Tұрғындар мен туристерге де жақсы әсер сыйлау қала орталығы мен үлкен көшелердің көркеюі маңызды. Бүгінде Түркістанды көгалдандыру жұмыстары күн тәртібіндегі мәселеге айналды. Осыған сай, аптап пен аңызақта қаланы көгалдандыру жұмыстары туризмді дамытып қана қоймай, Түркістан аумағын көгалдандыру, ауа райын жақсартуға да оң серпін беретіні анық. Мәселен облыс орталығында көгалдандыру жұмыстарымен қоса тазалық шаралары қатар жүреді. Киелі шаһарда бұл бағыттарда жүйелі жұмыстар жүзеге асырылып жатқаны жасырын емес. Айталық, әр аптаның сенбі күні қала
тазалығына арналады. Сенбілік таза ортада өмір сүремін деген елдің алғы қадамы деуге болады.
Бүгінде Түркістанда көптеген саябақтар мен тынымбақтар бой көтеруде. Алайда, айтуға оңай соққанымен, жайқалған жасыл желектерді баптау жұмыстарының оңайға соқпасы белгілі. Осындай жауапты жұмыстар жүктелген мекемелердің бірі ретінде «Түркістан жарық-тазалық» ЖШС атауға болады.
«Түркістан жарық-тазалық» ЖШС 1998 жылы өз жұмысын бастады. Қаланың басты белсенді күшіне айналған бұл мекемеде бүгінде жалпы саны 315 қызметкер жұмыс атқарады. Қазір адам күшімен қатар техникалардың қауқарын ескеретін болсақ, мекемеде жұмысқа арналған жалпы саны 48 автокөлік бар. Қала бойынша мекеме 168 көшенің тазалығына жауапты. Сондай-ақ, 6 дана көше жуатын автомеханикамен қоса 20 дана қоқыс таситын автокөлік тіркелген.
Жауапты мамандардың айтуынша, аталған мекемеде қала тазалығы бойынша 260 жұмысшы қызмет етеді. «Тазалық табалдырықтан басталады» демекші, киелі шаһардың шырайын келтіретін жұмыстар қашан да қарқынды. Тарқатып айтсақ, мекемеде жаз айларында жұмыс уақыты таңғы 07:00 ден кешкі 19:00 аралығына дейін жалғасады.
— Сонымен, бүгінде Түркістан қаламыздың облыс болып көркейіп туристік аймаққа айналуына байланысты қала тұрғындарына тазалық бойынша түсіндірме жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде. Сонымен қатар, телеарна, баспасөз, газет беттеріне жариялап отырмыз. Алайда қазіргі таңда тазалық қоғамның маңызды мәселесіне айналып отыр. Осыған байланысты тұрғындардан арыз-шағымдар жиі түсуде. Дегенмен қала тазалығы барлық адамды толғандыратын мәселе болуға тиіс. Айналаны ластамауға қоғам болып жұмылсақ таза мекенде өмір сүреріміз сөзсіз. Алайда тұрғындар тарапынан көтерілген шағымдар аясында мекеме қызметкерлері тиянақты жұмыс атқарып келеді. Байқасаңыздар, адамдардың басым бөлігі әлі тәтті ұйқыда жатқанда мекеме жұмысшылары таңмен жарысып, бірі көше бойын сыпырса, енді бірі көшені сумен жуып шығады, ал енді біреулері газон шөптерін қырқып, гүлдер мен талдарды суарып жатады. Еңбек адамдарының жұмысы көзге көрінбегенімен, оның артында қаншама күш пен шыдамды топ бар екенін ұмытпауымыз керек. Түркі жұртының астанасы Түркістанға рухани азық іздеп келетін туристер саны жыл сайын артып келеді. Осыған байланысты қаланың таза болуы маңызды рөл атқарады. Сырт көз әрине сыншы ғой, қаламызға нашар көзқарас қалыптасқанын ешкімде қаламайды. Тазалық көбінесе мәдениеттілікпен өлшеніп жатады. Сол себепті қоғам болып тазалық шараларын ұдайы ұстануға тиіспіз. Тұрғындар да қала тазалығына үлес қосса екен деген өтінішіміз бар, — дейді мамандар.
