Жетісу облысында мал аустралиялық әдіспен өсіріледі

Жетісу облысында мал аустралиялық әдіспен өсіріледі

Сиыр етінің бағасын арзандату және қысқа мерзімде барынша салмақ қосуына қол жеткізу – аустралиялық мал өсіру әдісінің негізгі ұстанымы. Өзіндік құнының төмендеуі малды жайылымда бағу арқылы жүзеге асырылады, яғни бордақылау алдында еркін жайылған мал тез салмақ жинайды. Бұл әдісті Жетісудағы ірі шаруашылықтар қолдануда. Жайылымда бағылған мал тәулігіне 1,2-1,5 келі салмақ қосады, деп хабарлайды no-comment.kz тілшісі Премьер-Министрінің ресми ақпарат ресурсына сілтеме жасап.

Өңірге жұмыс сапары барысында вице-премьер Серік Жұманғарин Алакөл ауданындағы мал шаруашылығының жай-күйімен танысты. Мұнда 69 мың гектар алқапта мал шаруашылығының толық циклі: көбейту, өсіру, бордақылау қамтамасыз етілген аграрлық кластер құрылған. 

Мал басын көбейтумен 3 мың бас асыл тұқымды малға арналған «Шынжылы» шаруа қожалығы айналысады. Өсіруді «Арқарлы-Майбүйрек» ЖШС қолға алған. «Қайыңды» ЖШС-ында 5 мың бас ірі қара малға арналған бордақылау алаңы және тәуліктік қуаты 700 бас қой және 60-120 бас ірі қара немесе жылқы болатын ет комбинаты бар. Бұл ретте кәсіпорын тәуліктік қуатты 25 мың басқа дейін арттыруға дайын. «Алакөл агро» ЖШС 5 жыл бойы өнеркәсіптік ауқымда етті қой тұқымын жақсарту бағытында жұмыс атқаруда. 50 мың ұсақ малға арналған бордақылау алаңын салу жоспарланған.

«Алакөл агро» директоры Өмірбек Ахметовтің айтуынша, жайылымдық бағу арқылы олар малдың тәулігіне 1,2-1,5 келі, жалпы алғанда 200-250 келі салмақ қосуына қол жеткізген. 

«Жайылымға мал 350-400 келі салмақпен шығып, жаз бойы 200 келіге дейін жинайды, қалған 150 келісі қорада бордақылау есебінен жиналады», — деп атап өтті ол.  

Кәсіпорынның жеке оқыту орталығы бар, онда ғалымдар мал өсірушілермен бірге көп жыл бойы ірі қара мен ұсақ малдың тұқымын жақсарту бағытында жұмыс істеп келеді. Олар өз білімін еліміздің ауыл шаруашылығы игілігі үшін мемлекеттік ғылыми институттармен бөлісуге дайын.

Серік Жұманғарин Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп өндірісі ғылыми-зерттеу институтына Қазақстан бойынша кооперация мүмкіндіктерін пысықтауды және мал шаруашылығына ғылыми көзқарас бойынша ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.

Вице-премьер қазіргі уақытта жөндеу-дайындық жұмыстарына жабылған «АқсуҚант» ЖШС қант зауытында болды. Зауыт жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін үзілістермен жылына 4-7 ай жұмыс істейді. Оның максималды қайта өңдеу көлемі – 400-450 мың тонна. Десе де жаңғырту жұмыстарынан кейін қуаттылығы 1 млн тоннаға дейін артуы мүмкін.  

Бұдан бөлек, вице-премьер Қызылағаш өзеніндегі су қоймасы бөгетін қайта жаңарту жұмыстарының барысымен танысты. Бұл жерде Қызылағаш суару алабын салу жоспарланған, нәтижесінде 5,3 мың га алқапта жаңа суармалы жерлер айналымға енгізілетін болады. Осылайша Қызылағаш су қоймасы арқылы суарылатын жалпы аумақ 6,7 мың гектардан асады.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