Зооморфтық сипаттағы табақ бөліктері

Зооморфтық сипаттағы табақ бөліктері
Ежелден-ақ, қолөнершілердің туындыларында жануарлар бейнесін көрсету өріс алған. Исламға дейінгі дәстүрдің негізгі өзегі, белгілі бір өзгерістермен үйлесіп стильденген сипатта дами түскен. Сақ және түркі халықтарында ертеде қолданылған жан-жануарлардың шынайы бейнелері ортағасырларда стилизацияланған түрге айналып қолданды деуге болады.
Ескі Түркістан қазбасынан табылған қыш ыдыстардың бөліктерінен құс, балық, басқа да тіршілік иелерінің бейнелерін табуға болады. Бұларды зооморфтық сипаттағы өрнектер сарыны, өсімдік сипаттағы өрнектермен үйлесіп, түсірілген көркем керамика үлгілері десек, қыш ыдыстардың түбіне түсірілген өрнектер аспан әлемін, жерді, шаңырақты, өсіп жайқалған өсімдіктер әлемін, табиғат пен өмірдің ұштасып өрлеуін көрсетеді. Сондай-ақ, Қытайдың Мин династиясы тұсындағы фарфор ыдыстарына еліктеу де байқалады. Қытай фарфорына еліктеу табақтарды сәндеуден де көрінеді, олардың кейбірінде зооморфтық сәндеу байқалады, мұны музей қорындағы ыдыстың ішкі бетіне түсірілген түрлі балықтар мен анар бұтасы арасындағы қоянның суреттерінен көреміз. Солардың бірі 2000 жылы ескі Түркістан қазбасынан табылған ХV-ХVІ ғасырларға тән музей қорында ӘСММ КК №1130, ӘСММ КК 1128 табақ бөліктері мен ӘСММ КК №763 тағара бөлігін айтуға болады. Алғашқы табақ түбінде бастары бір-біріне беттескен екі балықтың, келесі табаққа ортасы нүктелермен толтырылып, қосарланған сызықтар арқылы силуэттік сурет құстың бейнесі салынса, үшінші тағара бөлігінде қашып бара жатқан қоянның бейнесін көруге болады. Қазба барысында табылған жәдігерлердегі ою-өрнектер, көшпенділердің ғылыми пайымы мен рухани өресі аса жоғары болғандығын дəлелдейді. Жергілікті халықтардың өмір сүрген аймақтарына байланысты ою-өрнек үлгілері дамып отырған. Мысалы, отырықшы өркениеттің өнері өсімдік өрнектері болса, көшпелілер мəдениетінде ыдыстарда айбарлы жолбарыс, тау теке, барыс, қабан, арқар, құлан, кер марал секілді жануарлар суреті салынды. Бұйымдардағы ою-өрнектер қоғамның дамуы жайында құнды мəліметтер береді. Зооморфтық бейнелер ежелден көшпелі өркениет мəдениетінде əлемнің үлгісін көрсету құралы ретінде қызмет еткен.
 
Ә.Егеубаева  - Әзірет Сұлтан Ұлттық музей-қорығының қор сақтаушы.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Қасым-Жомарт Тоқаев көрнекті абайтанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, І дәрежелі «Барыс» орденінің иегері Мекемтас Мырзахметұлының дүниеден өтуіне...