Түркістан қаласы білім бөліміне қарасты «№28 мектеп-лицей» оқушылары Түркияның Анталия қаласында өтетін «XV INTERNATIONAL OLYMPIAD IN ANTALYA» халықаралық олимпиадасына жол тартты. Аталған тақырыптағы халықаралық олимпиада 2009 жылдан бері мектеп оқушыларының арасында ағылшын, тарих, математика, география, биология, сурет өнері және орыс тілі секілді пәндерден өтіп келе жатқан білім жарысы.
Олимпиаданың басты мақсаты - үздік білім мен тәжірибе, шынайы дарын иелерін тану және табысқа жету жолына серпін беру.
Айта кететін, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында ғылым саласын дамыту туралы бірқатар тапсырма берген болатын.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің сайлауалды бағдарламасында ғылым елдің бәсекеге қабілетті болуына мүмкіндік беретін жаңа өндіріс технологияларына бағытталатынын айтты. Осы тұрғыда ғылыми нәтижелерді коммерцияландырудың маңыздылығын атап өткен жөн. Сәтті коммерцияландыру қосылған құнды арттыруға, бизнестің және тұтастай алғанда елдің бәсекеге қабілеттілігін нығайтуға мүмкіндік береді.
"– Соңғы бес жылда ғылымға бөлінетін қаржы 60 пайызға артты. Ал ішкі жалпы өнімдегі ғылымның үлесі, керісінше, 0,13 пайызға төмендеді. Бұл қаражаттың басым бөлігі, нақтырақ айтсақ, 70 пайызы бюджеттен бөлінеді. Сондай-ақ ғылымның түрлі саласын қаржыландыру ісінде өте үлкен теңсіздік бар. Қаражаттың 82 пайызы іргелі және қолданбалы ғылымға жұмсалады. Қалған 18 пайызы ғана тәжірибелік-конструкторлық зерттеулерге арналған. Елімізде ғылыми зерттеулерді іске жаратып, қолданысқа енгізетін өндіріс өте аз. Кәсіпорындардың 65 пайызы шикізат, металлургия саласында жұмыс істейді. Бұл – үшінші технологиялық деңгей деген сөз. Машина жасау, мұнай-химия саласындағы, яғни төртінші деңгейдегі өндірістің үлесі – 34 пайыз. Қалған 1 пайызы микроэлектроника, роботтандыру және IT салаларында немесе бесінші деңгейдегі технологиямен жұмыс істейді. Нано және биотехнологияға негізделген алтыншы деңгейдегі өндіріс бізде мүлде жоқ. Бұл жағдай көш соңында жүргенімізді көрсетеді. Ғылымның анағұрлым озық салалары бойынша тым артта қалып келе жатырмыз. Мен нақты цифрларды мысалға келтірдім. Оны мойындауымыз керек. Дамыған елдерде кәсіпорындардың тең жартысынан көбі – бесінші, ал 5 пайызы – алтыншы деңгейге жеткен. Бір сөзбен айтқанда, біздің өндірістеріміз олармен салыстырғанда артта қалған. Бұл айырмашылықты жою – еліміз үшін өте өзекті мәселе. Сондықтан ғалымдарымызға айрықша міндет жүктеледі. Ғылым саласы ұлттық экономиканы жаңғырту ісінде аса маңызды рөл атқаруға тиіс", – деген болатын Мемлекет басшысы.
Президенттің пікірінше, Үкімет Қазақстанда ғылымның ашық моделін қалыптастыру үшін кешенді шараларды жүзеге асыруы керек. Ең алдымен, ғылымды дамытудың жаңа тәсілдерін заң жүзінде бекітіп, мемлекеттің ғылыми-технологиялық және экономикалық саясатының өзара байланысын күшейткен жөн. Оның айтуынша, ғылым мен технологиялық саясат туралы арнайы заң әзірлеудің қажеттілігі туындады. Бизнесті ғылымға қаржы құюға ынталандыру үшін салық жеңілдіктері мен инвестициялық преференцияларды «ауқымды шегерімдер» түрінде енгізу қажет. Салық, Кәсіпкерлік және Бюджет кодекстеріне нақты нормаларды биылдан қалдырмай енгізу керек.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев ғылымды дамытудың жаңа үлгісіне сәйкес, Ұлттық ғылым академиясының рөлі ерекше болатынын айтты. Жақында Ғылым академиясына Президент жанындағы орган мәртебесі берілді. Оны қаржыландыру мәселесі шешілді. Академиктерге өмір бойы стипендия төленетін болды. Қасым-Жомарт Тоқаев ғылымның жаңа үлгісі мемлекет пен бизнестің әріптестігіне негізделуге тиіс екенін атап өтті.
Заманауи қоғамда отандық ғылымды дамыту - өзекті мәселелердің бірі. Алайда ғылым саласында жас мамандар өте аз. Президенттің айтуынша, Ғылым академиясына ғылымға жаны ашитын, ғылыми әлеуеті зор азаматтарды көптеп тарту қажет.
Өткен жылғы «XIV INTERNATIONAL OLYMPIAD IN ANTALYA» олимпиадасында жеңіспен оралған «№28 мектеп-лицей» ұжымы биыл да 12 оқушымен олимпиадаға аттанды.
Әріптестерімізге ақ жол, олимпиадада бақ сынайтын оқушыларымызға сәттілік тілейміз.