ШЫМКЕНТ: ПРОКУРОРЛАР ДЕНДРОБАҚҚА ДЕМАЛУҒА ЕМЕС, ТАЗАЛАУҒА КЕЛДІ

ШЫМКЕНТ: ПРОКУРОРЛАР ДЕНДРОБАҚҚА ДЕМАЛУҒА ЕМЕС, ТАЗАЛАУҒА КЕЛДІ

Республикалық «Таза Қазақстан» акциясы демалыс күні де барлық ауданда жалғасын табуда. Бүгін акция аясында дендробақ аумағы айнадай етіп тазартылды, деп хабарлайды ақпарат агенттігі NO-COMMENT.KZ.
Дендробақты тазартуға қалалық прокуратура қызметкерлері атсалысты. Жұмыс тобы саябақты толықтай тазалап, шөптерді орып, жинаумен айналысты. «Киелі мекен» апталығы аясында өтіп жатқан бұл тазалық жұмыстарының алдағы уақытта да жалғасып, ұрпаққа үлгі болары сөзсіз. Өйткені тазалық жұмыстары жүйелі жүргізілгенде нәтижелі болары анық.
—Бүгін сенбіліктің екінші аптасы аяқталып жатыр. Қаламызда көптеген жұмыстар атқарылды. Басты мақсат - тазалықты, таза жүріп-тұруды, қаламызға сүйіспеншілікпен қарауды тұрғындарға дәріптеу. Бүгінгі шараға қалалық прокуратурадан 170-ке жуық қызметкер қатысты. Бізден бөлек коммуналдық мекемелер арнайы техникаларымен тазарту жұмыстарын жүргізіп жатыр. Тазалық күнінде ерікті жастар, тұрғындармен бірге үлес қосуды мақсат тұттық. Әр аптаның әр түрлі атаулармен аталуында да өзіндік мән бар. Біз акцияның алдағы апталықтарына де белсене қатысамыз, - деді Шымкент қалалық прокуратурасының басқарма бастығы Бақытжан Байғазиев.
Шымкент қаласындағы тарихи-мәдени орындар, саябақтар мен аллеялар, ескерткіштерді тазалау осы аптамен аяқталмайды. Тұрғындар мұны дәстүрлі шараға айналса екен дейді. Алдағы уақытта акцияның үшінші апталығы басталмақ. Апталық аясында көшет отырғызу жұмыстары жүреді.
Айта кетейік, елімізде «Таза Қазақстан» республикалық акциясы басталды. Экологиялық шара әр апта сайын белгілі бір тақырып аясында өтеді. Мәселен, бірінші апта «Таза өлке» деп аталады. Тұрғындар, қоғам белсенділері, ұйымдар мен кәсіпорындар үйлері мен ғимарат аумақтарында тазалық жүргізеді. «Киелі мекен» деп аталатын екінші апта тарихи-мәдени ескерткіштер аумағын абаттандыруға арналады. Ал үшінші аптада көшеттер отырғызылып, ағаштардың түбі әктеледі. «Өнегелі ұрпақ» дейтін төртінші аптада ардагерлер сарайы мен қарттар үйлерінің аумақтарын тазарту көзделген. Соңғы бесінші аптада өзен-бұлақтардың арнасы қоқыстан тазартылады.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