Шымкент қаласының даму жоспарына сәйкес, жергілікті тұрғындарына қолайлы орта қалыптастыру және сапалы жол салу мақсатында, қалаға қосылған тұрғын алаптардың ішкі орам көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Осыған байланысты бүгінде Еңбекші ауданындағы Базарқақпа тұрғын алабының бірқатар көшелері асфальтталуда.
Атап айтқанда, Кеңгір, Қараөткел, Балқан №2,3,4 көшелеріне мердігер мекемелер тарапынан жол салу жұмыстары жүріп жатыр.
Ал Сазқұндыз көшесіне жаяу жүргіншілерге арналған аяқ жол салынып, асфальт қабатын төсеу жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар, Алай көшесі арнайы техникалармен тегістеліп, шағал тас төсеу жұмыстары басталды.
Жыл соңына дейін Базарқақпа тұрғын алабында 6.6 шақырымды құрайтын 11 көше асфальттанады.
Сонымен қатар, Қаратау ауданындағы Бозарық саяжайының бірқатар көшесіне асфальт төселуде. Асфальтбетон жабындысы төселетін жолдың ұзындығы 3 шақырымды құрайды.
Жыл соңына дейін жалпы ұзындығы 11,4 шақырымды құрайтын 17 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Асфальттеу жұмыстары Егемен Қазақстан, ПК Асар, Наркеткен, Саяжай, Алмасқылыш, Балқадиша, Айқаракөз, Өскен өнір, Ерлік тау, Көрімдік, Сұлутау, Буғынай. Шидерті, Арғанаты, Бурма көшелерінде атқарылады.
Биыл жалпы қаламыздағы жол жабындысы жағдайын жақсарту мақсатында шаһар аумағында 243 нысан, яғни 297 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
Жалпы қаламыздың жол инфрақұрылымын дамытып, сапасын жақсарту мақсатында 2021-2025 жылдарға арналған іс-шара жоспары бекітілген.
Атқарылып жатқан жұмыстар жоғарыда аталған іс-шара аясында іске асырылуда.
Жол құрылыс жұмыстарының нәтижесінде жолдың жақсы және қанағаттанарлық жағдайы жыл соңында 71,2 пайызға дейін жеткізу жоспарланған.
Бас жоспарға сәйкес, қала орталығынан шалғай орналасқан шағын аудандар мен тұрғын алаптардың ішкі орам көшелеріне басымдылық берілуде.