Демографиялық өсімі жоғары Түркістан облысында мектеп тапшылығын жою бағытында жүйелі жұмыс жүріп жатыр. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды мәлімдеді.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы білім сапасын көтеру мемлекеттің басым мақсаты екенін аттап өтті. Сондай-ақ балаларды оқыту үшін қолайлы жағдайлар жасау және орта құру міндетін қойды. Түркістан өңірінде демографиялық өсім жоғары. Осыған байланысты оқушы 35 мың орынға тапшылық бар. Аталған мәселені шешу үшін 4 бағытта жұмыстар жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда бюджет есебінен жобалық қуаты 8250 орын 34 мектептің құрылысы жүргізілуде. Биыл 20 мектепті тапсыру жоспарланған. Бүгінгі таңға 6 мектеп пайдалануға берілді. Президент бастамасымен құрылған «Білім инфрақұрылымын қолдау қоры» арқылы құны 9,4 млрд. теңге болатын, жобалық қуаты 6 650 орындық 9 мектептің құрылысы басталды. Ал «Жайлы мектеп» жобасы шеңберінде 3 жылда 63 мектеп салынады. Жобалық қуаты – 49 мың орын. Биыл 29 мектептің құрылысы басталып, келесі жылы аяқталады. Қалған 34 мектепті 2025 жылы тапсыру жоспарлануда. Сонымен қатар жеке инвестиция есебінен жобалық қуаты 5000 орын болатын 17 мектеп салынды, – деді Дархан Сатыбалды.
«Жайлы мектеп» жобасы бойынша құрылысы биыл басталатын 29 мектептің құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізетін мердігер мекемелері анықталып, тиісті жұмыстары жүргізілуде. Оларға қажетті инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жоспары бекітілді. Осы мектептерде жұмыс істейтін мұғалімдердің құрамы және олардың біліктілік талаптарын арттыру мақсатында облыс аумағында шетелдік озық педагогикалық тәжірибелермен танысу және оларды ендіру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Аталған бағытта өңірдің 15 педагогы Жапония мемлекетінің білім беру саласындағы Саяси зерттеулер Ұлттық Институтының қолдауымен «Мұғалім тәжірибесіндегі сабақты зерттеу (Lesson Study)» шетелдік семинарына қатысып келді. Алдағы 1,5 жыл ішінде облыстың 100 мұғалімі шетелде тәжірибе жинау семинарларына қатысады деп күтілуде.
Өңір басшысы мектептерді күрделі жөндеу мәселесіне де тоқталды. Қазіргі таңда облыста 121 мектеп бойынша талдау жүргізілуде. Бұл мектептер 1939-2011 жылдар аралығында пайдалануға берілген. Оның 51-іне 302 млн. теңге бөлініп, жобалық-сметалық құжаттары әзірленген. Осы мектептерді күрделі жөндеуге облыстық бюджет және «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы арқылы кезең-кезеңімен 2024-2025 жылдар аралығында 38,9 млрд. теңге қаржы қарастырылуда. Ал қалған 70 мектептің жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеуге 2024-2025 жылдардың бюджетіне керекті қаражат енгізу жоспарланып отыр.
Айта кететін, мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілді.
Мәлім болғандай, тұжырымдама 2 жастан 6 жасқа дейінгі балалар мен мектеп оқушыларына сапалы білім беру үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған.
Атап айтқанда, үш ауысыммен оқытатын және апатты мектептерді жою арқылы жайлы және қауіпсіз білім беру ортасын құру жөнінде шаралар қабылданады. Мәселені шешу үшін 1,5 млн жаңа оқушы орны ашылмақ. Мектептер қауіпсіздік жүйелерімен толық жабдықталады. 2026 жылға қарай ауылдарда, шағын қалаларда және аудан орталықтарында 5 мың мектеп жөндеуден өтеді.
Сондай-ақ, балалардың шығармашылық, интеллектуалдық және физикалық қасиеттерін қалыптастыру мен оқушылардың демалысын ұтымды ұйымдастыру үшін қажетті деңгейде көңіл бөлінеді.
Тұжырымдаманы орындау аясында техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде қазақстандық жастардың колледждерде сұранысқа ие мамандықтар бойынша тегін білім алуына баса назар аударылды.
Әлемдік білім беру кеңістігіне кірудің стратегиялық мәселелерінің бірі он екі жылдық оқыту үлгісіне көшу болып табылады. Бұл жүйеге көшу дайындығы қазіргі таңда білім беру мазмұнын жаңарту, педагог кадрлардың біліктілігін арттыру, білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын жаңарту арқылы жүзеге асырылуда.
Ал білім саласындағы түбегейлі өзгерістер ұстаздан үлкен жауапкершілікті талап етеді. Өздігінен білім алатын, жан-жақты ізденетін, алдағы өмір жолын өзі болжай алатын тұлға тәрбиелеу – ұстаздың қолында. Білім беруді жаңартылған мазмұнға көшіру аясында білім беру үдерісін басқару мектеп-интернатта жүйелі түрде жүзеге асуда. Осы орайда дарынды ер балаларға арналған мамандандырылған «Білім-инновация» мектеп-интернатында 30 жоғары білімді мұғалім еңбек етеді. Ұлы педагог К.Ушинскийдің «Мұғалім – өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім, ал оқуды, ізденуді тоқтатқанда, оның мұғалімдігі де жойылады» деген сөзін жадында ұстайтын ұстаздар заман талабына сай білім беру мақсатында қысқа мерзімді курстарда, деңгейлік курстарда білімдерін жетілдіруде.
Жаңа форматтағы деңгейлік курс бағдарламасы бойынша білімдерін жетілдірген 7 мұғалім мектептегі оқу үдерісіне өзгерістер енгізіп, білім беру қызметін заман талабына сай өзгертуде. Білім беру бағдарламасына сәйкес мектеп-интернатта тәрбие мен оқыту ажырамас байланыста жүргізіліп келеді. Мектептің мақсаты жоғары білімді, шығармашыл адамның үйлесімді тұлғаланып, дамуы үшін қолайлы білім беру кеңістігін жасау болып табылады. Сондықтан сабақ үдерісінде оқушылар сын тұрғысынан ойлауға, білімін шығармашылықпен пайдалана білуге, зерттеушілік дағдыларына, АКТ дағдыларына, топта және жеке жұмыс істей білуге, тілдік дағдыларға, қойылған міндеттер мен күрделі мәселелерді шеше білуге үйренеді.
Жаңа модельдегі ұстаным балаларды коммуникативті, өз өзіне сенімді, төзімді, дені сау, ашық және креативті ойлайтын, еңбекқорлық пен білімге құштарлық құндылықтарын бойына сіңіріп балабақшадан тәрбиеленіп шығуды көздейді.
Өткен жылы жаңа 39 мыңға жуық орынға арналған 458 балабақша іске қосылды. Жекеменшік балабақшалардың 93%-на мемлекеттік тапсырыс берілді. Нәтижесінде 2-6 жастағы балаларды қамту 89,4%-ға, ал 3-6 жаста 99,4%-ға артты. Былтыр балалардың дағдыларын, зерттеу қызметін дамыту және дамытушы орта құру үшін оқу және ойын материалдарының тізбесін көрсете отырып, мектепке дейінгі ұйымдарды жарақтандыру нормалары бекітілді.