Айта кетерлік тағы бір жайт, қаланың жасыл қорын жобалау, қайта құру және дамытудың жаңа технологияларын пайдалануда су мен коммуналдық шығындарын азайтуға арналған жұмыстар да өз нәтижесін беруде. Мәселен, саябақ, гүлбақ секілді нысандарын күтіп-баптау кезінде барынша коммуналдық шығындарды азайту жоспардағы басты жетістік десек болады. Қаламыздағы қарапайым қызметкерлердің қажырлы еңбегінің нәтижесінде Түркістанның күннен-күнге көркі кіріп келеді. «Ағашты көлеңкелеген еккенге рахмет айтады» демекші, күндіз-түні киелі шаһардың әр бөлігінде тынымсыз еңбек етіп жатқан жұмысшылар нағыз бейбіт күннің батырлары десек артық емес шығар.
Төрт бағытты мақсат еткен «Түркiстан жарық-тазалық» ЖШС мекемесi қазіргі таңда қаланың тазалығын сақтау, түнгi мезгiлде жарықшамдардың үздiксiз жанып тұруын қадағалау, қаланың абаттануы мен аяқ жолдардың тазалығын сақтау және зираттарды таза ұстау болып табылады. Аталған жұмыс орнының тағы бір жетістігі — екінші, үшінші санаттағы мүгедектігі бар адамдарды толықтай жұмыспен қамтуы. Бүгінде 40-қа жуық тазалықшы аталған мекемеге жұмысқа тұрып, киелі қала келешегіне адал қызмет атқаруда. Таңмен таласып Түркістан тазалығына талмай еңбек ететін жұмысшылардың бірі:
— Аптасына бес күн жұмыс бекітілгенімен, кейде сенбі және жексенбі күндері де жұмысқа шығып, жасыл желектердің жағдайын бақылап, уақытылы суарылуын да бақылап тұрамыз. Себебі біздің жұмысымыз тиянақтылықты талап етеді. Бұл біздің Түркістан алдындағы борышымыз деп санаймыз. Әрбір осы қаладағы тұрғын да жайқалған, гүлденген саябақтар мен көрікті көшелерге аса жауапкершілікпен қараса деген тілегіміз бар, — дейді.
Осы орайда қала тұрғындары мен қонақтарына ескертетін нәрсе — тазалықты сақтау тек тазалықшылардың ғана міндеті емес, бұл қоғамның ортақ жауапкершілігі. Жауапкершілікті, түркілер төрінің таңғажайып бейнесіне деген адалдықты әркім жадынан шығармауы тиіс. Қазақ тағылымында «әдепсіз өскен адамнан, тәртіппен өскен тал артық» деген нақыл бар. Ескіден қалған өнегеден саналы ұрпақтың саулығы мен саялы табиғаттың саулығы ең маңызды міндет екенін ұғыну қиын емес. Осы игілікті жолда тынымсыз еңбек етіп жатқан «Түркістан жарық-тазалық» ЖШС үлесі зор болмақ. Жәдігер қаланың заманға сай жандануы жолында жұмылып іс жасауға баршамыз атсалысайық!
Түркістан шаһарының шырайы күн санап артып келеді. Өйткені қаланың сәулеттік келбетін арттырып, көркіне көрік қосатын саябақтар мен гүлзарлар ашу белсенді түрде жалғасып жатыр.
Айта кететін, қалалық құрылыс бөлімінің тапсырысы бойынша салынған дендросаябақтың басты мақсаты — шаһарды абаттандыру және қала тұрғындары мен қонақтары үшін серуендеуге қолайлы жағдай жасау, сондай-ақ, Түркістан қаласында жасыл желектердің санын көбейту.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, аталған саябақ 2022 жылы тұрғындарға пайдалануға берілген. Құрылысына 717,7 миллион теңге жұмсалған саябақта алдағы уақытта атқарылатын жұмыстар көп.
Жалпы ауданы 28 мың шаршы метрді алып жатқан демалыс орнында жаз айларында түркістандықтар мен қала қонақтарына жаяу жүріп, таза ауада тыныстап, велосипед теуіп, көңіл көтеріп қайтуға мол мүмкіндіктер қарастырылған.
