ТІЛДЕР АПТАЛЫҒЫ БАСТАУ АЛДЫ

ТІЛДЕР АПТАЛЫҒЫ БАСТАУ АЛДЫ

Арыс қаласының "Білім бөлімі» мемлекеттік мекемесіне қарасты «Аққала жалпы білім беретін мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде тілдік бағыт педагогтері бүгін «Тіл - мәңгілік елдің тұғыры» атты онкүндіктің ашылуын өткізді.
Тіл – халқымыздың баға жетпес қазынасы. Оның тұңғиығына терең бойлап, рухани мұрамыздың құндылығына өскелең ұрпаққа жеткізу – аға буынның міндеті.
Онкүндік аясында таңертеңнен рухты әуен қойылып, оқушылар арасында «Тіл – мәңгілік елдің тұғыры» атты қазақ тілі, ағылшын тілі бойынша викторина сұрақтары қойылды.
Сонымен қатар тәтті тоқаштар таратылып, Отан, туған жер, тіл туралы мақал-мәтелдердің жалғасын тапты.
«Тіл - мәңгілік елдің тұғыры» тақырыбындағы апталықтың ашылуына орай орталық іші арнайы безендіріліп, ашылу рәсімі өтті.
Ашылу рәсімінде тіл туралы мағлұматтар беріліп, ән айтып, би биледі.
Сондай-ақ, балалар қойылған сұрақтарға жауап беріп, ойындарға белсене атсалысты.
Айта кететін, Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасының жобасын талқылау қорытындысы бойынша халықтың пікірі ескеріле отырып, өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.
Құжат жобасын әзірлеу кезінде тіл саясаты мәселелері бойынша кешенді әлеуметтанушылық және талдамалық зерттеулердің қорытындылары қаралды, талданды және қабылданды.
Тұжырымдаманы іске асыру елдегі тілдік ахуалдың әлеуетін және оның қоғамдық-саяси, әлеуметтік саланы дамытуға қосқан үлесін арттыруға, өңірлік деңгейде өзекті мәселелерді шешуге, оның ішінде тілдік кемсітушіліктің алдын алу жөніндегі шараларды жүзеге асыруға ықпал ететін болады.
​Құжат жобасында қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру мәселесі де жан-жақты қарастырылған. Әліпбидің бастапқы нұсқаларын әзірлеу кезінде туындаған мәселелер және оларды шешу жолдары талданған. Айта кету керек, бұл бағыттағы жұмыс кезең-кезеңмен жүргізілетін болады.
Тіл саясаты деген – қоғамның тілге саналы түрде әсер етуіне байланысты туындаған және үздіксіз даму үстіндегі категория. Тіл саясаты - әлеуметтік топтардың бәріне тән, соның ішінде көбінесе тікелей мемлекетке қатысты ұғым.
Мемлекет халқы мейлі бір ұлттан, мейлі көп ұлттан құралған болсын, бәрібір тіл проблемаларынсыз болмайды. Бір ұлтты мемлекеттегі тіл мәселесі тіл мәдениетін арттыру, әдеби тіл жүйесін жетілдіру (нормаландыру) бағытында таза лингвистикалық сипат алса, көп этносты мемлекетте қайшылық көбіне-көп тілдер арасындағы өзара қатынастан туындап, саяси лингвистикалық рең алады. Сондықтан тіл мәселесі саясатқа тіреледі.
Тіл мен саясат өзара тығыз байланысты категориялар. Тіл – саясаттың әрі нысанасы (обьектісі), әрі құралы. Ал саясат – тіл тағдырын шешетін мемлекеттің өзіндік ұстанған бағыты, шаралар жүйесі. Демек, қандай да бір мемлекеттегі тілдердің қоғамдық қызмет ауқымын саналы түрде арнайы дамытуға болатыны, не болмайтындығы туралы мәселенің басын ашып алу қажет.
Жалпы әлемдік тәжірибеге назар аударсақ, тіл екі түрлі жолмен дамиды да, құриды да: оның бірі – өзінен-өзі, арнайы ұйымдастырылмаған (стихиялы) түрде дамиды, не қолданыстан шығып құриды; екіншісі – қоғам, мемлекет тарапынан керекті бағытты жоспарлы түрде арнайы дамыту, не құрту.
Ендеше қоғамдағы не белгілі бір мемлекеттегі тіл мәселелерін шешу мақсатында белгіленген лингвистикалық шаралар мен идеологиялық принциптер жиынтығы тіл саясатын құрайды.
Сонда тіл саясаты дегеніміз – мемлекет, қоғамдық ұйымдар тарапынан жүзеге асырылатын қоғамдағы тілдік жағдаятты (языковая ситуация) өзгертуге немесе тұрақтандыруға бағытталған саяси, әлеуметтік және лингвистикалық шаралар жүйесі.
Ел-елдегі тілдік ахуалдың әртүрлі болуына байланысты тіл саясаты да алуан түрлі болып келеді. Тіл саясатының өзіндік сипатына қарай әр ұлттың ана тілі тағдыры шешіледі. Демократиялық бағыттағы саясат ұстанған мемлекет әр этностың ана тілінің өмір сүруі мен дамуына жағдай туғызса, кертартпа саясатқа бой ұрған мемлекетте бірді-екілі тілдің дамуына ғана мүмкіндік туғызып, қалғандарын іс жүзінде тежеп, бірыңғай мемлекеттік, әкімшілік тіліне көшіруге тырысады. Осы жолда қолда бар мүмкіншіліктің баршасын іске қосып бағады. Олай болса, тіл саясаты екі түрлі бағытта жүргізіледі деп түюге болады. Бір бағыты – тілді тұншықтыру, екіншісі – тілдердің еркін дамуына жағдай жасау.
