ЖОЛ ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫНЫҢ КӨРСЕТКIШТЕРI ҚАРҚЫНДЫ ӨСУДЕ

ЖОЛ ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫНЫҢ КӨРСЕТКIШТЕРI ҚАРҚЫНДЫ ӨСУДЕ

Жол жөндеу мамандары бүгінде Түркістан қаласындағы жалпы ұзындығы 3,8 шақырым Ә.Жангелдин көшесін жөндеуге кірісіп кетті. Яғни, «КХ-84 Түркістан-Балтакөл трассасы мен Б.Майлин көшесінің аралығындағы Жангелдин көшесінің бойындағы автожолды реконструкциялау» нысанында қазіргі таңда қарқынды түрде құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Түркістан қаласы Ә.Жангелдин көшесі Отырар ауданынан кіре беріс бағытта орналасқан, Қызылорда бағытына тікелей шығуға болатын жол болып табылады. Қызылорда бағытын Отырар ауданына тікелей қосатын автокөлік жолы болып саналады. Ә.Жангелдин көшесімен көлік құралдарының үздіксіз және қауіпсіз жүруін қамтамасыз ететін жағдайда күтіп ұсталуы үшін және жол жағдайларына байланысты жол көлік оқиғаларын болдырмау мақсатында, реконструкциялау жұмыстарын жүргізу облыстық бюджеттен трансферт арқылы қаржыландырылуда.
Түркістан қаласы әкімдігінің Жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімі мемлекеттік мекемесінің мәліметіне сәйкес, автокөліктер легінің көп жүретін қаланың ішкі негізгі көшелерінің бірі болып саналатын Түркістан қаласы Ә.Жангелдин көшесіне қайта құру жұмыстары жүргізілсе көлік қозғалысы реттеледі және жол көлік оқиғасы азаяды деп күтілуде.
Ұзындығы 3,8 шақырым көшенің қазіргі таңда, 2,7 шақырымына жобаға сәйкес жол негізі әзірленіп, 2 қабат асфальт жабындысы төселді. Қалған аумағына мердігер тарапынан толығымен суағар науалар орнату, аяқ жол мен вело жолдар жиектастарын орнату, жол негізін әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. Амандық болса, құрылыс 2023 жылдың соңына дейін іске асырылады деп болжануда.
Айта кетейік, автожолды реконструкциялау жұмыстарына тапсырыс беруші Түркістан қаласы әкімдігінің «ЖК және АЖ бөлімі» мемлекеттік мекемесі; мердігер «Отау-Строй» ЖШС; авторлық қадағалаушы «СК РАОЛ» ЖШС; техникалық қадағалаушы «КазСтройИнжиниринг» ЖШС.
Жолдың ұзындығы – 3,8 шақырым. Санаты – жалпықалалық магистралды 4 жолақты жол. Жоба құны – 3 064,2 млн.тг. Игерілгені – 1 161,5 млн.тг. Қажетті қаржы – 1 902,6 млн.тг.
Қазіргі таңда Түркістан қаласы әкімдігінің Жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімі мемлекеттік мекемесінің жауапты мамандары аталған нысандардың құрылыс-жөндеу жұмыстарының барысын, сапасын қадағалау мақсатында мердігер, авторлық және техникалық қадағалаушы мекемелердің басшылары мен жауапты мамандардың қатысуымен аталған жұмыстарды жиі аралап, тиісінше және уақытылы орындалуын жіті қадағалауда.
Түркістан қаласында Бекзат батырдың есімімен аталған мөлтек аудан бар. Халық арасында «Жолдың асты» деп аталып кеткен шағын ауданда 40 мыңнан астам халық тұрады. Бұлай аталуының себебі де жоқ емес. Аталмыш ауданды қаладан темір жол бөліп жатыр. Бүгінде бұл аудандағы тұрғындардың саны жыл санап артып, аудан көлемі кеңейе түсті. 2000-жылдары О.Жандосов пен С.Ерубаев көшелерін біріктіретін, темір жол үстіне салынған көлік көпірі «бекзаттықтарды» қала орталығына апарар басты жалғыз жол еді.
Бұл қаланың батыс бөлігіндегі тұрғындар үшін сүйінші жаңалық екенін де айта кеткен жөн. Осылайша шойын жолды кесіп өтер көпірдің қатары артады. Өткен жылы атқарылған жұмыстар жайында баяндап, ағымдағы жылға арналған жұмыс жоспарымен бөліскен шаһар басшысының айтуынша Б.Қалаби көшесі ұзартылып, Ж.Майкөтов көшесімен ұштасады. Айтылған жұмыстар алдағы үш жылдыққа жоспарланып, республикалық бюджеттен қаржы қаралған. Жоба құны 13 млрд. теңгені құрайды. Қазіргі таңда көпірдің құрылыс жұмыстары басталған. Нысанға барып атқарылып жатқан жұмыстармен таныстық. Құрылысқа жауапты «ЖБИ-С» ЖШС құрылыс нысанының бастығы Шерали Османшиковпен сөйлестік.
«Біздің ұжым осы көпір салу бойынша тәжірибесі мол бірден бір мекеме. Осы салада 25 жылға жуық қызмет етіп келеміз. Оңтүстік өңірдегі үлкен көпірлерді көтердік. Соның бірі атап айтсақ Түркістан қаласынан Отырар ауданы Балтакөл ауылына барар жолдағы Сырдария өзеніне салынған көпір. Жауапкершілігі жоғары жұмыс болғанымен нысанды халық игілігіне бергендегі тұрғындар қуанышын көру біздің басты мақсатымыз. Осыны ойға алып халық игілігі жолында аянбай еңбек етіп келеміз.
