Шымкентте Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен Репродуктивті денсаулық апталығы өтуде, деп хабарлайды No-comment.kz ақпарат агенттігі.
Апталық аясында бүгін «Арбат» демалыс аймағында «Біз салауатты өмір салтын таңдаймыз!» атты іс-шара өтті.
Репродуктивті денсаулық апталығы жасөспірімдердің репродуктивті денсаулығының маңыздылығы, жоспарланбаған жүктілікті және жыныстық жолмен берілетін инфекцияларды болдырмау әдістері туралы төмен хабардарлығы, АИТВ инфекциясы мен ЖЖБИ-дің таралуының өсуі, сондай-ақ жатыр мойны қатерлі ісігін тудыратын адам папиллома вирусының алдын алу қажеттілігі сияқты мәселелерді шешуге бағытталған.
Арбатта Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасына қарасты 5 Жастар денсаулық орталығының уролог, гинеколог, психолог дәрігерлері жастарға медициналық кеңес берді. Сондай-ақ ЖИТС-тің алдын алу мен оған күрес орталық қызметкерлері жедел тест сынамасын алып, АИТВ-инфекциясын алдын алу бойынша ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Апталыққа Шымкент қалалық №6 емхананың Жастар денсаулық орталығының дәрігерлері атсалысты.
Іс-шарада 290-ға жуық жастар мен жасөспірімдер қамтылды. Оның 197-і кәмелетке толмаған жасөспірімдер. Экспресс тест алынғандар саны — 29 адам. Апталыққа жастар арнайы ұйымдастырылған спорттық шараға белсенді қатысып, өзара сайысты. Жарыста үздік атанған жастарға марапат беріліп, түрлі сыйлықтар табысталды.
Репродуктивті денсаулық апталығы Шымкент жастарының репродуктивті денсаулықтың негізгі аспектілері туралы хабардарлығын арттырудағы маңызды қадам болды. Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауының арқасында іс-шаралар жоғары деңгейде өтті және қазір салауатты өмір салтын қолдайтын саналы таңдау жасай алатын көптеген жастардың назарын аударды.