Ұлттық-тілдік идеологияның типтері. Ұлттық-тілдік саясат белгілі бір теориялық және идеологиялық негіздемелерге сүйенеді. Мемлекет, қоғамдық кластар мен жіктер, партиялар, әртүрлі қозғалыстар ұлттық мәселе бойынша белгілі бір тұжырымдамаға, яғни өз түсініктерінде халық, ұлт, ұлыс дегендер кімдер, халықпен (этноспен) тіл, дін, мәдениет, мемлекет қалай байланысқан; мәдениетте, саясатта, идеологияда этникалық және жалпыадамилық, құндылықтар қалай сипатталады, халақтардың өзара қарым-қатынасындағы байланыстың мәні не т.б. мәселелер белгілі бір ұлттық-тілдік идеологияның типін анықтайды.
Гуманитарлық сараптамалық тұрғыдан ұлттық мәселе бойынша әлемдік қауымдастық белгілі бір басымдылықтар, бағыт-бағдарларға негізделген шарттар жасаған. Бұл шарттар БҰҰ құжаттарында анық көрсетілген. Айталық, «Адам құқығының баршаға ортақ декларациясы (1948) мен «Адам құқығы туралы Халықаралық биллге (1966) сәйкес этнос пен мемлекет құқығына қарағанда адам құқығы жоғары тұрады және өзіндік басымдылыққа ие. Этнос құқығы этносты құрайтын адамдар құқығы арқылы жүзеге асады, ал мемлекет этникалық белгілеріне қарамастан барлық азаматтар құқығын қамтамасыз етуі керек. Міне, осы мәселелер тіл саясатында үнемі назарда болады.
Тілдердің қолданылуын заң арқылы реттеу. Тілдердің қоғамда қызмет етуін заң арқылы реттеу, әдетте, көптілділік ахуалында қажет. Өйткені жоғарыда айтып өткеніміздей, Көптілді мемлекетте қайшылық көбіне-көп тілдер арасындағы өзара қатынастан туындап, саяси лингвистикалық рең алады. Сондықтан әрбір тілдің коммуникативтік жүйедегі орны анықталып, ресми мәртебелері мен қолдану аялары нақтылануы қажет.
Мемлекеттік тіл – мемлекеттік және қоғамдық өмірде аса маңызды қыз­меттерді атқаратын тіл: ол мем­лекеттік басқаруды, заң шығару мен сот ісі және дипломатиялық өкілдікті (мемлекет ішінде және одан тыс жерлерде) жүргізу тілі; мемлекет шегінде әкімшілік-саяси және әлеуметтік-экономикалық өзара іс-қимыл тілі; мемлекеттің этностық құ­рамына қарамастан, оқытудың барлық сатысындағы білім беру тілі; бұқаралық ақпарат құралдары мен жаңа ақпараттық технологиялардың тілі.
Ана тіліндегі әдеби көркем шы­ғармалар сол кездері әр үйдің кітап сөресінен табылатын. Ал қазіргі күні, өкінішке қарай, ауылда да, қалада да кітап оқымайтын ұрпақ қаулап өсіп келеді. Бұған кінәлі кітап шығару ісінің нарық жағдайына бағынып, бизнеске айналғаны да дер едік. Кітаптың ең басты нарығы – адамның рухани әлеміне беретін өлшеусіз көркем құндылығында. Тілдің қазыналы дүниесі арқылы ұлттық сананы қа­лып­тастыра білуінде. Бүгінгі таңда осы құнды тетіктен айырылып бара жатқандаймыз, осының салдарынан өз тілін білмейтін немесе шала білетін буынның қатары көбейіп келеді. Электрондық ақпарат құралдарының да шұбарланған сөздері де жастардың тілді игеруіне, ұлттық ой-сананың өсуіне кері әсерін тигізіп жатыр. Ал балаларға арналған қазақша танымдық әрі тартымды анимациялық дүниелер саусақпен санарлық, шетелдік мульт­фильмдердің кедір-бұдыр аударма нұсқалары тілді күйретпесе, балаға дұрыс сөйлеуді үйретпейді.
Еліміздің ұлтаралық саясаты – достыққа, бірлік пен ынтымаққа негізделіп келеді. Ал енді осы құн­дылықтар арқылы қоғам мүшелері қазақ тілінің дәрежесін арттыруға күш салып, белсенділік танытулары керек-ақ. Әрбір азамат мемлекеттік тілді меңгеріп алуды өзі үшін парыз деп білсе, соған мақсатты түрде әрекет жасаса, нәтиже де ойдағыдай болар еді.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысын өткізді, деп хабарлайды No-comment.kz - ...

30 жасқа толған, заң саласында жоғары білімі және кемінде 5 жыл жұмыс өтілі бар Қазақстан азаматы судья бола алады. Қазіргі уақытта судья лауазымына конкурстық іріктеу...