Еліміздің мәдени әлемінде небір дәулеткер термешілер, батырлар жырын жатқа айтатын дүлдүл жыраулар өткен. Шоқтығы биік осы жыршы-жыраулық өнер арқылы халқымыздың ауыз әдебиеті, мәдениетін дамытып, қаншама талант иелері төрткүл дүниеге танылуда. Осы ретте қазақ халқының бірлігін нығайтуға үлкен үлес қосқан үш бидің бірі – Әйтеке бидің есімін ұлықтап, туғанына 380 жыл толуына орай Түркістан қаласында аймақтық «Бабалар рухы үн қатты» дәстүрлі әнші, жыршы, термешілер байқауы өтті, деп хабарлайды No-comment.kz ақпарат агенттігі.
Байқаудың мақсаты – асыл сөздің маржаны мен терең ойдың тұнығын әуезді әнмен жеткізетін терме өнерін өскелең ұрпаққа, өнер сүйер жұртшылыққа кеңінен насихаттау. Таланттарды анықтап, дарынды өнерпаздардың кәсіби шеберлігін арттыру. Өнегелі, нұсқалы сөздердің тізбегіндей болған, халықтық дәстүрлер негізіндегі терме өнерінің жаңғыруына өзіндік үлесін қосып келе жатқан термешілерді анықтау. Сөйлеу мәдениетін қалыптастыру, ұлттық өнердің мәйегіне айналған дәстүрлі ән мен терме жанрын дамыту болды.
Байқаудың алғашқы құттықтау сөзін алған Түркістан қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы - Жарқынбек Құлбайымбетов үміткерлерге сәттілік тілеп, сөз алды.
"Халқымыздың өткен тарихында таңды-таңға атырып, тыңдарманын ұйыта тыңдатып, құлақ құрышын қандырған термешілер көп болған. Сондықтан қазақ халқы сөздің маржаны мен ойдың тұнығынан тағылым тартып, жұртшылықты адалдық пен әділдікке, тазалық пен имандылыққа тәрбиелейтін термені «текті сөздің төресі» деп бағалаған. Осындай өнерді төрге шығарып отырған Түркістан қалалық мәдениет үйі ұжымына үлкен алғысымызды білдіреміз", деді Ж. Құлбайымбетов.
Байқау екі кезеңді қамтыды. Алғашқыда үміткерлер Оңтүстік өңірінің термелерінен 2 шығарма орындаса, келесі кезеңде еркін тақырыпта 1 дәстүрлі ән орындады. Байқау шарты бойынша үміткерлер 2 (екі) буында өнерлерін паш етті. Біріншісі 11-21 жас аралығы кіші буын болса, 22-35 жас аралығы үлкен буын бойынша бақ сынады. Байқаудың қазылар алқасының құрамында айтыскер ақын, "Алтын домбыра" иегері, Түркістан қалалық балалар мен жасөспірімдер орталығының директоры Бекарыс Шойбеков, Қ.А. Ясауи атындағы ХҚТУ-нің доценті, педагогика ғылымдарының кандидаты, Ресей Жаратылыстану Академиясының профессоры, Түркістан облыстық ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Тоққұлова Гүлсара Төлебекқызы, Түркістан облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының Мәдени-демалыс жұмыстарын ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Жұманов Мұрат Төреханұлы болды.
Қазылар құрамы байқау үміткерлерінің өнерін тамашалап, жүлдегерлер есімін анықтады. Сонымен байқау қорытындысы бойынша, Үлкен буын арасында Бас жүлдені түркістандық Диана Арипбаева еншілесе, І орынға Созақ ауданының намысын қорғай келген Талғат Жайылхан лайық деп танылды. Үш бірдей ІІ орын Темірбаева Ұлжалғас (Бәйдібек), Ахансері Маханов (Шардара), Мамыр Бекзатқа (Келес) берілді. Екі ІІІ орын Файзулла Әбдірахман (Кентау) мен Құтымбай Іңкарға (Түркістан) табысталды.
Ал кіші буын бойынша Бас жүлдеге Түлкібастың төрінен қатысқан Арысбай Мұқасан ие болса, І орын Шардараның үкіліген үмітін арқалап келген Ұлан Садвахасқа бұйырды. ІІ орын түркістандық арулар Байсейіт Жасия мен Марат Ханшайымға берілді. Үш бірдей ІІІ орынның көгінен Сұңқарқызы Зере (Түркістан), Дүйсенбай Қасиет (Түркістан), Бектібай Асан (Келес) көрінді. Барлық жүлдегерлерге Дипломдар мен Алғыс хат және қаржылай сияпаттар берілді. Қазылық жасаған алқа құрамына да құрмет көрсетіліп, еңбектері еленді.
Ұлттық тәрбие мен халықтық өнерді насихаттауға бағытталған байқау жыр-термелерді орындау арқылы жыршылық, термешілік өнерге жаңаша серпін берген байқау жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Оның дәлелі бұған дейін қалалық болса, бүгінде аймақтық деңгейде ұйымдастырылды.
Ақиқаттың алдаспанына айналған от тілді, орақ ауызды жыр-термені насихаттау басты міндетіміз. Қолына домбыра алып, бабалар дәстүрін жалғастыруға ниет еткен талантты жастар байқаудан серпіліс алып тарасты.