ТҮРКІСТАННЫҢ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫН ТИІМДІ ЖАҚСАРТУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАЛҒАСЫН ТАБУДА

ТҮРКІСТАННЫҢ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫН ТИІМДІ ЖАҚСАРТУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАЛҒАСЫН ТАБУДА

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев өз Жолдауында ең алдымен қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған бірқатар қосымша бастамаларды, соның ішінде көгалдандыру, абаттандыру, инфрақұрылым жұмыстарын жақсарту жұмыстарын қолға алуды тапсырған болатын. Бүгінде осы бағытта Түркістан қаласы аумағын көгалдандыру, абаттандыру, инфрақұрылымын жақсарту жұмыстары сапалы атқарылуда. Кезекті рет тарихи шаһардағы маңызды нысандарды аралаған Дархан Сатыбалды жауаптыларға арнайы тапсырма беріп, әкімшілік-іскерлік орталығындағы 7 және 30-көше бойындағы саябақтың құрылысын қадағалады.
Саябақтың аумағы – 10,5 гектар. Көгалдандыру алаңы 61 мың шаршы метр болса, ойын алаңшалары мен спорт алаңшалары да салынбақ. Сонымен бірге 2 мыңнан астам ағаш отырғызылып, 300-ге жуық жарықшам орнату көзделген. Белсенді өмірге бастайтын саябақта тұрғындар мен қонақтарға тынығуға жағдай жасалады.
– Жұмысты жоспарға сай сапалы атқарыңыздар. Аяқжолдар, абаттандыру жұмыстары талапқа сай болуы тиіс. Ауа райының ерекшелігін білесіздер. Осы аумаққа жерсінетін акация, тұт, қарағаш және өзге де төзімді ағаштарды көптеп егу керек. Егіп қана қоймай, жан-жағын байлап, дауылдан қорғаған жөн. Әсіресе, көлеңке беретін жапырақты ағаштарға басымдық берілгені дұрыс, – деген Дархан Сатыбалды жауапты басшылар мен мердігерге нақты тапсырмалар берді.
Мұнда қазіргі таңда ағаш отырғызу, резервуар және скважина жүргізу, аяқжолдар тақтайшаларын орнату, топырақтарды тегістеу, газон егу, суғару жүйелерін жүргізу жұмыстары атқарылып жатыр. Одан кейін Түркістан қаласы үшін аса маңызы бар І.Қожабаев көшесіне жол төсеу барысы да сарапталды. Жолдың ұзындығы – 5,6 шақырым, санаты – жалпықалалық 4-6 жолақты магистралды жол. Құрылысы былтыр басталған жол биыл күзге дейін тапсырылады деп жоспарланып отыр. Сонымен бірге мамандар «Арыс-Түркістан» каналының бойына қауіпсіздік баспалдақтарын орнату жобасы туралы да айтып берді. 19 шақырымға жуықтайтын каналдың әрбір 500 метрі сайын арнайы ескерту белгісі мен қауіпсіздік баспалдағы орнатылады деп межеленген. Өңір басшысы жол құрылысын сапалы етіп аяқтауды, құрылысын қатаң бақылауды тапсырды. Қалада халық саны өсетінін, осыған сәйкес инфрақұрылым да дамып отыруы керек екеніне тоқталды.
Облыс әкіміне «Ащысай су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының жұмысы таныстырылды. Су резервуары – Түркістан, Кентау қалаларын ауыз сумен қамтитын стратегиялық нысан. Қазір бұл резервуар талапқа сай жұмыс істеп тұр. Мамандар су құрамын, сапасын тұрақты түрде тексеріп, зерттеп отырады. Халық саны артуына немесе су тұтыну көлемінің күрт артуына да арнайы жоспар жасалған. Су қоры жеткілікті. Дархан Сатыбалды су нысанының талапқа сай жұмыс істеуі маңызды екеніне тоқталып, қажет болса, қосымша қолдау көрсетілетінін жеткізді.
Инфрақұрылым саласына қатысты Түркістан облысында «Парктер шеруі» экологиялық ауиясы іске қосылды. Туған жер табиғатына ұқыпты қарауды насихаттау, экологиялық мәдениетті дамыту және құқықбұзушылықтың алдын-алу мақсатын көздеген жыл сайын дәстүрлі түрде «Парктер шеруі» экологиялық акциясы өткізіліп тұрады. Аталған акция барысында Сырдария-Түркістан мемлекеттік өңірлік табиғи паркі аумағында су айдындарын тазалау, тораңғы ағашын, қызғалдақ гүлін, жабайы аңдарды қорғау секілді шаралар өткізіледі.
Айта кететін, жалпы спорт саласы елімізде кең қолдауға ие. Саланың дамуына, бұқаралық спорт қозғалысын арттыруға, спорттағы жетістіктерді ынталандыруға бағытталған көптеген шаралар ұйымдастырылуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған жолдауында бұқаралық спортты дамытуға тапсырма берген болатын. Ал, бұқаралық спорттың жағдайы мен дамуы қажетті спорттық инфрақұрылымның болуына байланысты екені белгілі.
Еске саларлық, Түркістан облысында қысқы спортпен кәсіби айналысуға мүмкіндік жасалды. Облыс орталығында Қазақстан Республикасының Конституциясы күні қарсаңында заманауи «Мұз сарайы» пайдалануға берілген болатын.
Нысанының ашылуына Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалды қатысып, спорт жанашырларын құттықтады. «Түркістандықтар осы қысқы спорт түрлерін жақсы меңгеріп, алдағы өтетін республикалық және халықаралық жарыстарда жоғары нәтижелерге қол жеткізеді деген үміттемін. Жаңа спорт кешені баршамызға құтты болсын. Осы спорт кешенінен мықты спортшылар шығып, қасиетті Түркістанды барша әлемге таныта берсін», – деді Дархан Сатыбалды.
