Сыр сақтаған сырғалар

Сыр сақтаған сырғалар
Ең алғаш сырғалар Шығыс Европада шамамен 3000 жыл бұрын пайда болған. Алғашында сырғаны тек әйелдер ғана емес, ер адамдар да соның ішінде жауынгерлер мен батырлар бір сырға ғана тағатын болған. Сырға неолит заманында сүйектен, мүйізден жасалса, қола дәуірінде металға көшкен. Ал б.з.б. ІІ ғ -.б.з.ІІ ғ-нан бастап алтын мен күміске асыл тас орнатылып, сырғаның өте сәнді түрлері шыға бастады. Қазақ әшекейлерінің соның ішінде сырғаның ғұрыптық мән-мағынасына тоқталсақ алғашқыда ол құлаққа дүлей күштерден сақтау мақсатында тағылатын болған. Сырғаның тұтас тұрпаты да, жекелеген бөлшектері, материалы мен ою-өрнегі де белгілі бір мән-мағынаны білдірген. Мысалы, көз қондырылған бұйымның көз тиюден алдын-ала сақтайтын киелілік және емдік қасиеті бар.
Сондай-ақ, қазақтар үзбелі салпыншақтар сылдырымен жын-шайтанды үркітіп отырады деп түсінген. Мұндай ұғым басқа халықтарда да кездеседі. Мысалы, якуттарда сырғаны бесікті қорғау үшін ілетін болған. Ал қорым мен көктаста сырғаның бейнеленуі қайтыс болған адамның әйел екендігін білдіреді. Құлаққа сырға тағып жатқан кезде: «Құлағың ауырмасын, жаманшылық естіме, бетің ажарлы болсын» деген тілек айтылады. Қалыңдық санатына қосылған қыздардың сырғасындағы күн, жұлдыз, ай, дән, жапырақ, бидай түрінде ілінген салпыншақтар астарында ұрпақтың өсіп-өнуіне деген ізгі тілек жатыр. Мұнымен қатар сырға құлақ арқылы жаман күштің бойға енуіне жол бермейді деген наным қалыптасқан.
Ертеректе қыз баланы қырқынан шығара салып, құлағының сырғалығын тары дәнімен уқалап, етін өлтіріп, отқа қарылған инемен тесіп, оған жібек жіп өткізіп, тұйықтап байлап қоятын. Құлақтың тесігі бітеліп қалмау үшін кейінірек кішігірім күміс сырға тағатын. Ол «жас нәрестеге тіл-көз тимесін» деген ізгі тілектен туындаса керек. Бұрын ер баласы тұрмай жүрген немесе баланы өте кеш көрген ата-аналар ырым етіп қартайғанда көрген осы ұлымыз тұрсын, тіл-көзден, әр түрлі жаман күштерден аман болсын деген мақсатпен оны ұл емес қыз, деп құлағына сырға тағып қоятын болған. Баланың буыны бекіп ер жете бастағанда ғана оны құлағынан шешіп алған. Ел арасында мұндай ғұрып ХХ ғасырдың басына дейін сақталып, тіпті сирек те болса ХХ ғасырдың 40-50 жылдарына дейін де кездесіп қалып отырған.
Қазақтар мен түркімендердің әдет-ғұрып, салт-дәстүрін, тұрмысын зерттеген неміс этнографы Карутц Рихард айтқандай: «Ұзақ уақыт бала көтере алмай, кеш босанған әйелдер баласының құлағын әдеттегіден ертерек, үш жасында тескен, бұл баланың өмірін ұзартуға ықпал етеді деп сенген».
Қыз бала үшін міндетті саналатын құлақ тесу дәстүрі сүндетке отырғызумен бірдей саналған. Сондықтан да, ел аузында құлақ тесу - қыздың сүндеті деп айтылады. Ұзақ күттірген ұл дүниеге келгенде, оның да құлағын тесіп, сырға салатын болған. Бұл бір жағынан тіл-көзден қорғау үшін жасалса, екінші жағынан жын-шайтанды шатастыру мақсатын көздеген.
Мұндай ғұрып тувалықтарда болған, ал өзбектер мұндай жағдайда көп балалы жеті әйелдің әшекей сынықтарынан балқытып сырға жасаған. Қазақтарда ұл бала мұндай сырғасын бес жасқа дейін тақса, ал өзбектер үйленгенге дейін сырғасын алмаған.
Салт-дәстүр бойынша қазақ халқында атастырылған қыздың құлағына сырға тағу рәсімі бар. Ертеде қыздың басы бос, атастырылмаған болса, керегеге, кілемге, тіпті бақанға сырға іліп қою салты болған. Үйге келген қонақ немесе жолаушы ілулі тұрған сырғаны көрсе: «бұл үйдің бойжетіп келе жатқан немесе бойжетіп отырған қызы бар екен, ата-анасы әлі ешкіммен құда болмапты, қыздың басы бос екен», — деген ой түйген.
Қорыта айтқанда, сырғалар жасалған материалы мен жасалу тәсіліне қарай алтын, күміс сырға, қарала сырға, лажылы сырға, шытыра сырға, қолқа сырға, қозалы сырға, үзбелі сырға, күмбезді сырға, қоңырау сырға, ай сырға, айшықты сырға, ақық сырға, иықты сырға, иінді сырға, лағыл сырға, гауһар сырға, тұмарлы, салпылдақ, омыраулы, қозалы, жапырақты сырғалар, шілтерлі сырға, шұбыртпа сырға болып бірнеше түрге бөлінеді. Осындай сырғалардың бірнеше үлгісін «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы қорынан кездестіруге болады.
 
А.Уркинбаева - «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының ғылыми қызметкері.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