ТҮРКІСТАНДА «ДОСТЫҚ ҮЙІ» ҒИМАРАТЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛДЫ

ТҮРКІСТАНДА «ДОСТЫҚ ҮЙІ» ҒИМАРАТЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛДЫ

Түркістанда «Достық үйі» ғимаратының алғашқы кірпішін қалау рәсімі өтті. Шараға Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, облыстық этномәдени бірлестіктердің төрағалары, сондай-ақ Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының жанындағы құрылымдардың төрағалары мен мүшелері қатысты.
Алдымен мердігер компания «INTEGRA CONSTRUKTION KZ» ЖШС өкілі құрылыс барысымен таныстырды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркістанға тарихи және рухани елорда мәртебесін беру тапсырмасы аясында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Президентіміз 2021 жылғы 21 қазанда өткен Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің отырысында Түркістан облысының әкімдігі, Қаржы және Ұлттық экономика министрліктеріне Түркістан қаласында «Достық үйін» салу жөнінде тапсырма берген болатын. «Достық үйі» – бұл біздің қоғамда орныққан үйлесім мен берік бейбітшілікті бейнелейтін символдық нышан. Елдің бірлігін бекемдеу жолында аянбай қызмет еткен әйгілі Күлтегін бабамыздың «Тату елге тыныштық пен тоқшылық нәсіп» деген сөзі бар. Бірлік пен ынтымақ әрқашанда мемлекетіміздің тұрақты дамуына жол бастайды. Ынтымақ пен қажырлы еңбектің арқасында Жаңа Қазақстанды өркендетуге атсалысайық, – деді Дархан Сатыбалды.
Бұдан соң, облыс әкімі «Достық үйі» ғимаратының іргетасына алғашқы кірпішті қалап, құрылыс жұмыстарын сапалы әрі уақтылы орындауды тапсырды.
Президент тапсырмасын іске асыру мақсатында Түркістан қаласының әкімшілік-іскерлік орталығында «Достық үйі» ғимаратына 1391,29 м2 жер телімі бөлінді. «Mataibekov architects» ЖШС жалпы алаңы 3912,29 м2 болатын 4 қабатты ғимараттың жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленді. Құрылыс жұмыстарын биыл бастап, 2024 жылғы қараша айында аяқтау жоспарланған. Бүгінгі таңда ғимараттың құрылыс жұмыстары басталып, іргетастың астыңғы бөлігі құйылуда. Алдағы уақытта құрылыс жүргізу барысында мердігер мекемемен Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметіне байланысты тақырыптық ішкі әрлеу мен қажетті экспонаттарды қою мәселелері бойынша келіссөздер жүргізілді.
Жиын барысында Түркістан облыстық өзбек этномәдени бірлестігінің төраға орынбасары Райымжан Қошқаров сөз сөйледі.
Шара соңында Түркістан облыстық ҚХА жанындағы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Созақбай Әбдіқұлов бата беріп, «бірлігіміз нығайып, берекеміз арта берсін» деген тілегін жеткізді.
Айта кетейік, өңірде 50-ден аса этностың өкілдері бір шаңырақ астында бейбітшілікте, тату-тәтті өмір сүруде. Облысымызда 11 этномәдени бірлестік жұмыс істеуде. Олар мемлекеттің өркендеуіне үлес қосып, қазақстандық толеранттылық үлгісін көпке паш етуде.
