Қазақстан мен Үндістанның сайлау органдарының басты басымдығы - азаматтардың сенімі

Қазақстан мен Үндістанның сайлау органдарының басты басымдығы - азаматтардың сенімі

2024 жылғы 24 маусымда ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров Үндістан Республикасының сайлау жөніндегі Бас комиссары Раджив Кумармен Қазақстанға ресми сапары аясында кездесті, деп хабарлайды No-comment.kz ақпарат агенттігі.
Кездесуге Үндістан Республикасының Сайлау комиссиясының директоры Панкадж Шривастава, Үндістанның ҚР-дағы Төтенше және Өкілетті Елшісі доктор Т.В.Нагендра Прасад, ҚР ОСК мүшелері және аппаратының жауапты қызметкерлері қатысты.
Кездесу барысында екі елдің орталық сайлау органдары арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытудың өзекті мәселелері талқыланды.
ҚР ОСК басшысы үнділік әріптесіне Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашылық еткен және 2022 жылғы 5 маусымда өткен республикалық референдумда жалпыхалықтық қолдауға ие болған конституциялық реформа аясында Қазақстанның жаңартылған сайлау жүйесінің ерекшеліктері туралы хабардар етті.
Сайлауды байқаушыларды өзара жіберудің тәжірибесі табысты дамып, артып келе жатқанын атап өтті. Мәселен, Үндістан өкілдері 2019 жылы Қазақстан Президентінің және 2023 жылы Парламент Мәжілісінің депутаттарының сайлауына халықаралық байқауға қатысты. Сондай-ақ, ҚР ОСК төрағасы 4-8 мамыр аралығында Үндістанның Халықтық өкілдер палатасына (Лок Сабха) сайлаудың үшінші кезеңін халықаралық байқауға алғаш рет қатысуға мүмкіндік бергені үшін әріптесіне алғысын білдірді. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, ол әріптесін ауқымы бойынша бұрын соңды болмаған сайлау науқанының сәтті аяқталуымен құттықтады.
Кездесу барысында Раджив Кумар Лок Сабха сайлауын өткізудегі қиындықтар, оның ішінде сайлау науқанын ақпараттық сүйемелдеу, жалған ақпарат пен фейкке қарсы тұру мәселелері, сонымен қатар сайлауды қаржыландырудың кейбір аспектілері туралы айтты. Ол сондай-ақ Қазақстанға келу – оның осы сайлау аяқталғаннан кейінгі алғашқы сапары екенін атап өтті.
Халық өкілдерін (Лок Сабха) сайлау бойынша дауыс беру процесі 44 күн ішінде (2024 жылғы 19 сәуірден 1 маусымға дейін) жеті кезеңде өтті. Үндістан сайлаушылар саны бойынша әлемдегі ең ірі ел (шамамен 1 млрд. адам), олар автономды электрондық дауыс беру жүйелерін (EVM - Electronic Voting Machine) пайдалана отырып, сайлау учаскелерінде дауыс береді. Бұл ретте Үндістанның сайлау жүйесінің ерекшелігі дауыс беру процесін фото-, бейнетүсірілімге, сондай-ақ сайлау учаскелерінде фото -, бейнемониторингке тыйым салу болып табылады.
«Біз Үндістанның сайлау комиссиясының қызметін таңданыспен байқаймыз, ол Сіздің басшылығыңызбен сайлау саласындағы халықаралық және аймақтық қауымдастықтар шеңберінде белсенді қызмет атқарады. Сіз 2021-2022 жылдары Дүниежүзілік сайлау органдары қауымдастығына (А-WEB) төрағалық еттіңіз. Сонымен қатар 2022-2024 жылдары және алдыңғы жылдары Азия сайлау органдары қауымдастығына (ААЕА) төрағалық етуіңізді жоғары бағалаймыз», - деді Нұрлан Әбдіров Үндістанның бас комиссарына сөйлеген сөзінде.
Кездесу барысында Ортсайлаукомның басшысы Үндістанның тәжірибесін бірегей екенін және екіжақты ынтымақтастықта өзара тәжірибе алмасу өте пайдалы деп санайтынын атап өтті. Бұл ретте ол өзара іс-қимылды неғұрлым жоғары, стратегиялық деңгейге шығаруға мүдделілік білдірді. Екі мемлекеттің сайлау жүйелерін біріктіретін басымдық - сайлаушылардың сенімін арттыруға ұмтылу екенін атап өтті.
Тараптар екіжақты кәсіби ынтымақтастықты кеңейтуге және тереңдетуге келісті. Нұрлан Әбдіровтің Қазақстан мен Үндістанның орталық сайлау органдары арасындағы Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қою туралы ұсынысын оның әріптесі Раджив Кумар қолдады. Жақын арада осы құжатқа қол қойылғаннан кейін оны іске асыру үшін іс-шаралардың егжей-тегжейлі жоспарын әзірлеу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
Өз кезегінде Үндістан Республикасының сайлау жөніндегі Бас комиссары Раджив Кумар қазақстандық әріптестеріне Үндістандағы Демократия және сайлауды басқару халықаралық институты базасында халықаралық оқыту бағдарламаларына қатысуға, сондай-ақ ағымдағы жылдың соңында өтетін Үндістанның жекелеген провинцияларындағы жергілікті сайлауды байқауға қатысуға ұсыныс білдірді.
Сол күні ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев Раджив Кумар бастаған үндістантық делегациямен кездесті.
Мәулен Әшімбаев кездесуге қатысушыларды Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде іске асырылып жатқан реформалармен, соның ішінде Қазақстан Конституциясына маңызды түзетулермен таныстырды, оның ішінде аралас сайлау жүйесін, жеті жылдық бір реттік президенттік мерзімді, Парламент Мәжілісінің депутаттығына кандидаттарды ұсыну кезінде партиялық тізімдерде әйелдер, жастар және мүгедектігі бар адамдар үшін 30%-дық квотаны енгізу бар. Сенат Спикері заңнамалық өзгерістер билікті орталықсыздандыру, саяси жүйенің тежемелігі мен тепе-теңдігін күшейту және саяси партиялар арасындағы бәсекелестікті арттыру бағытында жүргізілгенін тілге тиек етті.
Өз кезегінде Раджив Кумар елдегі әлеуметтік-экономикалық және саяси өзгерістерді, атап айтқанда, азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған өзгерістерді жоғары бағалады және парламентаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға үміт білдірді.
Сапар аясында Үндістан Республикасының делегациясы ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиевпен кездесіп, ҚР цифрлық үкіметінің тұжырымдамасы және функционалымен танысты, оған елдің цифрлық экожүйесін трансформациялау жөніндегі жұмысы көрсетілді.
Өзінің сапары аясында Раджив Кумар мырза Астана қ. әкімі Жеңіс Қасымбекпен кездесті, Астана және Алматы қалаларының аумақтық сайлау комиссияларының қызметімен танысты.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