Қазақтың біртуар дарын иесі Шәкен Айманов: «Театр адамның өзін-өзі сахнадан көріп, өзін-өзі түсінетін орын» деп қасиетті сахна өнеріне үлкен баға берген еді. Иә, театр – адамның жан сарайын рахатқа бөлейтін тұғыры биік өнер.
Бүгін – халықаралық театр күні. Сонау 1961 жылдан бастап атап өтілетін театр күні тек театр қызметкерлерінің ғана емес, барша өнерсүйер қауымға ортақ мереке. Айтулы мерекеге орай Шымкентте де «Театр көктемі - 2024» І Қалалық ашық кәсіби театрлары фестивалі өтіп, бүгін мәресіне жетті.
Фестивальға «Qazmedpribor» компаниясы Бас демеушілік жасады. Аталмыш фестивальді ұйымдастыруға Шымкент қаласы мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы мұрындық болды.
Фестивальда үздіктерді анықтайтын қазылар құрамы белгіленді. Театртанушы, әдебиет сыншысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әлия Бөпежан Қазылар алқасының төрайымы болса, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бекболат Құрманғожаев, Мәдениет қайраткері, М. Әуезов атындағы ОҚУ «Өнер» кафедрасы меңгерушісінің м.а. Есілбек Бимурзаев, Шымкент қалалық опера және балет театрының Бас суретшісі Бақтыбай Күзембаев қазылар құрамының мүшелері болды.
Екі күнге созылған тартысты өнер додасына қала театрлары үздік қойылымдарымен келді. Нәтижесінде, үздіктер анықталды.
Атап айтар болсақ, Поэтикалық көркем қойылымы үшін Қазақ театры үздік атанды. Ал классикалық шығарманы заманауи сәтті интерпретациясы үшін орыс театры, Ұлттық құндылықты дәріптегені үшін өзбек театры, Көркем актерлік ансамблі үшін Қуыршақ театры және Шығармашылық ұмтылысы үшін Сатира театры үздік атанды, олар ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
Бұдан бөлек, Халықаралық театр күніне орай бірнеше театр қызметкерлері Шымкент қаласы мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының Алғыс хаттарымен марапатталды.
Осылайша «Театр көктемі - 2024» Шымкент театрларының арасындағы өзара үлкен бәйге болды деседе болады. Яғни, өнер ұжымдарының арасындағы бәсекелестікті қалыптастырды. Бұл өз кезегінде актерлер мен режиссерлерге шабыт беріп, алда талай биік белестерге жетелеуге, жаңаша шығармашылықпен айналысуға ынталандырды.