Бүгін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Армения Республикасы Төтенше және Өкілетті елшісі Армен Гевондян, сонымен қатар Қазақстандағы Армения Республикасының бас консулы Анна Вачиянмен ресми кездесті.
Іссапардың мақсаты - Шымкент қаласы мен Армения мемлекеті арасында екіжақты қарым-қатынасты кеңейту. Бірлескен инвестициялық жобаларды әзірлеу және жүзеге асыру, сондай-ақ екі елдің инвестициялық әлеуеті мен тартымдылығы туралы ақпарат алмасу.
- Инвестиция тарту – қаланы дамытудың маңызды бағыттарының бірі. Сондықтан, мемлекеттік қолдау шаралары аясында біз Армения капиталының қатысуымен жобаларды жүзеге асыруға ілесуге дайынбыз, - деді қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы.
Жалпы Қазақстан мен Армения арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас Қазақстан тәуелсіздік алған күннен бастап орнатылған.
Соның ішінде Шымкент қаласы 1 миллионнан астам халқы бар, инфрақұрылымы, бай табиғи және еңбек ресурстары бар Қазақстанның үшінші мегаполисі және экономикалық ірі қалаларының бірі. Бүгінде қала арқылы Еуропа мен Азия арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» трансұлттық көлік дәлізі өтуде. Мемлекет шетелдік инвесторларды құқықтық қорғау үшін барлық қажетті шараларды қарастырады. Осы орайда шетелдік компаниялардың қаламыздың дамуына үлес қосуы құпталады.
Сондықтан бүгінгі кездесу сындарлы ынтымақтастықты дамытады және бірлескен жобаларды жүзеге асырудың жаңа перспективаларын айқындалады деп сенеміз.
Қазіргі уақытта қала бойынша 524,7 миллиард теңгеге 143 жоба қаралып, сараптау жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде ірі инвестициялық жобаларды атайтын болсақ, 2023-2024 жылдар аралығында іске қосылуы жоспарланған түркиялық инвесторлардың бастамасымен сусындар зауыты, инвестициялық көлемі 5 млрд теңгені құрайтын автоклавты газдалған бетон жасау зауыты, темірбетон бұйымдарын өндіру зауыты, сутегі тотығы өндіретін зауыттарының құрылысы кезең-кезеңімен жүргізілу сатысында.
Әсіресе, биыл ашылуы тиіс ішкі және сыртқы кәріз жүйелерін және ПВХ-дан жаңбыр суағарларын өндіру зауытының құрылысы 60 пайызға дайын. Автомобиль әйнегін шығару зауыты, керамикалық тақталар өндірісі, көпфункцияналды қойма кешені де қаланың экономикалық даму көрсеткішін ілгерілететін тетіктердің бірі.
Бұдан бөлек, индустриалды аймақта «Гекса» ЖШҚ (Ресей/Қазақстан) - инвестициялық құны 3,2 млрд. теңгені құрайтын бірлескен жаңа жобаны қолға алмақ. Өндіріс орны қуаттылығы жылына 6 мың тонна тоқыма емес материалдар шығарады. Іске асыру мерзімі – 2023 жыл.Инвестициялық құны 1,3 млрд. теңгені құрайтын, жобалық қуаттылығы жылына 300 мың м3 темір-бетон өнімдері, темір-бетон бұйымдарын өндіру зауытын салу жобасы іске асады деп жоспарланған. Ресейлік «ДСК 17» ЖШС іске асыратын зауыт құрылысы 2024 жылы аяқталады.