Шымкентте қала құрылыстық кеңесі жұмысын бастады

Шымкентте қала құрылыстық кеңесі жұмысын бастады

Бүгін Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков қала құрылыстық кеңесінің отырысын өткізді, деп хабарлайды No-comment.kz ақпарат агенттігі.

Бұл жиын соңғы рет 2018 жылы ұйымдастырылған болатын. Қатысушылар мегаполистің Бас жоспарына, қаланың аумақтық дамуына және жиындарды өткізу регламентіне сәйкес атқарылып жатқан жұмыстарды қарастырды. Отырысқа сәулетшілер, құрылысшылар, инженерлер мен тиісті сала басшылары қатысты.

Шымкент қаласының әкімі кеңестің қала құрылысы саясатын іске асыру кезінде шешімдер қабылдаудың тиімділігін арттыру және қаланың сәулет саласындағы дамуын қамтамасыз ету үшін құрылғанын атап өтті.

«Кеңестің негізгі мақсаты - қаланың инфрақұрылымын, көп қабатты тұрғын үйлерін, қоғамдық-іскерлік ғимараттар мен саябақтарды жалпы қаланың көрінісін жергілікті тұрғындар мен қоңақтар үшін тартымдылығын арттыру. Кеңес мүшелерінің арасында алдағы уақытта мәселелерді қарауда ешбір жеке қызығушылық болмауы тиіс», – деді мегаполис басшысы.

Кеңес төрағасы болып қала әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Жұмабекұлы Асылов тағайындалды. Айтуынша, кеңестің негізгі қызметі - қала құрылысындағы жобалардың бас жоспардың, егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына сәйкес іске асырылуының тиімділігін арттыру мақсатында қарау. Сонымен қатар, жиын барысында қалалық Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбеков Бас жоспарға сәйкес атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндап, қатысушыларды алдын ала жасалған жұмыстармен таныстырды.

Айта кетейік, 29 адамнан тұратын кеңес отырыстарын айына бір рет өткізу жоспарлануда. Кеңестің жұмыс органы болып Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы атынан өкілдік ететін «Шымкентбасжоспар» КММ мекемесі болып табылады.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