Тарих куәсі - тиындарды қалай сөйлетеміз?

Тарих куәсі - тиындарды қалай сөйлетеміз?
Мұражайларға жәдігерлердің сақталу жағдайлары түрлі дәрежеде түсіп жатады. Келіп түскен жәдігерлердің сақталу жағдайлары оның тарихи және материалдық құндылығын айқындап беретін негізгі фактор.
Біз, бұл жұмыста тарихи мәлімет көзі ретінде ең құнды жәдігерлер қатарынан табылатын археологиялық қазба жұмыстарында табылған нумизматикалық материалдарға жүргізілетін тазалау жұмыстары жайлы айтатын боламыз.
Археологиялық нумизматикалық табыстар сауатты түрде тазаланып, ақшалардың бетіндегі мәлімет көзі - бедерлердің мейлінше толық сақталып, зерттеушілерге жеткізілуі қамтамасыз етілуі қажет.
Археологиялық жұмыстар кезінде табылған металдан жасалған ақша түрлері реставрация шеберханаларына көп жағдайда өзінің негізгі пішінін жоғалтқан, қалың тат қабатына оранған, кейде тіпті толықтай минералданған жағдайда келіп түседі. Реставратордың міндеті осынау пішінсіз, сұрықсыз дүниеден өлке тарихын зерттеуге пайдасы тиер мәліметтерді сақтай отырып, мүмкіндігінше әу бастағы кейпіне қайта ендіру болып табылады.
Археологиялық қазба жұмыстарында табылған нумизматикалық табыстарды реставрациялаудың бұл сатысының сауатты жүргізілуі, жәдігердің реставрациялық жұмыстардан кейін зерттелуіне, одан әрі сақталу жағдайын белгілеуге мүмкіндік береді. Сондықтан, реставратор нумизматикалық материалдарды қайта қалпына келтіру ісіне өте ықтияттықпен келуі тиіс.
Ортағасырда ақшалар алтыннан, күмістен және мыс немесе мыс қоспаларынан соғылып отырған. Аталып өткен ақша металдарының әрқайсысына реставрациялық тазалау жұмыстары түрліше жүргізіледі. Қазіргі таңда металдан соғылған ортағасыр ақшаларын тазалауда механикалық, химиялық және электрохимиялық әдістер қолданылады. Бұл жолы біз тазалаудың тек химиялық тәсіліне тоқталамыз.
Металдан жасалған археологиялық табыстардың сақталу жағдайының нашар болып келіп жатуына топырақ құрамындағы тұздар мен хлоридтер себепкер болады. Топырақ құрамындағы элементтер әр металлға түрліше әсер етеді. Алтын мен күміс өздерінің инерттілігі арқасында зиянды хлоридтердің әсеріне азырақ ұшырайды. Алтыннан соғылған ақшаларды тазартылған (дистиллированный) жылы суда жұмсақ щетканың көмегімен жақсылап жуса жеткілікті. Ал күміс пен мыстан соғылған ақшаларды тазалауда олардың металының сынамы, сақталып қалған металл негізінің қалыңдығы, криссталдық құрылымы, металл құрамындағы қоспалар және ақша бетіндегі тат қабаттарының құрамын анықтап алу қажет. Осы жайттарды ескеріп, зерттеп алмай жүргізген тазалау жұмыстары кезінде жәдігерді бүлдіріп немесе мүлдем жарамсыз етіп алу қаупі бар.
Күмістен соғылған ақшаларды тазалауды бастарда күміс сынамын анықтап алу қажет. Егер күмістің сынамы 625-тен жоғары болса, арнайы тазалағыш құрал - зильбертаушбадермен тазалаған тиімді. Бұл сынамдағы күміс ақшаларды аммиактың 5 пайыздық ертінідісінде ұстау арқылы да зиянсыз тазартуға болады. Тарихта күміс ақшалардың сынамы үнемі жоғары болып отырмаған. Археологиялық табыстар қатарында металл құрамына түрлі қоспалар қосылған төмен сынамды күміс ақшалар да көптеп кездесіп отырады. Құрамында мыс қоспасы жоғары төмен сынамдағы күміс ақшалар, ақша металы құрамындағы мысқа тән «ауруларға» шалдығып отырады. Мұндай күміс ақшаларды мыс хлоридтерінен арылту үшін ақша металын бұзбай, тек бетіндегі тат және кірлермен ғана химиялық байланысқа түсіп, оларды жұмсартып, металл бетінен ажырауына жағдай жасайтын құмырсқа қышқылы ерітіндісінде тазалаған дұрыс. Ерітіндіге салынған жәдігерді ара-тұра ерітіндіден шығарып, ажыраған тат пен кірлерден жұмсақ щетка көмегімен арылтып, толық кетірілгенше қайталап отыру қажет.
Топырақ астында ұзақ уақыт бойы жатқан мыстан немесе мыс қоспаларынан соғылған монеталар жасыл түсті карбонаттар мен хлоридтердің, қызыл түсті шала тотық немесе түсі қара болып келетін мыс тотығына шалдығады. Мыс ақшалар металын тотығу өнімдерінен тазарту мақсатында ақша металына зияны мейлінше аз тәсілді ғана баяндаймыз. Бұл тәсілмен тазалау алдында мыс монетаны жылы суда органикалық сабын және щетка көмегімен кірлер мен жұқа тат қабаттарынан тазартып аламыз. Одан кейін әйнек немесе эмальданған керамикалық ыдысқа этилендиаментетрауксусты қышқылдың (трилон Б) 20 пайыздық ерітіндісін құйып, тазартылатын монетамызды толық бататындай етіп орналастырамыз. Процесстің жылдамырақ жүруі үшін ерітіндіні 70-80 градусқа жылытқан дұрыс. Арагідік монетаны ерітіндіден шығарып, жұмсақ щеткамен жібіген тат қабаттарынан тазартып отырамыз. Осылай тат қабаттарының қалыңдығына қарай бірнеше рет қайталанады.
Осы жұмыстар ретінен кейін ақша беті зиянды химиялық қосындылардан да, ақша бетіндегі бедерлерді жасырып тұрған тат қабаты мен кірлерден толық тазаланады. Тазаланған металл ақшаны тазартылған (дистиллированный) суға шайып, кептіреміз. Тазаланып, кептірілген мыс ақшаға түс беріп, консервациялаймыз.
Осылайша кішкене ғана жәдігер-металл ақшалар бетін тазарту арқылы, өлке тарихын зерделеуде баға жетпес мәліметтерді алуға болады.
 
Т.Жолдасов - Әзірет Сұлтан Ұлттық музей-қорығының қор сақтаушы.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Қасым-Жомарт Тоқаев көрнекті абайтанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, І дәрежелі «Барыс» орденінің иегері Мекемтас Мырзахметұлының дүниеден өтуіне...

Түркістан облысында ауыл шаруашылығы саласын дамыту, осы бағытқа инвестиция тарту, терең өңдеу ісін ширатып, су үнемдеу технологияларын енгізу...