Бүгін ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында алдағы су тасқыны кезеңінде елді мекендерді қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі шаралар қаралды.
Үкімет басшысы биылғы көктем оңай болмағанын, сондықтан су басу қаупінің алдын алу үшін екі апта ішінде халықты су тасқынынан қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарын дайындауды және тасқынға дайындық барысын бақылау қажеттігін атап өтті.
Шымкент қаласына келсек, 2023 жылдың көктем айларындағы жауын-шашын мезгілінде жалпы қала аумағынан су жиналу қаупі бар 58 орын анықталып, қазір 24 орынға ирригациялық арықтар орнату жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар қала аумағынан ағып өтетін жалпы ұзындығы 339 шақырымды құрайтын 2 өзен мен 34 каналдың жай-күйіне зерделеу жүргізіліп, арналар қоқыстан тазартылуда.
Алдағы уақытта қалған су басу қаупі бар көшелер мен аумақтар да арнайы техникалармен жабдықталып, тұрғындардың қолайлы жүріп-тұруына жағдай жасау жалғасатын болады.
Сондай-ақ, «Ақжар» су қоймасының күрделі жөндеу жұмыстарына биыл жобалық сметалық құжат әзірленіп, 2024 жылы құрылыс жұмыстары атқарылады деп күтілуде.
«2021-2023 жылдардағы су тасқынына қарсы іс-шаралар» жол картасы бойынша қала аумағындағы су шаю қаупі бар 6 елді мекен: Жыланбұзған, Маятас, Тоғыс, Қызылжар, Игілік, Тәуелсіздікке 20 жыл тұрғын алабынан ағып өтетін «Бадам» өзенінің арнасын бекіту және нығайту мақсатында жұмыстар жүргізілуде.
Миллион тұрғыны бар ірі қалаларда ирригация мәселесі өзекті. Әсіресе, көктем мен күз айларында жауын-шашын көбейіп, арық-атыздар арнасынан тасып, кейбір көшелерді су алу қаупі кездеседі. Сондықтан төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында Шымкент қаласы Тұран ауданында 2023 жылы барлығы 41 көшеге 24,01 шақырым ирригация жүйесін салу жоспарланған.
Сонымен қатар 2024 жылға «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында су жиналу қаупі бар 16 мекенжайға ирригациялар жүргізіледі. Қазір желілердің жобалау-сметалық құжаттасы әзірленуде.
СУ ЖИНАЛУ ҚАУПІ БАР 58 ОРЫН АНЫҚТАЛЫП, ИРРИГАЦИЯЛЫҚ ЖҰМЫСТАР ЖҮРГІЗІЛУДЕ
