Биыл Сайрам ауданының білім бөліміне қарасты 14 елдімекенінде орналасқан мемлекеттік мектептерге шалғайдан қатынайтын оқушыларды тасымалдау үшін 20 және 40 орындық 9 автобус бөлінген болатын. Бүгінде штаттық кестеге сәйкес, 730 оқушы аталған 9 автобуспен мектепке қатынаса, 805 оқушыны «ЯНС» ЖШС-мен келісім-шарт арқылы тасымалдау жұмыстары жүргізілуде. Жалпы мектептен шалғайда тұратын 1 535 оқушы автобуспен тегін тасымалданып отыр.
Нақтырақ айтқанда, Сайрам ауданындағы №26 М.Қашқари атындағы жалпы орта мектебі, №104 негізгі орта мектебі және №12 Т.Рүстемов атындағы мектеп гимназиясының шалғайда тұратын оқушылары жаңа берілген автобустармен қатынап оқып жүр.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен елімізде «Жайлы мектеп» жобасы жүзеге асады. Ұлтық жоба аясында Түркістан облысында 2023-2025 жылдары 63 жаңа мектеп бой көтереді.
«Жайлы мектеп» жобасы – өңірімізде мектеп тапшылығын шешуге берілген үлкен мүмкіндік. Енді осы жобаны сапалы жүзеге асыру керек. Жауапты орынбасар, басқармалар, аудан, қала әкімдері білім ұяларының құрылысын уақтылы әрі талапқа сай етіп аяқтау бағытында жұмыс істеңіздер. Мектептердің инфрақұрылымын тарту, газ, су, электр, жылу, ғаламтормен қамту бойынша тиісті шаралар қабылдансын. Мектептердің құрылыс материалдары сыртқы және ішкі көрінісі, сәулеттік жобасы бойынша да барлық мердігерге біріңғай нұсқа берілуі тиіс. Ең бастысы, осы «Жайлы мектептерді» жоғары деңгейлі ұстаздармен қамту аса маңызды. Қазірден бастап білікті басшылар мен мұғалімдер жасақтауды қолға алған жөн, – деген еді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.
«Жайлы мектеп» Ұлттық пилоттық жобасын іске асыру шеңберінде 2023-2025 жылдары Түркістан облысында құрылысы салынатын 63 мектептің (жобалық қуаттылығы 49 000 орын) іс-шара жоспары бекітіліп, бекітілген іс-шара жоспарына сәйкес жаңа мектеп құрылысын салуға тиісті құжаттар Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігіне ұсынылып, жұмыстар атқарылған. Сондай-ақ 2023-2025 жылдары құрылыс жұмыстары жүргізілетін елді мекендердегі мектептерді инженерлік инфрақұрылыммен (су, электр, жылу желілері, кәріз жүйелері, кірме жолдар, интернет желілері, қоғамдық көліктер және т.б.) қамтамасыз ету шаралары қабылданып, инфрақұрылым жоспары бекітілді.
Жиында мектеп құрылысына қатысты ұйымдастыру жұмыстарын баяу жүргізіп жатқан аудан әкімдеріне сын-ескертпе айтылды. Жұмысты жеделдету жөнінде тапсырма берілді.
Облыста екі жылда 300 орындық 11 мектеп, 600 орындық 25 мектеп, 900 орындық 15 мектеп, 1200 орындық 6 мектеп, 1500 орындық 4 мектеп және 2000 орындық 2 мектеп салынады.
Жоба аясында 2023 жылы құрылысы басталатын 29 мектептің жер телімі «Samruk-Kazyna Construction» АҚ меншігіне өткізіліп, бүгінгі күнге, құрылыс-монтаждау жұмыстары басталды. 29 мектептің құрылысы 2024 жылы аяқталып, пайдалануға беріледі деп күтілуде. Ал қалған 34 мектептің құрылыс жұмыстары 2024 жылы басталып, 2025 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Бүгінгі таңда құрылысы биылға жоспарланған 29 мектептің 27-сінің құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізетін мердігер және жобалаушы мекемелері анықталды. Қалған 2 мектебі бойынша сатып алу конкурсы өткізілуде. Қорытындысы биыл қыркүйек айының соңына дейін аяқталады.
Айта кететін, облыс бойынша алдағы жылу беру маусымына дайындық жұмыстары бекітілген іс-шара жоспарына сәйкес жүргізілуде. Білім беру нысандарының жылу беру маусымына дайындығы 95% пайызды құрайды. Биыл бірқатар білім ошақтарында қазандықты жаңарту жұмыстары жүргізілді. Жалпы, мемлекеттік білім беру ұйымдары орталықтандырылған, газ, сұйық отын және қатты отынмен жылытылады.
Облыста 1 275 білім беру мекемесінің ішінде 1274 білім беру ұйымының жылыту жүйелеріне гидравликалық сығымдаудан өткізілді. Білім беру ұйымдарын қатты отынмен жылыту пештерін табиғи газға ауыстыру жоспарлануда. Яғни, ол 5,5%-ға артып, 84 білім беру мекемесі, оның ішінде 6 балабақша, 77 мектеп және бір колледж қосылатын болады. 580 білім беру нысандарына қажетті 120,8 мың тонна көмір сатып алу бойынша жеңімпаздар анықталып, келісімшарт жасалды.