Қаракерей Қазанбай (Қазығұл) батыр

Қаракерей Қазанбай (Қазығұл) батыр
Қаракерей Қазанбай (Қазығұл) батыр. 1680-1730 жылдары өмір сүрген. Қаракерей Қазанбай батырды көпшілік Қаракерей Қабанбай батырмен шатастырып жатады. Алайда, бұл екі тұлға өз алдына жеке батырлар. Қазанбайдың азан шақырып қойылған шын есімі Қазығұл болған. Әкесі Ырсымбет Ташкенттің жеті қақпасын билеген, жазба деректер мен ұрпақтарының айтуынша, Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі маңына жерленген. Ырсымбеттің балаларының арасында Қазығұлдың беделі ерекше болды. Қазанбай батыр 1723 жылға дейін бірнеше жыл Ташкентті (Шыназды) басқарған – бек болған. Алғаш рет жаудың бетін қайтарған 1728 жылғы Бұланты шайқасында, 1730 жылғы Аңырақай – Алакөл ұрыстарында көрсеткен ерліктері үшін «Қызыр Ілияс» белгісіне ие болды. Бұл «Қаһарманның қаһарманы» деген атаққа саяды. Батыр 1730 жылы Жоңғарлармен соғыста қайтыс болып, денесін немересі Байшуақ батыр Жолдыбайұлы Түркістанға жеткізіп, атасы Ырысымбеттің қасына жерлейді.
М.Тынышбаевтың 1925 жылы Ташкентте басылып шыққан «Қазақ халқының тарихына қатысты материалдар» - деген кітабында Ырсымбет пен Қазығұл батыр Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде жерленгені жазылған.
1723 жылы Жоңғар шапқыншылығынан болған «Ақтабан шұбырындының» орны алабөтен ерекше екені белгілі. Осы тұста соғыстың бірінші күнінен бастап, Қазығұл Ырысымбетұлы Жанғұлы руының сарбаздарына бас болып, Түркістаннан хан ордасын Сарыарқаға көшіруге күш салады. Бұл ұрыста қаланы ұстап тұра алмағанымен жау шабуылын біраз бөгеп, Арқаға қоныс аударған хан ордасын қорғап-қоршап, басқа қолбасшылармен бірлесе отырып, Қаратаудан асырып салысты. Қазығұл жайлы:
Қазығұл жас кезінен ер болыпты,
Бес Семіз баласына бел болыпты.
Төрт ұлын Төлегетай түгел жинап,
Қамқор боп, басын құрап, ел болыпты.
Тартыста «Қызыр Ілияс» жүлде алыпты,
Артында адал туған немересі
Ішіне Әулиенің апарыпты.
Ол кезде ел Ташкеннен арқаға ауған,
Қазығұл құтқарыпты талай жаудан
Сол кезде ашаршылық заман болып,
Ақтабан – шұбырынды қайың сауған.
Қазығұлдан жеті ұл тарайды, олар: Жолдыбай, Барлыбай, Базартай, Өтен, Көтенбай, Сетембай, Дауылбай. Оның тарихта «Жеті Қазығұл»,- деп атануы осыдан болса керек.
 
С.Байсеит - Әзірет Сұлтан Ұлттық музей-қорығының кіші ғылыми қызметкері.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Қасым-Жомарт Тоқаев көрнекті абайтанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, І дәрежелі «Барыс» орденінің иегері Мекемтас Мырзахметұлының дүниеден өтуіне...

Түркістан облысында ауыл шаруашылығы саласын дамыту, осы бағытқа инвестиция тарту, терең өңдеу ісін ширатып, су үнемдеу технологияларын енгізу...