БАСТЫ МАҚСАТТАРДЫҢ БIPI ШАХАРДЫҢ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫН ЖАҢҒЫРТУ

БАСТЫ МАҚСАТТАРДЫҢ БIPI ШАХАРДЫҢ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫН ЖАҢҒЫРТУ

Қаланың инфрақұрылымын жаңғырту, оның ішінде жолдарды қалпына келтіру және оны күрделі жөндеуден өткізу аса өзекті мәселе екені даусыз. Облыс орталығы атанып, көз ілестірмес жылдамдықта дамып келе жатқан Түркістанда аталмыш мәселе ретімен шешілуде. Бұл бағытта көлік құрылымы, жол, тас төсеу, асфальт салу, жарықшамдар, аялдамалар орнату және қоғамдық көлік қызметін заманауи үлгіде қалыптастыру мәселесі – жауапты сала мамандарының әрдайым назарында. Айта кетейік, соңғы жылдары қаланың әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан даму көрсеткіштерінің жоғарылауы – аталмыш саланың қызметін жетілдіруге, тұрғындардың сұранысына сай оңтайландыруға септігін тигізуде.
Жол-көлік инфрақұрылымын дамыту бағытында атқарылған және де осы күнде қызу қайнап жатқан жұмыстарымыз жетерлік. Оларға нақты тоқталып өтсек, 2022 жылғы Түркістан қаласында жүргізілген жолдың құрылыс және орташа жөндеу жұмыстары нәтижесінде жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 333,6 шақырым (39,5 %) құрағанын еске сала кетейік.
Ал 2023 жылдың қорытындысымен, орындалған орташа жөндеу жұмыстарының нәтижесіне сәйкес, алдағы уақытта 399,34 шақырым (47,2%) асфальт жолды, 445,6 шақырым (52,8%) тас жолды құрайтын болады.
Жол саласы бойынша 2022 жылы қала аумағындағы сарқынды су жүйесі жүргізілген, сонымен бірге, қоғамдық көліктер қатынайтын 46,4 шақырымды құрайтын 40 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарға алынды.
Қазіргі уақытта, соның 24,1 шақырым құрайтын 23 көшесінде, тұрғындардың назарына ұсыну үшін жекелей айта кетер болсақ, Қызылкөл, Сарыжылға, М.Төлебаев, Әубәкір қары, Ы.Алтынсарин, Қазыбек би – А.Юсупов аралығындағы көше, Асан қайғы – Құрбан ата аралығындағы көше, Хақназар хан – Қазыбек би көшелері аралығы, Саққорған, Айтуар би (Алтынемел, Алаша байтақ жырау және Саққорған көшелер аралығы), Тартоғай, Алаша байтақ жырау, А.Ахметов, Бабай батыр, Хақназар хан, Құрбан ата, О.Тілепов, Әйтеке би, Қ.Әзербаев, Ж.Усманов, Еділ, Дулыға батыр – Құмтүйін тас жолы аралығындағы жол, Абақ батыр көшелерінде орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қалған 17 көшеде орташа жөндеу жұмыстары 2023 жылдың соңына дейін аяқталады деп күтілуде.
Сондай-ақ, 2023 жылы қала аумағындағы 34,3 шақырымды құрайтын 24 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, көше тұрғындарын қуантқан болатын.
Жалпы 2023 жылы өтпелі нысанды қоса есептегенде, орташа жөндеу жұмыстары 65,74 шақырымды құрайтын 48 көшеде жүргізіліп, нәтижесінде жақсы жағдайдағы жолдар үлесі 47,2% құрағанын айтқымыз келеді.
Өткен 2022 жылы жоспарланған Ә.Жангелдин, І.Қожабаев көшелерінің, Қазыбек би – О.Жарылқапов аралығындағы жолдың және Қалаби көшелерінің құрылыстары бастау алды.
Құрылыс жұмыстары барысында жүріс бөлігі 4 жолақты жолға кеңейтіліп, жарықтандыру жүйесі, аяқжол, веложол, суағар науа, көпір құрылысын салу жұмыстары жүргізіледі. Оның жалпы ұзындығы 18,9 шақырымды құрайды. Нысандар 2023 жылға өтпелі.
Нысан іске асқан жағдайда, индустриалды аймақтан шығатын ауыр жүк көліктерінің және Балтакөл бағытынан келетін жүргізушілердің Шымкент тас жолына тікелей шығуына, қаланың ішкі көшелеріндегі көлік кептелісінің азаюына ықпалы тиетіні сөзсіз.
Сонымен қатар, ағымдағы жылы жаяу жүргіншілерге арналған 2 көпірдің құрылысы бастау алды. Олар: Бекзат мөлтек ауданы, Теміржол вокзалы аумағына орнатылатын жаяу жүргіншілер көпірі мен Бекзат мөлтек ауданы, Түрік ауылының аумағына орнатылатын жаяу жүргіншілер көпірі.