Сол шараға сондай-ақ Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, 2014 жылы Сочиде өткен қысқы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Денис Теннің анасы Оксана Тен қатысып, түркістандықтарға жылы лебіздерін арнаған болатын.
Мұз сарайының ашылу рәсімінде Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан келген мәнерлеп сырғанау спорты шеберлерінің көрсетілімі көпшілік назарына ұсынылды. Шайбалы хоккейден Қызылорда қаласының «Қайсар» және Шымкенттің «Тұран» жасөспірімдер командаларының арасындағы жолдастық кездесуі өтті. Ал, Мұз сарайының директорының міндетін атқарушы Данияр Исабаев кешенде қандай спорт түрлерімен шұғылдануға болатынын айтты.
Айта кетейік, 1200 орындық Мұз сарайы 2 га аумақта орналасқан. Мұз сарайында қысқы спортты дамытуға барлық жағдай жасалған. Екі қабатты спорт нысанында шорт-трек, мәнерлеп сырғанау және хоккей секілді спорт түрлерін дамыту көзделген. Керекті құрал-жабдықтар арнайы Италия, Канада, Финляндия елдерінен тапсырыспен алынған.
Түркістан облысында 2 миллионнан астам тұрғын бар. Ал, Түркістан қаласының өзінде тұрғындар саны 220 мыңнан асты. Өңірде демографиялық өсім жоғары. Сондықтан өскелең ұрпақты спортқа баулу аса маңызды. Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарына сәйкес облыс орталығында 7000 орынды Түркістан-арена стадионы, көпфункционалды «Олимпик Центр» спорт кешені, «Теннис орталығы», Олимпиада резервін даярлайтын орталықтың спорт кешені, 7 ашық үлкен теннис корты, заман талабына сай 75 ойын алаңы, 45 балалар алаңы, қала тұрғындары мен қонақтарына арналған 51 шақырымдық веложол салынды.
Өңірде өткен жылдың қорытындысы бойынша 4643 спорт ғимараты жұмыс істеді. Оның ішінде, 21 стадион, 1 спорт сарайы, 2 құрама командалардың оқу-жаттығу орталығы, 41 спорт кешені, 103 спорт манежі (102 футбол манежі, 1 ат манежі), 1 шаңғы базасы, 135 атқыштар тирі, 16 теннис корты, 2 ипподром, 22 жүзу бассейні (50 метрлік – екеу, 25 метрлік – 20, 25 метрден аз – 7), 998 спорт зал, жазықтықты құрылғылар 3256 (6 спорттық ядролар, 2350 спорттық алаң, 900 алаң) және 45 жапсарлас спорттық залдар бар. Биылдың өзінде Түркістан облысының 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспарына сәйкес, облыс орталығында «Теннис орталығы», «Ескек есу каналы» пайдалануға берілді. Сондай-ақ, 2022-2024 жылдар аралығында «Ә.Нұрмаханов атындағы олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің спорт кешені», «Дарынды балаларға арналған облыстық спорттық мектеп-интернаты», «Жоғары шеберлік спорт мектебі», «Облыстық медициналық дене шынықтыру диспансері», «Түркістан қаласының олимпиадалық резерв мектебі», сондай-ақ «Ат спорты кешені» сияқты бірқатар қазіргі заманғы үлгідегі спорт нысандарын пайдалануға беру жоспарда бар.
Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы мамандары спортшыларды ынталандырудың бірнеше жолы барын айтады. Спортшыларды ең бастысы жаттығу жасайтын орындарын, спорттық құрал-жабдықтармен, спорттық киімдермен қамтамасыз ету керек. Сонымен қатар облыс құрамасына еніп, әрі қарай ұлттық құрамаға енген спортшыларға спорттық нәтижесіне қарай облыс әкімдігінің қаулысына сәйкес жоғарғы жетістікке жеткен спортшыларға және жаттықтырушыларына ай сайынғы ақшалай стипендия төленеді. Спортшыларды ынталандыру жолында жаттықтырушының да алатын орны ерекше. Сондықтан жаттықтырушылар оқу-жаттығу және жарыс барысында спортшылармен бірге барып жеке жаттығу жұмыстарын жүргізуге көңіл бөледі.
Білімді, тәрбиелі әрі дені сау ұрпақ – ұлттың ең қымбат байлығы. Олай болса, балалар мен жасөспірімдердің оқумен қатар, өнер үйреніп, спортпен шұғылданып, жан-жақты жетілуіне қолайлы жағдай жасау – мемлекеттің мойнындағы борышы. Сол себепті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Президент ретіндегі алғашқы Жолдауында бұқаралық спортты дамыту мәселесіне назар аударған болатын. Президенттің осы тапсырмасын орындау мақсатында «Дене шынықтыру мен бұқа­ралық спортты дамыту жөніндегі 2020-2025 жылдарға арналған ке­шенді жоспар» әзірленіп, ол Үкіметтің қау­лысымен бекітілгені мәлім. Осы жос­парға сәйкес, мемлекет-жекеменшік әріп­тестігі аясында балалар мен жасөс­пірімдерге арналған спорт секцияларына жан басына қаржыландыру жүйесі енгізілді.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев аса көрнекті жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мұхтар Мағауиннің дүниеден өтуіне байланысты оның отбасы мен...

Өңірлік саясатты жетілдіру және өңірлердің теңгерімді әлеуметтік және экономикалық дамуын қамтамасыз ету мақсатында вице-премьер Қанат Бозымбаевтың...