Саялы орын жыл сайын түрленіп, гүлденіп келеді. Биыл да жаңарту жұмыстары қарқынды жүрді. Бір жыл бұрын ашылған бұл жасыл желекті аймақ тұрғындардың сүйікті демалыс орнына айналып үлгерді. Мұнда гүл мен ағаштардың көптеген түрі өседі. Ал, әсем орынды жарықтандыру мақсатында 1026 жарықшам орнатылған. Сонымен бірге, мұнда 480 дана арнайы орындық халықтың қолданысына берілген. Мұндағы көз тартар әдемі көріністер көздің жауын алып, тартымдылығымен өзіне баурай түседі. Сол үшін де демалыс бағын аралап, серуен құрған тұрғындар көп. Қыздар құрбыларымен сыр бөлісіп, студент жастар достарымен, аға буын өкілдері туыстарымен келсе, өмірге бірлесіп қадам басқан бақытты жұптар саябақтың негізгі қонақтары.
Саябақтың тазалығы мен қауіпсіздігін қадағалап отыратын арнайы жауапты өкілдер жұмыс жасайды. Соған орай, қонақтарға қоқыс тастауларына ыңғайлы етіп 400-ге жуық қоқыс жәшігі қойылған. Ауасын жұтып, суын ішіп жатқан қоршаған ортамыздың тазалығы үшін бәріміз жауаптымыз.
Қоғамдық кеңістіктің аумағында 13 218 ағаш, 5 552- ге тарта бұталар егілген. Саябақ аумағы әлі де жетілдіріліп, толықтырылатынынан да хабардар болдық. Себебі, қала тұрғындары мен қонақтары бос уақыттарын денсаулықтарына пайдалы етіп өткізетін орындардың санын көбейту аса маңызды.
Осындай демалыс орындарының ішінде қазақ ұлтының қос алыбына арналған қос аллеяның ойып тұрып алар орны бары сөзсіз. Төрелігі түркі жұртының темірқазығына айналған Төле би, қазылығы қазақ елінің қазынасына баланған Қазыбек биге киелі мекеннен саябақ ашылмауы әбестік болар еді. Олай болса, шаһар тұрғындарының серуен құрар сүйікті жерлеріне айналған әсем тынығу орындары жайлы ақтара жазсақ.
Жалпы аумағы 7 гектарды алып жатқан Төле би саябағы қарт қаланың ең маңызды территорияларының бірінде орын тепкен. 5 гектар жері көгалдандырылған жасыл желекті аймақта 2000 түп тал егілген. Дәлірек айтар болсақ, 1 260 дана терек талы, 200 дана айлант, 340 дана қарағаш, 100 дана шынар мен 100 дана үйеңкі ағашы аталған демалыс орнының ажарын ашып қана қоймай, ауасының тазара түсуіне әсер етіп тұр. Ұңғыма арқылы суарылу жүйесі жасалған бұл маңда 1000 дана гүл шоқтары егілген. Сарқырап аққан салқын фонтандары жаздың аптап ыстығында таптырмас сая. Сонымен қатар, балалар үшін ойын алаңшалары да орын тауып, жанға жайлы демалыс үшін бар жағдай жасалған деуге толықтай негіз бар. «Түркістан жарық-тазалық» ЖШС мердігерлік еткен саябаққа Төле би бабамыздың есімі берілгені орынды. Себебі, бұл тынығу орнының өзі де Төле би көшесінде орналасқан.
Аллея 2020 жылы Түркістан қаласы әкімдігінің инфрақұрылым және коммуникациялар бөлімінің тапсырысына сәйкес, «Түркістан жарық-тазалық» ЖШС-нің мердігерлігімен құрылысы жүрген. Жалпы аумағы 0,20 гектарды құрайды. Бұл жерде 200 м2 аяқжол, 20 дана жарықшам, 20 дана орындық және 20 дана қоқыс жәшігі орналастырылған. 600 м2 жер көгалдандырылып, сонымен қатар, балалар ойын алаңшасы, футбол алаңшасы және street workout-пен жабдықталған. Аллеяға кіреберісте орналасқан әсем аркалары да аталған тынығу орнының ажарын аша түскен. Қазіргі таңда «Жасыл Түркістан» КММ тарапынан күтіп ұстау жұмыстары жүргізілуде.