Әзірет Сұлтан Қожа Ахмет Ясауи бабамыз өмірге келген Сайрам шәріп – Алатаудың Сайрам деп аталатын шыңдарының бірінен бастау алатын Сайрамсу, Ақсу өзендерінің бойында орналасқан, өзен мен тау шыңының атынан қойылған көне қала. Кей деректерде Сайрам шәріп қаласының бір атауы – «Исфиджап шәріп» деп те аталады. Бұл да өзен атынан қойылған атау. Яғни «Ақ су» сөзі парсы тілінде «Сефид аб» дегенді білдіреді, кейіннен «Исфиджап» деп тілдік өзгеріске ұшыраған дейді. Бір деректерде бұл атаулардың бірі аймақтың атын білдірсе, бірі қаланың атын білдірген.
Дәл осындай Әзіреті Сұлтан бабамыз мыңдаған шәкірт тәрбиелеп, Хаққа жалғаған, ол әзіз мәңгілік тыныс тапқан қаланы «Түркістан шәріп» деп атаса, баз бір деректерден Ясауи ілімі тараған, түркілер жайлаған аймақ – «Түркістан шәріп» деп аталғанын көреміз.
Сондай-ақ бұл қасиетті Сайрам мен Түркістан түркілер топырағындағы ең алғаш сахабалар мен сахабалардың көзін көргендердің, таба-табиғиндердің, баптардың табаны тиіп, Ислам діні тараған аймақтан, қалалардан саналады. Саманилер мемлекеті, Қарлұқ қағанаты, Қарахан мемлекеті, Шағатай ұлысы, кейіннен Жошы ұлысы (Алтын орда) мен Темір мемлекеті, Моғолстан, Қазақ хандығы секілді мемлекеттердің құрамында болған барлық ғасырларда Сайрам мен Түркістан Исламның белді мәдени, рухани орталығы болған.
ХХ ғасырдың басына дейінгі Ясауия мәдениетіне тән жазбаларда бұл қала мен аймақтарға жоғарыда келтіргеніміздей «шәріп» деген сөзді қосып атағанын көреміз. Ал енді осы «шәріп» сөзінің мәніне тоқталатын болсақ халқымызда киелі жеті санымен байланыстырып айтылатын «жеті жетекші», «жеті ғашық», «жеті қазына», «жеті ғалам», «жеті күн», «жеті жұт» «жеті жоқ», «жеті жетім», «жеті ата» секілді ұғымдармен қатар «жеті шәріп» /жеті әулие/ деген де ұғым бар. Ол жеті шәріпке: Мекке шәріп, Медине шәріп, Бұхара шәріп, Шам шәріп, Қатым шәріп, Құддыс шәріп, «Кәләм шәріп» секілді жеті шәріпті кіргізсе, Ислам әлемінің кейбір ғұламалары орта ғасырларда бүкіл Ислам әлемінде Ислам ілімінің ірі орталықтары ретінде танымал болған, «шәріп» атағын алған, басты жеті қала ретінде Мекке, Медине, Бәйт ул-муқаддас, Бағдад, Дамаск, Мазар-Шәріп және Бұхара секілді қалаларды атаған. Сондай-ақ кейбір сүрелерге «Қул Һуә Алла шәріп», «Ықылас шәріп», «Ясин шәріп» деп «шәріп» сөзін қосып атайды. Яғни «шәріп» сөзі Ислам дінінің гүлденуі мен көркеюінде негізгі рөл атқарған қалаларға, Құрандағы бірегей, үш қайтара оқығанда толық Құран оқыған сауабы берілетін, Құранның жүрегі саналатын сүрелерге қосылып айтылатынына қарап «шәріп» деген сөз ол қалаға, жерге деген өте жоғары құрмет екенін көруге болады.
Ислам дінінің ошақтарының болған Сайрам, Түркістан шаһарларының да «шәріп» атағын алуына, мұндай құрмет пен мәртебеге жетуіне негізінен әулие Қожа Ахмет Ясауи (р.ғ.) мен ізбасарларының, осы топыраққа табаны тиген бабаларының шарапатынан екені теңдессіз туындылардың өн бойындағы мән-мазмұнында паш етілген. Алайда кейінгі ғасырларда «шәріп» сөзінің орнын «киелі», «қасиетті» деген сөздер ауыстырып, «Киелі Түркістан», «Қасиетті Түркістан», «Киелі Сайрам» деп аталып жүр. Сондай-ақ бұл қалалар мен оған қараған аймақтардың шын мәнінде киелі, қасиетті, құтты мекен болғанын білдіретін, ел аузында «Сайрамда бар сансыз бап, Түркістанда – түмен бап» деп айтылатын нақыл да бар.
Ұлықбек Жүнісбаев - "Әзірет сұлтан" музей-қорығының ғылыми қызметкер.