Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Заң факультетінің Азаматтық құқық және азаматтық іс жүргізу, еңбек құқығы кафедрасында бакалаврлар, магистранттар және оқытушылардың Алматы қаласы Бостандық аудандық сотының судьялары Р.А. Тұрсымбаева және Т. Абайдельдиновамен ғылыми-практикалық кездесуі өтті, деп хабарлады Алматы қалалық сотының баспасөз-қызметі.
Іс-шараға з.ғ.д., профессор С.Ж. Сүлейменова, оқытушылар – С.Э. Асанова, Г.Г. Нұрахметова, Т.М. Абайдельдинов қатысты.
Судьялар Қазақстанның сот жүйесін жетілдіруге бағытталған мемлекеттік саясаттың мақсаттары мен міндеттерін түсіндіру барысында сот билігі қызметінің мәні мен мазмұны, сот жүйесін дамытудың перспективалары, оның ішінде ЕАЭО елдерінің заңнамалары мен халықаралық құқық нормаларын үйлестіру жайында баяндады.
Соттардың құқық қолдану практикасында материалдық құқық нормаларын – еңбек, зейнетақы, азаматтық, тұрғын үй, жанұя-неке, кәсіпкерлік, авторлық және өзге де жанама құқықтық салаларды іске асыру тетігінің жұмыстары мысал ретінде алынып, азаматтық-іс жүргізу құқығының теориялық мәселелері талқыланды. Судьялар Республиканың қолданыстағы заңнамасының, Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының және Жоғарғы сотының нормативтік қаулыларының, «Құқықтық актілер туралы» ҚР Заңында белгіленген басқа да құқықтық актілердің және сот преюдицияларының нормаларына жан-жақты тоқталды.
Судьялар студенттер мен оқытушылардың сұрақтарына жауап бере отырып, конкурстық негізде судьялық лауазымға орналасу шарттары туралы да әңгімеледі. Сұхбат барысында студенттер кәсіби білімді терең меңгерудің қажет екеніне, Бостандық аудандық сотында өндірістік және оқу тәжірибесінен өту мүмкіндігіне айрықша назар аударды.