Көлік жүретін көпірдің ені 16 метрді құрайды. 4 жолақты жол жиегіне қауіпсіздік кеңістігі мен жаяу жүргіншілер үшін аяқжол салынады. Бүгінде көпір құрылысының 25 пайызы аяқталды деуге негіз бар. Нысанды 2024 жылдың соңында пайдалануға тапсырамыз деп жоспарлап отырмыз. Құрылыс жұмыстарына 20 ға жуық жұмысшы мен 10-нан астам техника жұмылдырылған», — деді «ЖБИ-С» ЖШС құрылыс нысанының бастығы Шерали Арибжанұлы.
«Бекзаттықтардың» тілегі орындалды. Сала мамандарының айтуынша келер жылдың аяғында көпір құрылысы бітсе жол салу жұмыстары жүргізілмек. Б.Қалаби көшесі Ж.Майкөтов көшесімен түйіседі. Жол кеңейтіліп Балтакөл бағытынан келген көлік нөпірі тікелей Шәуілдір тас жолына шығып кете алады. Бұл қала ішіндегі кептелісті азайтуға өз септігін тигізбек.
«Әкем 1930 жылы бұрынғы Теке қазіргі Абдолла Үсенов ауылынан Бекзат мөлтек ауданына қоныс аударған. Өзіміз осы шағын ауданда дүниеге келдік. Балғын балалық шағымыз бәрі осында өтті. Бұрындағы санаулы үйдің қазір санына жете алмайсыз. Халық саны артты бұл қуанарлық жайт. 2000-жылға дейін базарға бару үшін Мақтазауыт аймағындағы темір жол өткелінен өтетінбіз. Сонан соң көлік көпірі салынып тұрғындарға қуаныш сыйлаған еді. Енді міне тағы да қуанышқа кенеліп отырмыз. Тұрғындардың тілегі орындалып, екінші көлік көпірі бой көтеруде. Жаңа қалаға бару үшін жол қысқарып, тынысымыз кеңейетін болды. Өйткені бір көпірде кейде кептеліс болады. Қыстың күндері қар жауып, аяз болса тайғақ дегендей мәселелер жанымызға бататын еді», — дейді «Бекзат» мөлтек ауданының тұрғыны Асылбек Сабиров.
Қаламыз облыс орталығы шенін алғанына биыл бес жыл толды. Бес жылда бағындырған белестерде баршылық. Жалпы қала аумағында 845 шақырымды құрайтын 875 көше бар. 2018 жылы жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 23,5 пайызды құрайтын. Биыл бұл меже 47,2 пайызға жетеді деп күтілуде.
«Үкімет пен облыс әкімдіктері 2025 жылға дейін жергілікті жерлердегі жолдардың 95 пайызын жөндеп, ретке келтіруге тиіс. 2019 жылдан бастап бүкіл еліміз бойынша осы мақсатқа жыл сайын республикалық бюджеттен 50 миллиард теңге бөлінуде. Жол құрылысына және оны жөндеуге жергілікті бюджеттен де қаржы жұмсалады. Нәтиже жоқ деп айтуға болады. Жөнделген жолдың көбі жыл өтпей жарамсыз болып қалады. Мұны ашық айту керек»- бұл ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2021 жылғы Үкімет отырысындағы сөзі. Одан бері не өзгерді? Бұл сөздердің облыс орталығына айналғанына биыл 5 жыл толған киелі Түркістанға әсері қандай болды? Саралап көрейік.
Сапалы жол салу тек біздің елді алаңдатқан мәселе емес. Жол сапасы жаһан елдерінің жанды жерлерінің бірі деуге болады. Әлемнің алпауыт елдерінің өзінде бұл мәселе түйткілді болып табылады. Дегенмен, көш басына алшаң басып аттанған елдер қатарын негізінен Еуропалық мемлекеттер толықтырып тұрғанына ешкім таңдана қоймас. Тау мен тасы талай істің тоқырай тоқтауына сеп болса да, амалын тауып автокөлік жүргізушілерінің арман мекеніне айналған елдің бірі – Нидерланд. Өзен көлдің көптігі, жазық жердің жоқтығы қызғалдақтар елінің жол жөндеу мамандары үшін аса үлкен мәселе емес секілді. Тіпті, сапалы жол үшін ақы алудан да бас тартқан бұл ел. Қытымыр табиғаты қитыққа тиіп, қара жерден қар жапқан жері басым Финляндияда бұл көштің басында орналасқан. Бұл елдегі жолдың жақсы болуы үшін коммуналдық мекемелер ғана емес, жеке меншік компаниялар да жауапты. Құрылысы күрделі істің жүргізілуі үшін ерекше технология қолданылады екен. Әлемдік экономикалық форумның тізімінде біздің ел 141 елдің ішінде 93-орынға жайғасқан. 2019 жылдан бері кері кету процесін бастан өткеріп жатқан біздің жолдардың сапасы сын көтермейтіні ай сайын айтылып та, жыл сайын жазылып та жатқанын жасыра алмаймыз. Мамандар еліміздегі 12 мың шақырым Республикалық маңызы бар жолдың қайта құрылысты қажет ететінін айтып отыр. Мемлекеттік деңгейдегі мәселенің май шаммен қаралып, қарқынын күшейтпесек болмасы анық. Бағасы қымбат, сапасы жұмбақ жолдардың құрылысын қолға алмасқа болмайды-ау, сірә. 2022 жылдың жазында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында да қозғалған еді бұл мәселе.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев аса көрнекті жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мұхтар Мағауиннің дүниеден өтуіне байланысты оның отбасы мен...

Өңірлік саясатты жетілдіру және өңірлердің теңгерімді әлеуметтік және экономикалық дамуын қамтамасыз ету мақсатында вице-премьер Қанат Бозымбаевтың...