Бүгін Түркістанда бизнес және туризм өкілдерінің қатысуымен TIF’23 – «Түркістан: Туризм, Инвестиция, Экономика» халықаралық форумы өтіп жатыр. Әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған әртүрлі секторлардың спикерлерімен және тәжірибелі тұлғаларымен байланыс орнатуға, құнды білім алуға мүмкіндік беретін панельдік отырыстарға ұласуда. Форумды облыс әкімі Дархан Сатыбалды ашып берді.
Форум алдында Түркістан өңірін танытатын көркемсурет галереясы мен презентациялар, халықаралық бизнес пен инвестициялық жобалар жәрмеңкесі ел назарына ұсынылды. Іс-шарада ауыл шаруашылығы, жеңіл өнеркәсіп, экспорт, логистика және IT-білім сияқты негізгі салалар бойынша талқылануда.
Халықаралық форум аясында Түркістан облысында ауқымды жиынға қатысып жатқан Қазақстан, Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан және Қытай, Ресей елінің беделді компанияларымен бірнеше бағытта 20-ға жуық меморандумға қол қойылды. Атап айтқанда Сауран ауданында тоңазытқыш қондырғылар өндірісін кеңейту, Созақ ауданында фосфатты тау жыныстары кендерін өңдеу зауытының құрылысы, «Шардара» экспорттық агроөнеркәсіптік кластерін құру, Мақтаарал ауданында тоқыма кластерін құру және Келес ауданында индустриалды парк құрылысы бойынша, Сайрам ауданында қуаттылығы 1000 МВт болатын икемді генерациялау режимі бар аралас циклді газ станциясының негізінде электр станциясын салу бойынша, түсті рудаларды және металлургия өндірісінің өнеркәсіп қалдықтарын қайта өңдеу бойынша Кентау байыту комбинатын іске қосу, Жетісай ауданында тоқыма фабрикасын құру, Бәйдібек ауданында тауық жұмыртқасын өндіретін құс фабрикасын құру, дымқыл майлықтар мен балалар жөргектерін шығару бағытында қолданыстағы желіні кеңейту бойынша, металл конструкцияларын шығаратын зауыт құрылысы бойынша және тағы басқа бағытта ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылып, келісімдер жасалды.
Маңызды жиында инвесторларға перспективалы инвестициялық жобалармен және оларды өңірде іске асыру үшін жағдайлармен танысуға бірегей мүмкіндік берілуде. Жобаларды бірлесіп дамыту үшін бизнес-қоғамдастық, жергілікті билік және инвесторлар арасында стратегиялық серіктестіктер орнатылып, тәжірибе және білім алмасады.
Айта кетейік, шара мақсаты — экономикалық өсуді ынталандыру, инфрақұрылымды дамыту, жаңа жұмыс орындарын құру, технологиялық жаңару және жергілікті бизнестің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында өңірге шетелдік инвестицияларды тартуға жәрдемдесу. Сондай-ақ форум қолайлы инвестициялық орта құру, тәжірибе алмасу және өңірдің орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуын ынталандыру үшін бірлескен шешімдер іздеу мақсатында инвесторлар, бизнес-қоғамдастық өкілдері мен мемлекеттік құрылымдар арасында әріптестік қатынастар орнатуға бағытталған.
Үлкенді кішілі деңгейдегі әкімдердің қызметінің негізгі көрсеткішінің бірі өңірге инвестиция тартуымен өлшенеді.
2022 жылы қала аумағында 304,9 млрд.теңге инвестиция тартылған. Оның 168,6 млрд.теңгесі бюджет есебінен болса, жеке инвестиция есебінен 136,3 млрд.теңге тартылған. Бұл көрсеткіш 2021 жылмен салыстырғанда 3,6% өсімді құрады.
2023 жылға инвестиция көлемі 348,9 млрд.теңгеге жеткізілмек. Оның ішінде бюджет есебінен 102,0 млрд.теңге болса, жеке инвестиция 246,9 млрд.теңге болып жоспарланды. Биылғы 9 айдың қорытындысымен 245,8 млрд.теңгеге орындалды. Оның ішінде бюджет есебінен 91,2 млрд.теңге болса, жеке инвестиция 154,6 млрд.теңгеге жеткізілмек.
Өңірдің экономикалық дамуын анықтайтын басты сала – өнеркәсіп саласында 2022 жылы 21,1 млрд.теңгеге өнім өндіріліп өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 0,7% өсті. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібінде 13,3 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 6,0 %-ға жеткізілді. Электрмен жабдықтау, газ, бу беру көлемi 6,0 млрд.теңгенi құрады, сумен жабдықтау 1,8 млрд. теңгенi құрап, 2 есеге артты.
