Түркістан көз алдымызда көркейіп келе жатқан киелі мекен. Мұнда салынған баспаналардың түрі бір-бірінен асып түседі. Аталмыш тұрғын үйлердің барлығы дерлік жуырда ғана іргесі қаланған Жаңа қала мөлтек ауданында орналасқан. Шымкент қаласынан рухани шаһарға кірген бойда көздің жауын алар баспаналардың қатары жетерлік. Сонымен бірге тұрғын үй құрылысына қатысты мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасына сәйкес «7-20-25» ипотекалық тұрғын үй кредиттеу бағдарламасын іске асыру өз жемісін беруде. Ең маңыздысы биыл бағдарлама бойынша кредиттеу үшін 100 миллиард теңге көлемінде қаражат бөлінбек. Алайда әрбір қарыз алушы азамат аталмыш бағдарламаға бір рет қана қатысуға қауқарлы. Осы секілді халыққа қолжетімді Отбасы банктің құзыретіне кіретін «Нұрлы жер», «Бақытты отбасы», «Шаңырақ» «5-10-20», «Жас отбасы» бағдарламасы сынды бірнеше бағдарламалар іске қосылған. Сонымен қатар, мәліметтерге сәйкес Түркістан қаласында 2020 жылдан бастап көпқабатты 89 үй оның ішінде 5649 пәтердің құрылысы басталған. Биыл пайдалануға берілген пәтер саны өткен жылдармен салыстырғанда екі есе артқан. Бүгінде 12 мыңнан астам азамат тұрғын үй кезегінде тұрғаны белгілі. Сонымен бірге, 7 қабатты 64 тұрғын үйдің жобасы жасалып, құрылысын бастауға қаржы бөлінбек.
Кезектегілерге тұрғын үйді бөлу бір орталықтан жүргізіледі:
Мәселені қорытындылаған Үкімет басшысы Әлихан Смайылов биыл 15 млн шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланғанын, бұл 138 мың отбасыға тұрғын үй жағдайын жақсартуға мүмкіндік беретінін атап өтті. Өткен бес айда 4,7 млн шаршы метр тұрғын үй (өткен жылмен салыстырғанда 103,4%) пайдалануға берілді.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша біз тұрғын үй саясатының жаңа тәсілдерін әзірледік. Ол, бірінші кезекте, азаматтар үшін тұрғын үйдің қолжетімді болуын қамтамасыз етуге, сондай-ақ олардың тұрмыс жағдайын жақсартуға бағытталып отыр. Енді баспана кезегінде тұрғандар үшін тұрғын үйді бөлу «бір терезе» қағидаты бойынша бір орталықтан, ашық түрде жүргізілетін болады. Оның негізгі операторы – Отбасы банкі», деді Ә.Смайылов.
Сонымен қатар Премьер-Министр азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз етудің жаңа механизмдері туралы мәлімдеді. Онда арендалық төлемді субсидиялау және ауылдық жерлерде тұрғын үй салу сияқты қолдау шаралары бар. Биыл жаңа механизмдер есебінен 70 мың азаматқа үйді жалға алу үшін субсидия беру және ауылдық жерлерде 2,8 мыңға жуық адамды жаңа баспанамен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.
Жалпы, Әлихан Смайыловтың айтуынша, тұрғын үй саласындағы тәсілдерді топтастырып, бір ретке келтіру үшін Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасын қабылдау жұмыстары басталып кетті.
Сөзін аяқтай келе, Премьер-Министр Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен мүдделі мемлекеттік органдарға тұрғын үй саясатындағы жаңа тәсілдер бойынша заң жобасының барлық ережесін Парламентпен сапалы әрі жедел пысықтау; қажетті дерекқорлармен толыққанды интеграциялап, тұрғын үй саласында барлық ақпараттық жүйелерді іске қосу жұмыстарын аяқтау; баспанаға мұқтаж адамдарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында тұрғын үй және инженерлік инфрақұрылымның жоспарланған көлемін уақтылы іске қосу үшін шаралар қабылдау жөнінде нақты тапсырмалар берді.
Қолайлы орта қалыптастырудың ұлттық бірыңғай стандарты:
Үкімет отырысында мүгедектігі бар адамдардың тұрмыс сапасын жақсарту бойынша қабылданып жатқан шаралар қаралды. Бұл мәселе туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова, Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов пен Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев баяндады.
Премьер-Министр мүгедектерге мемлекет тарапынан үнемі қолдау көрсетілетінін атап өтті. Тиісті заңнамалық түзетулер қабылданып, мүгедектігі бар адамдар мен олардың отбасыларының табысын арттыру, өмір сапасын жақсарту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды.
«Мемлекет басшысы мүгедектікті белгілеу рәсімін жеңілдетуді тапсырды. Биылғы жыл басынан бері мүгедектікті сырттай белгілеудің қанатқақты жобасы бүкіл республика бойынша кеңейтілді», деді Премьер-Министр.
Сонымен қатар Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы техникалық құралдар мен емдік-сауықтыру қызметтерін алу мерзімі 8 айдан 30 күнге дейін қысқарды.
Биыл жылдың соңына дейін 17 ерте оңалту-араласу орталығы ашылады. Олар жаңа туған нәрестелердегі патологияны дер кезінде анықтауға және емдеуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар өңірлерде мүгедектігі бар адамдарға арналған 12 сауықтыру орталығын салу жұмыстары жүруде. Бұл әлеуметтік қорғау жүйесінде қосымша 25 мың адамды емдік-сауықтыру шараларымен қамтуға мүмкіндік береді.
Әлихан Смайылов бірқатар тапсырма беріп, мүмкіндігі шектеулі адамдарды қолдаудың кешенді шараларын іске асыруды жалғастыру қажет екен атап өтті.
Бірінші. Еңбекмині Денсаулық сақтау және Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктерімен бірге сырттай куәландыруды енгізу үшін ақпараттық жүйелерді интеграциялау және Әлеуметтік қызметтер порталын жетілдіру жұмыстарын жалғастыруы керек.
Екінші. Өңір әкімдіктері жыл соңына дейін мұқтаж адамдарды техникалық құралдармен және сауықтыру қызметтерімен қамту көрсеткішін 90%-ға және 2023 жылдың соңына қарай 100%-ға жеткізуі керек. «Мүгедектігі бар адамдарды күндіз қабылдайтын бөлімшелер желісін кеңейтіп, әлеуметтік қызмет көрсететін шағын үйлер құру қажет», деп атап өтті Ә.Смайылов аталған мәселеге тоқтала келе.
Үшінші. Денсаулық сақтау министрлігі әкімдіктермен бірге науқастарды ертерек диагностикалауға және мүгедектіктің алдын алу үшін ерте оңалтуға ерекше назар аударуы керек.
Премьер-Министр барлық мүдделі мемлекеттік органдарға әкімдіктермен бірлесіп, мүгедектігі бар адамдар үшін бейімдеу және қолжетімді ортаны қалыптастырудың Ұлттық бірыңғай стандартын әзірлеуді тапсырды. Осыған орай Премьер-Министр Үкіметтің міндеті – мүгедектігі бар адамдар үшін өмір сүруге қолайлы орта қалыптастыру екенін, сондықтан олардың тұрмыс сапасын жақсарту мәселелері министрлер мен әкімдердің ұдайы бақылауында болуға тиіс екенін атап көрсетті.