Тағы да айта кететін, шаһардағы құрылыстар әкімшілік-іскерлік және рухани-мәдени орталық деп аталатын екі аймаққа бөлінді. Атаулы жоба бойынша аймақтарда 15 мәдени-әлеуметтік нысан салынды. Солардың ішінде «Әкімшілік-іскерлік орталықта» 8 нысан бар. Оларды атасақ: жабық бассейні бар спорт кешені, 7000 орындық стадион, Оқушылар сарайы, Департаменттер үйі, Басқармалар үйі, Конгресс холл, Цифрлық кеңсе, Аттракциондар саябағы. Келесі «Рухани-мәдени орталықта» 7 нысан бар. Бұл қатарда Ясауи мұражайы, «Ұлы Дала» орталығы, Қолөнер шеберлері орталығын қайта жаңғырту, Ғылыми-әмбебап кітапханасы, Драма театры, Тұңғыш Президент саябағы, Арбат болып саналады. Бұлардың барлығы өз уақытында пайдалануға берілді, қазіргі таңда халық игілігінде. Одан бөлек, әрқайсысы 120 бөлмеден тұратын жеке инвестициялар есебінен туристерге лайықты сервистік қызмет көрсететін «Rixos», «Нұр-Әлем», «Hampton by hilton» атты қонақ үй кешендері қала келешегінің көрінісі секілді. Оны көрген адам таңдай қақпай тұра алмасы тағы бар. Тағы бір ерекше құрылыс ретінде «Рухани-мәдени орталық» бағытына жататын «Керуен Сарайының» құрылысын айтпай кету мүмкін емес. Бұдан өзге, Қ.А.Ясауи кесенесінің буферлік аумағында абаттандыру жұмыстары соңына да шықты. Сондай-ақ, аумағы 20 гектарды құрайтын Б.Саттарханов даңғылы бойындағы желілік саябақтың құрылысы аяқталған. Сонымен қатар, қаладан 16 шақырым қашықтықтағы Шаға елді мекенінен бой көтерген Халықаралық әуежай. Бұл құрылысты түркиялық «YDA Group» компаниясы салған. Жер көлемі жалпы 900 гектар аумақты алып жатыр. Онда терминал, ұшу-қону жолағы және басқа да нысандар бар. Аталмыш әуежай халықаралық стандартқа сай және заманауи құрылыс технологиясымен салынған. Терминал жылына 3 миллионға жуық жолаушыға қызмет көрсете алады. Жолаушылар үшін қаладан әуежайға дейін жаңа автомобиль жолының құрылысы да аяқталды. Қазіргі таңда, Түркістанның әлем елдерімен болатын байланысының арта түскендігін байқауға болады. Қарқынды құрылыс жүріп жатқан шаһарда 2022 жылдың екінші жарты жылдығында 70 нысан пайдалануға берілді. Нәтижесінде 6 300 отбасы баспанамен қамтамасыз етіліп, 3 604 жеке жер учаскелеріне инфрақ-ұрылым жүйелері жүргізілді. Осы жы-лы «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасының аясында мемлекеттік бюджет есебінен 158 нысанның құрылысына 36,6 млрд теңге бөлінген. Оның ішінде 40 арендалық тұрғын үй құрылысы, 30 инженерлік инфрақұры-лым нысаны, 88 кредиттік тұрғын үй құрылысы жүріп жатыр. Осы мүмкін-діктердің айтып тұрғаны талай отбасы баспанаға ие болады дегенге саяды.
Сонымен қатар, «Яссы» мөлтек ауданындағы Ыждыхат тұрғын алабын сарқынды су жүйесімен қамтамасыз ету құрылысының І кезеңі бойынша 76 шақырымға құбыр жүргізілген. Кезекті аралау барысында облыс әкіміне ІІ кезең жобасы ұсынылды.
Құрылыс алаңы 63 шақырымға жоспарланып, нақты 43,6 шақырымы орындалған. Құрылыс жұмыстары аяқталған соң 7480 тұрғын үй кәріз жүйесіне қосылады деп күтілуде. Жобаны толық іске асыру 2024 жылдың желтоқсанына белгіленген.
Қала аумағында орталықтандырылған кәріз жүйесімен абоненттердің 32,2 % яғни, 12 мыңнан астам абонент қамтылған. Қуаттылығы тәулігіне 20 000 М3 сарқынды су тазарту имараты бар. Қабылданып жатқан сарқынды су көлемі тәулігіне 4 500-5 000 метр куб болса, 27 дана су айдағыш станса, 127 шақырым сарқынды су құбырлары қолданыста.
2023 жылға өтпелі жалпы 7 нысанның құрылысы жүргізілуде. Биыл кәріз жүйесімен қамту көрсеткіші 36,3 %-ға жетеді деп күтілуде. 5 нысан (20 244 абонент) бойынша құжаттар қаржыландыруға ұсынылған. 2 нысанның жобалау-сметалық құжаттары әзірленуде. Нәтижесінде қаланы кәріз жүйесімен қамту көрсеткішін 95 пайызға жеткізу қарастырылуда.
Облыс басшысы қала тынысымен танысу барысында құрылыс нысандарында мердігерлердің жұмыс сапасына баса мән беруде. Осы тұрғыда жауапты сала басшыларына арнай тапсырмалар беріп, кемшіліктерге жол бермеу үшін осы күннен ұқыптылық таныту қажеттігін ескертуде. Қазіргі таңда Түркістан қаласында кәріз жүйесінің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Осыған орай, өңір басшысы М.Әбенова көшесіндегі кәріз жүйесінің құрылыс жұмыстарының басына барды. Бүгінгі күні мұнда қолданыстағы пластик кәріз құбыры толықтай есептелген қуаттылығымен жұмыс істеуде.
