ЖЕТІСАЙ: ДИРЕКТОРЛАР ДЕБАТЫНДА І ОРЫН ИЕЛЕНДІ

ЖЕТІСАЙ: ДИРЕКТОРЛАР ДЕБАТЫНДА І ОРЫН ИЕЛЕНДІ

Түркістан облысы мектеп директорларының арасында I өткен NTELLEKTUM DD2 облыстық турнирінде топ арасынан үздік шығып, І орын иеленгені үшін №7 “Тұран” мектеп-гимназиясының директоры Кожбанова Хадиша Нартайқызы және №49 “Сырдария” жалпы білім беретін мектеп директоры Еринбетова Гулжазира Налжигитовна марапатталды.
Еске саларлық, алдыңғы айда өткен Республикалық педагогтер съезіне Мемлекет басшысыда қатысқан болатын. Республикалық педагогтер съезін ашқан Президент әуелі білім беру саласының қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтады.
– Бүгін, шын мәнінде, өте маңызды жиын. Себебі ұстаз – ең алдымен, қадірлі маман. Ал ұстаз болу – қастерлі міндет. Бүгінде еліміздің болашағы жарқын болып, дамыған мемлекетке айналуы үшін мұғалімдер қауымы аянбай еңбек етіп жүр. Жалпы, кім-кімнің де жақсы адам, мықты маман болуы ұстазына байланысты. Ахмет Байтұрсынұлы «Біз елді түзеуді бала оқыту ісін түзеуден бастауымыз керек» деген. Ұлт ұстазының бұл сөзі қашанда орынды. Білім мен ғылым – табысқа жетудің ең басты кілті. Өскелең ұрпаққа тағылымды тәрбие және озық білім беру – өте маңызды міндет. Менің бастамаммен 2019 жылы «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданды. Кейінгі төрт жылда ұстаздардың жалақысы 2 есе өсті. Жақында балабақша тәрбиешілерінің айлығы 30 пайызға көбейді. Ұстаздардың еңбек демалысы ұзартылды. Мұғалімнің міндетіне кірмейтін артық жұмыстың бәрі алынып тасталды. Ұстаздардың кәсіби біліктілігін арттыру мәселесіне баса мән беріліп жатыр. «Болашақ» бағдарламасымен үш жылда 220-ға жуық педагог шетелде оқып келді. Мұғалім мамандығын таңдаған жастарға қойылатын талап күшейді. Осы саладағы студенттердің стипендиясы 2,5 есе көбейді. Бір сөзбен айтқанда, ең алдымен білікті ұстаз даярлау ісіне айрықша мән беріп отырмыз, – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, жаңа дәуірде мектептің жағдайы мем­лекеттің дамуына тікелей ық­пал етеді. Ал мектептің қан­дай болмағы ұстазға байланыс­ты. Бүгінде педагогика сала­сы ғылымның ең маңызды тар­ма­ғының біріне айналды. Сон­дықтан бұл салаға түбегейлі жаңа көз­қарас қажет. Заманауи техно­ло­гияның көмегімен білім беру жү­йесін жедел әрі тиімді жаң­ғыр­туға болады. «Білім сала­сын ең үздік халықаралық стан­дарт­тарға сай дамыту керек. Мұғалім­дер­дің қажырлы еңбегі және оқушы­лардың дарыны мен талабы нақты жемісін беріп келеді. Өрендеріміз ширек ғасырда әлемнің ең беделді пән олимпиадаларынан 12 мыңға жуық медаль иеленді. Бұл – Израиль, Түркия, Канада сияқты білім сапасы жоғары мемлекеттермен шамалас көрсеткіш. Осының бәрі – педагогтердің табанды ең­бектенгенінің жемісі.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, тағы бір маңызды міндет – қала мен ауыл мектептеріндегі білім сапасының теңсіздігін жою. Ауыл балаларының білім алу мүмкіндігі шектеулі екені баршаға мәлім. Бұған қажетті құрал-жабдықтың және білікті педагогтердің тапшылығы себеп болып отыр. Ауылдағы білім ошақтарының тең жартысы – шағын мектептер. Онда барлық пәннің мұғалімі бола бермейді. Бір сыныпта әртүрлі жастағы балалар оқиды. Мұның бәрі – жылдар бойы қордаланған түйт­кілдер. Оның көбі жұрттың жаппай қалаға көшуіне байланыс­ты туындады.
