Президентке Мәдениет және ақпарат министрлігінің атқарған жұмыстарының нәтижесі, сондай-ақ ведомствоның алдағы қызметі барысында қолданылатын перспективті тәсілдер жөнінде баяндалды, деп хабарлайды no-comment.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа ақпарат, мәдениет, креативті индустрия, азаматтық қоғам, дін, этносаралық қарым-қатынас, жастар және отбасылық-демографиялық саясат салаларында қабылданып жатқан шаралар туралы мәлімет берілді.
Аида Балаева ведомствоның жетекшілік ететін салаларын дамытуға қатысты жоспарын айтты.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы министрлікке мәдени-тарихи нысандардың инфрақұрылымын дамыту, шығармашылықты қолдау, Қазақстанның мәдениетін шетелде дәріптеу секілді бірқатар нақты міндет жүктеді. Бұдан бөлек, креативті индустрияны институционалдық тұрғыда қолдау және аталған саланы жедел дамыту жұмыстарын жандандыру тапсырылды.