінен жеткізілген. Қосымша 164, 6 млн.теңге бөлініп, мамандар арнайы оқытылған.
Мұнда балалар үшін проекциялық интерактивті сенсорлық бөлме, сенсорлық интеграциялық бөлмелер, робототехника лего кабинеті, музыка-терапия, арт-терапия бөлмелері мен тігін, ағаш, қыш шеберханалары қарастырылған. Сыйымдылығы 110 балаға лайықталған орталықта қазір 40-қа жуық бала ем алуда.