«Әзірет Сұлтан» музей-қорығының қор сақтау бөлімінің ең бір мәнді саласын құрайтын жазба ескерткіштер тобы. Мұнда қазірге дейін 2000 ға жуық жәдігерлер тіркелген. Олардың 600 ге жуығы кітаптар, яғни көне баспа кітаптар мен қолжазбалар және де жаңа басылымдағы өте сирек кездесетін құнды кітаптар.
Куфалық Сопы Имам Ағзам Абу Ханифа р.ғ.-дің араб тілінде жазылған «Әл-Фиқһуль Акбар» ("Ең терең білім") кітабы музей- қорында сақталған осындай үлкен рухани байлық. Кітап настағлик үлгісімен жазылған. Авторы - Ислам тарихындағы ірі тұлға Нұғман Сәбитұлы. Құрметпен қойылған аты - Имам Ағзам Әбу Ханифа, Исламдағы төрт мазхабтың бірі «Ханафия» мазхабының негізін салушы. 699-700 жылы Куфа қаласында туған, 767 жылы Бағдад каласында қайтыс болды. Сол замандағы мәшһүр ғалымдардан сабақ алған. Хаммад ибн Әли Сүлейменнен он сегіз жыл ілім үйренген, фиқһ ілімінің маманы болған. Өзі мата саудасы кәсібімен айналысады, сонымен қатар ілім алуды да тоқтатпайды. Саудагерлермен араласа жүріп, ілім оқуы қоғамдық қатынастарға байланысты ілімге терең кіріп, нақты түйін шығаруына үлкен көмегін тигізеді. Ол айналасына адалдық, тазалық, әдептілігімен танылады. Арамдық, айла, өтірікке жаны қас болды. Халық арасында: «Жасаған саудаң Имам Ағзамның саудасындай болсын» деген сөз бар. Жәй уақытта аз сөйлегенімен құқықтық мәселелер сұралғанда әңгімесі селдей ағатын. Ұстазы Хаммад қайтыс болғанда ол 40 жаста еді. Әрі қарай сабақты ұстазының орнына Әбу Ханифа жүргізді.
Әбу Ханифаны халық ұлы имам деп танып, «Имам Ағзам» деп атайтын болған. Ол кісінің жолын ұстағандар «ханафилер» деп аталды.
Ал енді кітаптың өзіне келер болсақ, бұл - XIX ғ. жазылған қолжазба жинаққа бірге түптелген Имам Ағзамның (р.ғ.) «Әл-фикхуль Акбар» («Ең терең білім») атты еңбегі. Кітап 1252 хж. (1836-37ж.) көшірілген. Көшірушінің аты-жөні белгісіз. 1254хж. (1838-39ж.) Молла Мұхаммед Ғалым саххаф түптеген, 226 беттен тұрады. Кітаптың өлшемі 263х150мм болса, тексттің өлшемі 146х56 мм. Әр бетте 15 жолдан, шығыс парағына настағлик үлгісімен көркем жазылған, өрнексіз. Кітапта ақаид - Құдай тану ілімі, яғни «Таухидтің" негізі туралы жазылған. Кәміл иман табу үшін адам баласы жеті нәрсеге, яғни Алла Тағалаға, Оның жаратқан періштелеріне, түсірген кітаптарына, жіберген Пайғамбарларына, ақырет күнінің болатынына, жақсылық пен жамандық Алла Тағаладан екендігіне, өлгеннен кейін қайта тірілуге кәміл сену керектігі айтылады.
Күнсұлу Әсетова - «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының экскурсоводы.