Дегенмен күн сайын құрылысы қарқын алып келе жатқан мекенде әуелгіде жасалған жобадан бөлек жүргізілген коттедждер, «Керуен сарай» тұрғын үй кешені, мешіт нысандары іске қосылған соң аталмыш жүйе арқылы өтетін сарқынды су мөлшері ұлғайған. Соның салдарынан кәріз құбыры толып, тұтынушылардың наразылығын туындатқан.
Осы мәселенің шешімі ретінде артық суды жаңа жоба бойынша салынатын темірбетон құбырмен өткізу арқылы мәдени орталықтың кәріз жүйесіндегі орын алған жағдайды бір қалыпқа келтіру көзделген. Темірбетон құбыры 1,6 шақырымға жүргізілмек.
Түркістан қаласы бүгінде заманауи даму жолына түскен шаһар ретінде де танылып келеді. Облыс орталығы мәртебесін алғаннан бері қалада тұрғын үй көптеп салынып, көшіп келушілердің саны жылдан-жылға артып жатыр. Мысалы, 2018 жылы Түркістан қаласы халқының саны 165 400 болса, 2023 жылы 219 550 болып отыр. Тұрғындар саны өскен са­йын тұрмыстық тіршілікке қатысты көптеген сұрақтың туындауы заңдылық, яғни өсім бар жерде өзекті мәселелер де болып жатады. Сондықтан аталған мәселелерді дер кезінде шешу – облыс, қала әкімдерінің басты міндеті.
Қазіргі таңда Түркістан қаласын дамытудың ІІ кезеңі жалғасуда.
Түркістан қаласы туризм, мәдениет, медицина, білім мен ғылым, спорттың орталығына айналып келеді. Мұнда тұрғындардың, жастардың жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасалып жатыр.
Облыста инвестиция көлемі де ұлғайған. Өңірлік кәсіпкерлікті қолдау картасы аясында Түркістан облысы бойынша 2020-2025 жылдары 323,3 млрд. теңгеге, 4823 жаңа жұмыс орнымен 34 инвестициялық жоба енгізілген. Түркістан қаласын дамытудың ІІ кезеңі шаһардағы 4 аумақта жүзеге асырылуда. Бірінші аумақ – әуежай аумағы. Мұнда 12 жоба қолға алынады. Оның ішінде 100 орындық қонақ үй, жеміс бағы, 50 га жерге жылыжай, 10 мың бас ірі қара бордақылау кешені, 1200 бас тауарлы-сүт өндіру фермасы салынады.
Екінші аумақ – әкімшілік-іскерлік орталығында 57 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Халықаралық теннис орталығы салынды. «Мұз сарайының» пайдалануға берілді. Ат спорты кешені, демалыс орындары және денсаулық сақтау нысандары, инженерлік инфрақұрылымы да салынбақ. Сондай-ақ осы аумақта жалпы 4,8 млн. шаршы метр тұрғын үй салып, 46 мың пәтерді пайдалануға беру жоспарланған.
Үшінші аумақ – Б.Саттарханов даңғылының бойында да бірқатар жобалар жүзеге асады.
Ал төртінші аумақ – Мәдени-рухани орталықта Күлтөбе қалашығының тарихи нысандарын қалпына келтіру, «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының аумағын абаттандыру жоспарға алынған.
Бұдан бөлек, «Керуен сарай» тұрғын үй кешені, «Аманат» коттеджі қалашығы, «Medina Palace» қонақ үйі, «Қылует» мәдени-рухани орталығы салынуда.
Жалпы Түркістан қаласын дамытудың 2-кезеңінде инвестициялардың көлемі 1,3 трлн. теңге болады деп межеленген. Оның 1 трлн. теңгесі немесе 77%-ы – жеке инвестициялар.
Қаланы суландыру, газдандыру мәселесі шешімін тапқан. Жасыл алқап аумағы ұлғайып, қаланың экологиясы да жақсарып келеді. Туристер саны артып, республикалық, халықаралық деңгейдегі басқосулар жиі өтуде.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Қасым-Жомарт Тоқаевқа ұлттық компанияның былтыр атқарған жұмысы туралы есеп берілді, деп хабарлайды No-comment.kz - Ақордаға сілтеме жасап. «ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарма...

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев аса көрнекті жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мұхтар Мағауиннің дүниеден өтуіне байланысты оның отбасы мен...