Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекованың тұрғындармен кезекті кездесуі Дермене ауылында жалғасты. Шаһар басшысы азаматтардың тұрмысын жақсарту мақсатында атқарылып жатқан шараларға шолу жасап, дерменелік ағайынның сауалдарына жауап берді.
Биылғы жылы, Дерменеде ауыл клубы мен кітапхана комплексінің құрылысы басталды. Мәдени нысанның сыйымдылығы 120 орын. Сәтін салса, келесі жылы пайдалануға беріледі деп күтілуде. Бұдан бөлек, Дермене жастарының саламатты өмір салтын ұстануына мүмкіндік беретін заманауи Спорт залын салу үшін жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, қаржы бөлуге республикалық бюджетке ұсыныс берілді. Тиісті қаржы бөлінгенде, оның да құрылысы басталмақ.
Дерменеліктер «Ауыл аманаты» жобасына белсенді қатысуда. Небәрі 2,5 пайызбен, алғашқы төлемі бір жылға дейінгі каникулы бар жобаға округ бойынша 61 жоба несие комитетіне ұсынылып, 46 жобаға 262,1 млн. теңге оң қорытынды берілген.
Бұдан бөлек, берекелі ауылда жыл басынан бері конкурс тәртібімен – 71,7 га ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер қайта айналымға қосылған. Оның ішінде – 46,5 га суармалы, 39 га жайылымдық, 7,5 га қора жәй үшін.
Жалпы, Дермене ауыл округі бойынша 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба аясында ақылы қоғамдық жұмысқа 22 адам тартылды. Бұдан бөлек, «Жастар практикасына» 5 адам, «Күміс жас» жобасына 3 адам, Әлеуметтік жұмыс орындарына 35 адам, «Алғашқы жұмыс» орнына 3 адамға жолдама берілген.
Мұнда көтерілген мәселелердің бірі – ауылды көгілдір отынға қосу. Бұл жұмыстар бойынша қала әкімдігі тарапынан жоба-сметалық құжаттары әзірленген. Мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған. Енді Дермене, Теміржолшы, Орманды, Саналы, Қаражантақ елді мекендерін көгілдір отынға қосу үшін тиісті қаражатты республикалық бюджеттен бөлу жөнінде шаралар атқарылуда. Сондай-ақ, Саналы елді мекенінің ауыз су жүйесін күрделі жөндеуден өткізуге құжаттама жасалынған.
Жиын соңында тұрғындар шалғайда елді мекенге жол салу, ауыл жастарының жұмыс мәселесі, орталық көшеге жарық қою сынды сұрақтар қойды. Гүлжан Мамытқызы барлық сұрақтарға егжей-тегжейлі тоқталып, заң аясында тиісті шешімдер қабылданатыны түсіндірілді.
Айта кететін, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында мемлекеттік институттардың рөлін нығайту, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, халықтың тұрмыс сапасын жақсарту мәселелерін кеңінен сөз етті. Жолдауда қазіргі әлеуметтік-экономикалық жағдайға жан-жақты, терең талдау жасап қана қоймай, оның шешу жолдарын да көрсетіп берді.
Ұлттық құрылыстың қазіргі кезеңінде Қазақстан Республикасы қарқынды саяси өзгерістер кезеңін бастан кешіп жатыр. Саяси модернизацияның тұжырымдамалық фрейміне «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» моделі арқау болды. «Listening State» («Құлақ асатын/еститін мемлекет») — бұл үкіметтің азаматтармен өзара әрекеттесу, оларды толғандыратын мәселелер мен қажеттіліктерін түсіну бойынша белсенді күш-жігеріне баса назар аударатын мемлекеттік саясат тұжырымдамасы. Бұл тұжырымдама үкімет пен қоғам арасындағы ашық әрі айқын байланыс арналарын құруды көздеп, шешімдерді әзірлеу және қабылдау процесінде азаматтардың дауысын естуге және ескеруге бағытталған.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тәсілі ақпаратты жай ғана тарату немесе «жоғарыдан төменге» саясатын жүзеге асыруға қарағанда, тиімді басқару бұдан да көп нәрсені қажет ететінін көрсетеді. Яғни кері байланыс, идеялар мен қоғамдық пікірді белсенді іздеудің маңызын мойындайды. Бұған қол жеткізуге жәрдемдесетін түрлі құралдар бар: қоғаммен кеңесу, сауалнамалар, жалпы жиналыстар, онлайн форумдар және басқа да қатысу тетіктері.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекетте» Үкімет азаматтарға ойларымен, идеяларымен және пікірлерімен алмасу үшін қолжетімді және ыңғайлы платформалар ұсынады. Бұл сандық платформалар және қоғамдық жиналыстар сияқты құралдар арқылы немесе т.б. жүзеге асырылуы мүмкін.
Мемлекеттік органдар мен азаматтар арасындағы өзара іс-қимылдың жаңа форматтарын қолдануды жеке үрдіс деп атауға болады. Мемлекеттік органдар жедел хабар алмасу құралдарын пайдаланады, чат боттарын жасайды. Жергілікті атқарушы органдар өтініштерді қарау мен азаматтарды қабылдауды бір жерде жүргізген жағдайда қызмет көрсету «кедергісіз орта» қағидаттары бойынша «ашық қабылдау» арқылы жұмыс істейді.
АРЫС: ДЕРМЕНЕЛІКТЕР «АУЫЛ АМАНАТЫ» ЖОБАСЫНА БЕЛСЕНДІ ҚАТЫСУДА