Үстіміздегі жылдың қаңтар-қыркүйек айында 18,8 млрд.теңгенiң өнімі өндіріліп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім 4,3 % құрады. Өнеркәсіптің басымды саласы өңдеу өнеркәсібінде 12,0 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 4,5 %-ға жеткізілді. Электрмен жабдықтау, газ, бу беру көлемi 5,5 млрд.теңгенi құрап, өсім 25,6 пайызға, сумен жабдықтау 1,2 млрд. теңгенi құрап, 7,6% пайызға артты.
Қала аумағында туризм индустриясы кешенді дамып келеді. 2023 жылғы 9 айдың қорытындысымен Түркістан қаласына келуші зияратшылар мен туристердің саны 678,5 мың адамға жетті, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 3,1% өсті.
Сонымен қатар, 2023 жылы қаңтар-қыркүйек айларында шетелдік туристер саны 6,7 мың адамға жетті. Яғни былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 24,1% өсті. Өткен жылдың тоғыз айында 5,4 мың адам болатын.
Ағымдағы жылы қаңтар-қыркүйек айларында орналастыру орындарының саны 58 бірлікті құрады.
Қала басшысының баяндауынша, өзіндік кірістердің көлемі 2022 жылдың қорытындысымен 15,1 млрд.теңге болса, 2023 жылға 19,4 млрд.теңге болып нақтыланды немесе өсім 28,5% пайызды құрады.
Жалпы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде қаланы сипаттайтын басты көрсеткіш жалпы өңірлік өнім көлемі 2022 жылдың қорытындысымен 319 млрд.теңгені құрап, 2021 жылмен салыстырғанда 3,8% өсті.
Оның ішінде өнеркәсіп саласына 6,6 пайызға өсіп, 21,1 млрд.теңге көлемінде атқарылды. Ауылшаруашылық саласына 3,3 пайызға артты. 10,5 млрд.теңге құрады. Орындалған құрылыс жұмыстары 62,9 пайызға жетіп, 200,7 млрд. теңгеге жеткізілді. Тауар айналымы және қызметтерді өткізу көлеміне 27,2 пайызы яғни 86,7 млрд.теңге тиесілі.
2023 жылдың қаңтар-қыркүйек айына 222,7 млрд.теңгеге жетіп, 2022 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім 15%-ға артты. Оның ішінде өнеркәсіп саласына 8,5 пайыз 18,9 млрд.теңге жұмсалды. Ауылшаруашылық саласына 3 пайыз 6,8 млрд.теңге тиесілі. Орындалған құрылыс жұмыстары 51,7 пайыз 115,1 млрд. теңге құрады. Тауар айналымы және қызметтерді өткізу көлеміне 36,8 пайызы яғни 81,9 млрд.теңге тиесілі.
Түркістан қаласы әкімдігінің құрылыс бөлімі тарапынан 11 нысанда жұмыс жүргізу қаралған. Бүгінде жоспар аясында бөлім 3 әлеуметтік нысан,
4 абаттандыру құрылысында, 4 нысанда инфрақұрылым жұмыстарын жүзеге асырып келеді. Өткен жылы алғашқы кірпіші қаланған қалалық Мәдениет үйінің құрылысы бүгінде қарқынды жүріп жатыр. Бес жүз орынды көрермен залы бар нысанның 9 287 шаршы метр аумағына көгал егіліп, автотұрақ аумағымен де қамтылады. Одан бөлек, бөлім М.Тұрсынов көшесіндегі стадионды реконструкциялаумен айналысуда. Нәтижесінде стадионда 2050 орындық көрермен залы, автотұрақ аймағы пайдалануға беріледі. Сонымен қатар, шаһардағы 32 гектар жерге инженерлік-инфрақұрылым жүйесі тартылуда. Атап айтқанда, 4132 метрге су құбыры, 3490 метрге кәріз жүйесі, 8225 метрге электр желісі тартылмақ. Бұл жұмыстар да бүгінде қызу жүріп жатыр. «Арман» тұрғын үй кешенінде 5 қабатты 44 тұрғын үй мен Яссы көшесінде (2,98 гектар) абаттандыру жұмыстары атқарылғанын да айта кетейік.
Қазіргі уақытта 22 бағыт бойынша екі жүзден астам қоғамдық көлік қызмет етіп жүр. Атап айтқанда, «Жолаушы» ЖШС-і 16 қалаішілік бағытта, «ТехПрофАвто» ЖШС-і 6 бағыт бойынша қатынайды. Облыс орталығына айналғалы шаһарда жүзге жуық автобус жаңартылды. Соның ішінде 2022 жылы 28 автобус тасымалдаушы мекеме есебінен жаңаланса, биыл тағы 46 жаңа автобус сатып алу жоспарлануда. Жаңа автобустар алынған жағдайда қалаішілік №4, 4а, 2а, 9, 9а бағыттарындағы шағын автобустар жаңа сыйымдылығы жоғары үлкен автобустарға ауыстырылады.