2023 жылы Түркістан қаласы әкімдігінің тарапынан қала аумағындағы топырақ жолдардың санын азайта отырып, тас төселген көшелердің саны мен сапасын арттыру мақсатында 89,6 шақырымды құрайтын 94 көшеге тас төсеу жұмыстары жоспарланғанын да айта кетейік. Сондай-ақ жоспарға сәйкес, қала аумағындағы 6 секторда ақпан айынан бастап тас төсеу жұмыстары басталған болатын. Қазіргі таңда 84 шақырымды құрайтын 88 көшеде тас төсеу жұмыстары жүргізілді.
Киелі Түркістанды қауіпсіз қала ету басты мәселелердің бірі. Бұл түрленген шаһардың туристік әлеуетін арттырудың негізгі тетіктерінің бірі. Қаланың ажарын ашып, сәнін келтіретін зәулім ғимараттар мен жайлы демалыс орындары ғана өсудің бірден-бір жолы деп қарауға болмайды. Әлемдік туризмнің бірегей ордаларына баланатын сіз бен біз білетін Париж, Лондон, Дубай сынды мегаполистер тек тамаша табиғатымен немесе көздің жауын алар нысандарымен ғана ерекшеленбейді. Ондағы тәртіп те таңдай қағып, таңырқай қарауға сеп болары сөзсіз. Сондықтан да, түбі бір түркі елдерінің атажұртына айналған Түркістандағы тәртіп саласына да мән берілуі кезек күттірмес мәселе.
Осы орайда шаһардағы жол белгілері мен бағдаршамдардың біршама көбейіп, бейнежазба камераларының арта түсуі алға жасаған алып қадам деуге толықтай негіз бар. Әр 300 метр сайын басқан қадамыңды байыппен басуға итермелейтін «Сергек» бақылау камералары тәртіпке бағынғанның құл болмайтынын үйретіп, жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің ақыл тоқтатып, абайлап жүруіне өзіндік әсерін тигізгені жасырын емес. Қызыл көзі көптің үрейін алып, сары көзі сақтыққа үйретіп, жасыл көзі жан-жағына жалтақтап жүруге демеу болған бағдаршамдар саны да ай санап артып келеді. Сөзіміздің дәлелі ретінде ағымдағы жылы орнатылуға жоспарланған су жаңа 5 бағдаршамды айтсақ болады. Оның біреуі көпшіліктің сұрауы бойынша Әмір Темір мен Сұлтанбек Қожанов көшелерінің қиылысында орын теуіп үлгерді. Ал, 2022 жылы Түркістан қалалық полиция басқармасының нұсқаулығымен 7 жерге жаңа бағдаршам орнатылған. Жалпы, шаһарда 77 бағдаршам жол тәртібінің бұзылмауына септігін тигізіп тұр. Осы тұста, қарт қаламызда бағдаршамдардың 3 түрі жұмыс жасайтынын айтуға болады. «Х» тәрізді және «Т» тәрізді бағдаршамдармен қатар, жаяу жүргіншілерге арналған бағаналарда өз қызметін қалтқысыз атқарып тұрғанын тілге тиек етпекпіз.
Жол тәртібінің тағы да бір айнымас бөлігіне жол белгілерін жатқыза аламыз. Бүгінгі таңда қалада 7000-ға жуық жол белгісі орнатылған. 2022 жылы 1846 жол белгісін, ал ағымдағы жылдың басынан бері 1237 жаңа жол белгілерін Түркістан қалалық әкімдігіне қарасты «Жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары» бөлімі орнатқан. Бұл жайында бөлімнің бас маманы Ардақ Бақдәулет редакцияға берген сұқбатында баян етті. Сонымен қатар, сала маманы шаһар тұрғындарының жол белгілерін бүлдіру фактілері тіркелетінін жасырмады. Әсіресе, қала орталығынан алшақтау орналасқан көшелерде мұндай қиындықтар жиі кездесетін көрінеді. Бұзақылар жол белгілері тақтайшаларын майыстырып кетуі, тіпті, әдейілеп бұрамалы болттарын ажыратып тастайтындар да анықталған.
Қоғамдық тәртіптің тағы бір ажырамас бөлігі — жол бөлу сызбалары. Бұл бағытта да жұмыстар бір сәтке де тоқтаған емес. Мәселен, өткен жылы 70 көшеге жаңа жол бөлу сызықтары түссе, 2023 жылы 60 көшенің жол бөлу сызығы жаңаланған. Бұл жұмыстар жыл сайын көктем және күз мезгілдерінде дәстүрлі түрде жүргізіліп келеді. Қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысты жасанды жол кедергілері де арта түскенін айтуымыз керек. Ашып айтар болсақ, биылдың өзінде қала көшелеріндегі 20 нүктеге жаңа жасанды кедергі орнатылып үлгерген. 2022 жылы бұл меже 21-ге жеткен көрінеді. Негізінен кедергілердің өзінің орнатылу тәртібі барын айта кеткен жөн. Дәлірек айтсақ, жасанды жол кедергілері жаяу жүргіншілер көп жүретін аумақтарда, балабақшалар мен мектептер жанында орнатылады.
