Шардара ауданының білім бөліміне қарасты Жаушықұм ауылында орналасқан МКҚК «Жауқазын» бөбекжай бақшасында аудандық тәжірибелік семинар өтті. Семинар тақырыбы: «Мектепке дейінгі ұйымдарда ойын арқылы оқытуға тарту».
Мақсаты: ойын арқылы оқыта отырып ойлау қабілеттерін дамыту үшін шығармашылық қиялын, көркем-эстетикалық талғамды дамыту, тәрбиеленушілердің жеке ерекшеліктері мен қажеттіліктерін ескере отырып, ұлттық құндылықтарға баулу,тәрбиелеу.
Аудандық тәжірибелік семинарға аудандық білім бөлімнің мектепке дейінгі ұйым әдіскері Айгуль Жумабекова және МДҰ арасынан құрылған білікті әдістемелік топ және 39 балабақша педагогтары қатысты.
Айта кететін, қоғамымызда болып жатқан әлеуметтік-экономикалық өзгерістер мен еліміздің білім беру саласының әлемдік білім кеңістігіне өтуі білім беру саласында, соның ішінде мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытуға уақыт талабына сай өзгерістерді енгізуді талап етіп отыр.
Білім беру балабақша табалдырығынан басталады десек ешқашан қателеспейміз. Барлық білімнің бастауы – балабақшада. Мектепке дейінгі мекемелерде тәрбие мен білім саласында заманауи педагогикалық технологиялар қаншалықты маңызды болса, мектеп жасына дейінгі балаларды оқыту мен тәрбиелеуде де педагогикалық технологиялар ұғымы кеңінен қолданылатын ұғымның біріне айналды. Ендеше мектепке дейінгі білім беру саласының басты міндеттерінің бірі – өскелең ұрпақты оқыту мен тәрбие беру үрдісіне заманауи әдістерін енгізу. Әрине бұл үшін мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде балалардың жеке басының қалыптасуы мен дамуына педагогтардың заманауи инновациялық технологияларды қолдана білу сауаттылығына да байланысты.
Тәрбие мен білім – егіз. Мектеп жасына дейінгі балаларды дамыту мәселесі мемлекеттік саясаттың ажырамас бөлігі болып отыр. Егемен еліміздің талабына сай мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру, қазіргі заманға сай білімді де тәрбиелі ұрпақ тәрбиелеу – білімді, жан-жақты тәрбиешілердің еншісінде. Заман өзгерген сайын әдіс-тәсілдер көбейіп, жаңарып, толығып жатыр. Балалардың тілін дамытуды, қызықты үйрету үшін жаңа әдістер мен технологияларды өз тәжірибемізде қолдануға ізденеміз. Жаңа технологияны, әдіс-тәсілдерді тиімді қолдану үздіксіз тәрбие беру мен білім сапасын арттырады.
Жаңа заман баласы – ертеңгі еліміздің болашағы. Жаңа заман баласын қалыптастырып, дамыту үшін тұлғаның ішкі дүниесі мен оның қыр-сырын анықтап, мүмкіншіліктері мен қабілетінің дамуына жағдай жасау қажет. Біздің балабақшамызда балаларға үздіксіз білім беруде барлық жағдай қарастырылған. Балабақшада балалардың жеке басының қалыптасуы мен дамуына педагогтардың педагогикалық технологияларды қолдана білу сауаттылығы өте жоғары. Осы уақытқа дейін тәрбиеші ретінде балаларға үздіксіз тәрбие мен білім беруде жаңартылған педагогикалық технологияларды кеңінен қолдануға тырысамын. Себебі қазіргі заман балаларының берілген ақпаратты тез қабылдауынан, есте сақтау қабілеттері жоғары дамығандығын байқауға болады.
Мектепке дейінгі мекеме балаларына үздіксіз тәрбие мен білім беру келешек ұрпақтың еркін дамуына, жан-жақты білім алуына, белсенді, шығармашыл болуына тікелей әсер ететін балабақша мен тәрбиешілері. Осыған орай мектепке дейінгі мекемелердің тәжірибесіне оқыту мен тәрбиелеудің әртүрлі технологиялары енгізілуде. Мәселен, ынтымақтастық педагогикасы, білім беруді ізгілендіру, ойын арқылы оқыту, түсіндіре басқарып оза оқыту, өздігінен оқыту, сын тұрғысынан ойлауды дамыту, оқытудың компьютерлік технологиясы, психологиялық, педагогикалық әдістемелік білімді, педагогикалық шеберлікті, балалардың жан-дүниесіне терең үңіліп оны ұғына білуді талап етеді.