Мемлекет басшысының мә­лім­деуінше, жалпы, білім беру жүйесін мүлде жаңа деңгейге шығару үшін ауқымды цифрлық трансформация жұмыстарын жүргізу керек. Ең алдымен, 2027 жылға дейін интернет желісі әлі тартылмаған мектептердің бәрін жылдамдығы жоғары интернетке қосу қажет. Бұл ретте олардың әрқайсысында жергілікті желі орнатылуға тиіс. Бұл өзекті мәселені шешуге «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы септігін тигізеді. Сонымен қатар барлық мектеп оқушысына сапалы оқыту контенті бар озық цифрлық платформалардың, соның ішінде электронды оқулықтардың қол жетімділігін қамтамасыз ету маңызды. Бұл ретте барлық материал салалық сараптамадан мұқият өткізілуі керек.
Қазір мұғалім­дерді аттестаттау үдерісі жетіл­діріліп жатыр. Білім беру жүйесінің үздіксіз дамуы үшін барынша жағдай жасау керек. Әрбір ұстаздың еңбегі шәкірттерінің жетістігі­мен бағалануы керек. Бұл үшін мұғалімдерді ұлттық платформа негізінде аттестаттауды автоматтандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ол объективті әрі ашық болуға тиіс. Педагогика және оқыту әдістемесі бойынша тестілеу алынып тасталды. Мұғалімнің кәсіби құзыреттілігі тек модератор мен сарапшыға ауысқан кезде ғана өз пәні бойынша бағалана­ды. Еліміздің үздік мұғалімдері «Білім берудегі өзгерістің 1 000 көшбасшысы» республикалық кадр резервіне қабылдана алады. Ал ең мықтылары «Бола­шақ» бағдарламасы бойынша шетелдік тағылымдамадан өтуге жіберіледі.
– Біз қазіргі мұғалім имиджін, халық дәріптейтін «ұстаздың орны – төр» бейнесіне дейін қайта көтеріп, жаңғыртуға міндеттіміз. Осы мақсатта министрлік білім саласында 30 және одан да көп жыл еңбек еткен мұғалімдерді «Еңбек ардагері» медалімен марапаттау туралы шешім қабылдады. Алғаш рет Республикалық педагогика қызметкерлерінің ардагерлер кеңесі құрылды. Мұндай кеңестер еліміздің әр аймағында құрылады. Осы жасалған шаралар сіздердің еңбектеріңіз­ге, кәсіби шыңдалуларыңыз­ға қолайлы жағдай туғызып, балаларымыздың білім сапасын арттыруына себеп болатынына бек сенімдімін. Бізге бүкіл қоғамның тәрбиелік миссиясы жүктелді. Біз, ұстаздар, еліміздің оң имиджін насихаттайтын, саналы да толерантты, заманауи ұрпақ қалыптастырудың қозғаушы күшіне айналуға тиіспіз. Мектеп – жай ғана оқу орны емес, ол балаларға өмірдің ең маңызды құндылықтарын сіңіретін орын. Олар жоғары мәдениетке, отансүйгіштікке, еңбексүйгіштікке сусындап, өз еліне ризашылығын түсіне білу керек. Бұл үшін біз, ұстаздар, санамызды өзгертіп, даналық пен тектілік, жақсылық пен шығар­машылық адамына айналуымыз керек, – деді Ғ.Бейсембаев.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Үкімет отырысында Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Жұмысшы мамандықтары жылын өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілгенін және...