Түркістанда 65,7 шақырымды құрайтын 48 көшеде орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ә.Жангелдин, І.Қожабаев, Қазыбек би — О.Жарылқапов көшелерінің аралығы және Қалаби көшесі құрылыс жұмыстары барысында жүріс бөлігі 4 жолақты жолға кеңейтіліп, жарықтандыру жүйесі, аяқжол, веложол, суағар науа, көпір салынады.
Ұзындығы 7,4 шақырымды құрайтын жол қала тұрғындарының бірнеше бағытта жүруіне мүмкіндік береді. Сондай-ақ құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін, қаланың орталық көшелеріндегі көлік кептелістері азайып, қала тұрғындары үшін жаңа қоғамдық көлік бағыттары ашылады.
Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында әлеуметтік нысандарға (мектеп, балабақша және т.б.) баратын және соларға қосалқы жатқан 43 көшеге аяқжол салынып жатыр.
Түркістандағы құрылыс нысандарын аралаған облыс әкімі шаһарды сумен қамтитын «Түркістан-Су» мекемесінің жай-күйімен танысты. Мамандардың айтуынша, 27 КНС және сарқынды су тазалау ғимаратының сумен жабдықтау және кәріз жүйелері жөндеуді қажет етеді.
Түркістан қаласының 40 мыңға жуық тұрғыны мен 629 әлеуметтік нысандарға 24 сағат тоқтаусыз таза сумен қамтамасыз етіп отырған кәсіпорын. Қазіргі уақытта 1965-1982 жылдардан бері салынған су құбырлары бюджет есебінен алмастырылып жатыр. 10 сарқынды су насос станциялары ағымдағы жөндеуден өткізіліп, жаңа насос және желдеткіш қондырғыларымен қамтамасыз етілуі қажет.
Бүгінгі таңда Түркістан қаласы ауыз сумен толық Кентау-Түркістан су топтамалары арқылы «Ащысай-су» МКК-нан қамтамасыз етіліп отыр.
Бұдан бөлек, қаладағы тағы бір мәселеге тоқсалсақ па дейміз. Бұл да облыс әкімінің назарындағы жағдай дегіміз келгені ғой. Қазіргі таңда, қаламыздағы білім нысандарының бірқатары қайта жаңғыртуды қажет етеді. Рас, Түркістан қаласында жыл өткен сайын білім нысандарының саны арта түсуде. Әсіресе жеке кәсіпкерлер есебінен бой көтерген мектептер шаһардағы мектеп сыйымдылығы тұрғысында туындаған мәселелерді шешуге сеп болуда. Десе де қаланың кей аймақтарында жеке мектеп-балабақшаларға сұраныс аз болғандықтан ба, мемлекеттік білім мекемелері тұрғындардың қажеттілігін өтеп отыр. Бірақ, бұл бағытта сапалы білім беруде көнерген мектептердің әлеуеті төмен болып тұр. Түркістан облысы демографиялық өсімі жоғары өңір екені анық. Өңірде мың мектепте 500 мыңнан астам оқушы білім алуда. Сол білім ұяларының 121-і күрделі жөндеуді қажет етеді. Түркістан қаласының аумағында 42 мың оқушыны қамтитын 34 мектеп бар. 7 мектеп ескірген.
Жалпы абаттандыру жұмыстары Түркістан қаласының даму бағдарламасына сәйкес, кезең-кезеңімен жүргізілетін болса, 2025 жылдың соңына қарай халық көп шоғырланған аумақтар мен көп қабатты үйлердің алды толығымен абаттандырылып, қала тұрғындары мен қонақтарына қолайлы жағдай жасалмақ. Қала ішіндегі 22,5 шақырымды құрайтын ирригациялық арықшалар іші қала әкімдігіне қарасты мекемелер тарапынан толықтай тазаланып, қазіргі таңда су қабылдауда. Қала ішіндегі көгалдарға және басқа да қажетті аумақтарға су апару үшін қажеттілігіне қарай «Жасыл Түркістан» мекемесі қызмет атқаруда. Тал-дарақтарды суаруға жаз маусымында су жетіспей қалады. Бұл мәселені шешу мақсатында қала бойынша жасыл алқапты суарудың гидрантты жүйесіне көшірілген. Қала көлемінде гидрантты жүйемен суғару жұмыстары 10 кезеңге бөлінген. Бұл бойынша да жүйелі жұмыстар жүріп жатыр екен. Бұл суды үнемді пайдалануға мүмкіндік беретін тиімді суару әдісі. Яғни: су буға айналып азаймайды, жол жөнекей жерге сіңіп, соңына жетпей қалмайды, суарылатын нысандарға нақты, шығынсыз жетіп отырады.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев аса көрнекті жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мұхтар Мағауиннің дүниеден өтуіне байланысты оның отбасы мен...

Өңірлік саясатты жетілдіру және өңірлердің теңгерімді әлеуметтік және экономикалық дамуын қамтамасыз ету мақсатында вице-премьер Қанат Бозымбаевтың...