Еске салар болсақ, 2022 жылды Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев “Балалар жылы”деп биылғы жылды балаларға арнады.Ал бұл дегенім балалардың жан жақты дамып,білім алуына,ойнап өсуіне тәрбиешілердің тікелей ықпалы тиіп,көп қажырлы еңбек атқаратынын айқындап тұрғандай.
Қазіргі заман талабына сай өнерлі, шығармашылыққа бай, жан-жақты дамыған, өздерінің жағымды жақтарын көрсете білетін, өз ойларын ашық айтатын ұрпақ тәрбиелей отырып, мәңгілік ел болып қалыптасудың алғашқы қадамдары деп білемін. Салыстырмалы түрде сөйлейтін болсақ, кімнің пікірімен бөліссек те балабақшаға барған баламен, бақшаға бармаған баланың арасындағы айырмашылық жер мен көктей. Қай жағынан болмасын –адамдармен қарым-қатынас жасағанда да, сөйлеу мәнерлерінде де, өз ойларын жеткізе білуде де тағысын сол сияқты көптеген құбылыстарда да айырмашылықты байқап жатамыз. Ата-ана балаларын балабақшаға берместен бұрын «ол жерде балам не үйреніп шығады, тәрбиеші қандай болады екен?»- деген сұрақтар мазалайтыны түсінікті. Балабақшадағы оқу қызметтері 5 сала бойынша жүргізіледі, ең бастысы ойын ойнай отырып біліммен,тәрбиемен сусындаймыз.Әр саланың балаға берер өз үлестері бар,мысалы таным саласы ойлауы мен танымдық қабілеттерін арттырады,қатынас саласы тілі мен сөйлеуін,шығармашылық саласы өнерге баулыса,денсаулық саласы салауатты өмір салтын ұстану керектігін үйретеді және әлеумет саласы айналадағы қоршаған ортамен тығыз байланыс жасауды үйренеді.Осы 5 саланы кіріктіріп,бір-бірімен байланыстыру арқылы балаларға түрлі ойын сабақтар ұйымдастырады.
Сонымен қатар, тәрбиенің негізі отбасында қалыптасады дегенмен мұнан кейін балабақшаның да ролі зор. Ұлттық тәрбиеден салт –дәстүр ауыз әдебиетінен нәр алып өскен ұрпақ қай кезде де аталар аманатына адал боларына кәміл сенеміз. Ұлттық салт-дәстүрді мәдениетпен өнерді насихаттау – тәрбиенің төресі.
Бала көкпар, бәйге, қыз қуу, теңге алу, аударыспақ т.б ойындарымыз арқылы қазақи қайнардан тәлім алса ұлттық құндылықтарды бойына сіңіріп өседі. Балабақшадағы сәбилерге жоғары деңгейдегі ұлттық сана сезімді, рухани мұраларға және ұлттық мәдениетке деген құндылықтарды, отансүйгіштік, ұлттық намыс сезімдерін қалыптастырады. Балабақшадағы ұлттық тәрбие берудің мақсаты: Ұлтжандыққа отансүйгіштікке, тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін терең меңгеруге, ана тілін қадірлеуге үйрету. Балабақшадағы ұлттық тәрбиенің міндеті ата бабамыз қолданған үрдіс пен бүгінгі жаймен саралап, халықтық педагогиканың асыл мұралары негізінде саналы тәрбие беруді қилыстыру.
Жеке тұлғаны ұлттық тәрбие арқылы дамыта отырып, нақты әрекет арқылы оқытуда төмендегі құндылықтардың болуы қажет: – белсенді қарым-қатынас: баламен тәрбиешінің әрбір мәселеде өз көзқарастарын білдіріп отыруы; – индивидтік: тәрбиешінің әр жеке баланың ерекшелігін дамытуы, қоғам алдындағы жауапкершілігінің болуы; – өзіндік тәртіп: өзіндік бақылау мен бағалауды, шешім қабылдауды үйрену және оны дамыту; – шыдамдылық: әр түрлі пікірлерді қабылдай алу, бір-бірінің пікірлері мен ерекшеліктерін құрметтеу, қабылдау.
Балабақша – барлық тәрбие мен білімнің ең алғашқы баспалдағы іспеттес. Мұндағы тәрбие мен білім балалардың табиғи мінезін, қабілетін ерте жастан дамытады. Бала – болашағымыз, бала – қуанышымыз. Ендеше мектепке дейінгі үздіксіз тәрбиемен, біліммен қамту өзімнің басты мақсаттарымның бірі екенін қуана айта аламын.