2023 жылдың 30 қазан күні Арыс қаласының білім бөлімінің «№ 32 Ә.Жангелдин атындағы жалпы білім беретін мектеп» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде мектеп педагогтары мен қызметкерлеріне ата-аналар комитетінің өкілдерінен сыйлықтарды және көрсетілетін қызметтерді қыбылдау мемлекеттік қызметке кір келтіретін теріс қылықтарға жататыны туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Білім және ғылым министрлігінің 2020 жылғы 11 мамырдағы бұйрығында бекітілген педагогикалық этика қағидалары бар, онда педагогтар білім беру процесіне қатысушыларға қатысты қаржылық және өзгеде бопсалауға жол бермейді деп көрсетілген.
Сондай-ақ іс-шараға жиналған ата-аналар комитетіне өз отбасындағы балаларына ұстазды құрметтеуге үйретсе мұғалімге және топ тәрбиешілеріне ең қымбат сыйлық болатыны айтылды.
Жиналыс соңында, қатысушылар қойған сұрақтарды талқылап, педагогикалық этика қағидаларын қатаң сақтау керектігі туралы айтылды.
Еске саларлық, қыркүйек айында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің Превенция басқарма басшысының орынбасары С.Әсілбек Түркістан облысының білім басқармасының 2020-2023 жылдар аралығындағы қызметінде жүргізілген сыртқы талдау қорытындысын хабарлап, Департаментпен қабылданған шаралардың нәтижесінде облыстық білім басқармасымен негізсіз жоспарланған бюджет қаражатының қысқартылғанын жеткізген болатын.
Жүргізілген сыртқы талдау нәтижесімен облыстық білім беру саласында анықталған заңбұзушылықтарды жою бойынша алдағы уақытта атқарылатын жұмыстарға тоқталған облыстық білім басқарамасы басшысының міндетін уақытша атқарушы А.Садықова білім беру ұйымдарында жиі ұшырасатын сыбайлас жемқорлық көріністерінің деңгейін төмендету мақсатында «Бұлтты бухгалтерия» бағдарламасын Түркістан, Кентау қалалары мен Түлкібас ауданындағы орта білім беру мекемелерінің бухгалтериясына пилоттық жоба ретінде енгізу тәжірибесі қарастырылатынын айтты.
Аталған ақпараттық жүйе негізсіз жалақы есептеумен байланысты туындайтын тәуекелдердің алдын алып қана қоймай, бармақ басты, көз қысты әрекеттердің жолын кесуде тиімді тетік болып табылатындығын алға тартқан өңір басшысы жауапты мамандарға бұл озық тәжірибені тез арада облыс аумағында жандандыру қажеттігін тапсырды.
Мәжілісте Кентау қаласы мен Төлеби ауданы әкімдіктеріндегі сыбайлас жемқорлықтың жай-күйі туралы аталған аймақ әкімдерінің есептері де тыңдалды. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында ұсыныстар беріліп, мәселелер көтерілді.
Айта кететін, алдыңғы айда сыбайлас жемқорлықтың тәуекелдерінің алдын алу мақсатында Түркістан облысының аудан-қалаларындағы білім беру ұйымдарында семинар өткен болатын.
Алдымен Түркістан мен Кентау қаласында және Сауран ауданында ұйымдастырылды. Содан соң Арыс қаласы мен Ордабасы, Отырар ауданында барлық білім беру ұйымдарымен «Адалдық құндылықтарын және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез құлықты дәріптеу тақырыбында» өткізілді.
Аталған семинарға Түркістан облысы әкімі аппаратының қоғамдық-саяси сала мониторингі бөлімінің басшысы Самат Расұл, Құқықтық актілерді сараптау және заңдылықты қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Әлжан Сапарбеков, Түркістан облысының білім басқармасының орталықтандырылған бухгалтерия заңгері Гүлмарал Сейіт, «Адалдық алаңы» жобалық кеңесінің жетекшісі Нұржахан Абуова қатысты. Сондай-ақ бөлім әдіскерлері, мектеп басшылары және педагогтер бой көрсетті.
Семинар барысында Сауран ауданының білім бөлімінің басшысы Ақмарал Батырбекова, Кентау қаласы білім бөлімінің басшысы Әділ Арысбайұлы мен Түркістан қаласы білім бөлімінің басшысы Оразгүл Қолдасова, Арыс қаласының білім бөлімінің басшысы Әшімхан Момбеков, Ордабасы ауданы білім бөлімінің басшысы Шұға Нұрабаева мен Отырар ауданы білім бөлімінің басшысы Жанат Мұсатаева «Білім беру саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі атқарылған жұмыстар туралы» тақырыбында баяндама жасады.
Семинардың соңында білім беру ұйымдарының басшыларына сұрақтар қойылып, білім саласындағы мәселелер кеңінен талқыланды.