Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында газ саласын дамыту мәселелері туралы энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев баяндады, деп хабарлайды No-comment.kz тілшісі Премьер-Министрінің ресми ақпарат ресурсына сілтеме жасап.
Министр атап өткендей, 2024 жылға арналған өндіру жоспары 60,5 млрд м3 құрайды, бұл 2023 жылдағы көлемге қарағанда 2,3%-ға артық. 2024 жылдың І жартыжылдығында газ өндіру 30 млрд м3 құрады, бұл 2024 жылға арналған жоспардың 50%-ын құрайды.
Газ өндірудің негізгі өсімі ірі кен орындары – Қарашығанақ, Теңіз және Қашаған есебінен көзделеді.
«2023 жылы тауарлық газды өндіру көлемі 29,8 млрд м3 құрады. Осы жылғы жоспарда 29,8 млрд м3, оның ішінде бірінші жартыжылдықта 14,9 млрд м3 өндірілген, бұл осы жылғы жоспардың 50% құрайды», — деді А. Сәтқалиев.
Тауарлық газдың жалпы көлемінен өткен жылы ішкі нарық қажеттіліктеріне 19,4 млрд м3 жеткізілген. Осы жылғы тұтынудың болжамды көлемі шамамен 20,9 млрд м3 құрайды.
2023 жылы 1,6 млн тонна сұйытылған мұнай газы өндірілді. Осы жылғы жоспар да 1,6 млн тоннаны құрайды және осы жылдың І жартыжылдығының қорытындысы бойынша 0,8 млн тонна өндірілді, бұл осы жылға арналған жоспардың 53,3%-ы.
Сондай-ақ министрдің айтуынша, тауарлық газдың ресурстық базасын 2023 жылдан 2030 жылға дейін ұлғайту серпіні анықталды.
Газдың болжамды теңгерімі бойынша тауарлық газды өндіру көлемі тұрақты өсіп жатыр. Өткен жылғы 22,5 млрд м3 бастап 2030 жылға қарай 36,6 млрд м3 дейін 1,6 есе өседі деп күтілуде.
Жаңа газ кен орындарын барлауға және игеруге инвестициялар тарту шеңберінде QazaqGaz бен Chevron арасында Ақтөбе облысындағы Жәлібек учаскесінде геологиялық барлау жұмыстарын бірлесіп жүзеге асыру туралы келісімге қол қойылды.
«2026-2030 жылдарға дейінгі кезеңде кезең-кезеңімен төрт газ өңдеу зауытын іске қосу басталады. Атап айтсақ, Қашаған кен орнының шикізаты негізінде – қуаты жылына 1 млрд және 2,5 млрд м3, Қарашығанақ кен орнының шикізаты негізінде – қуаты жылына 4 млрд м3, сондай-ақ Жаңаөзен қаласында қуаты жылына 900 млн м3 газ өңдеу зауытын салу көзделген», — деді энергетика министрі.
Сондай-ақ оның айтуынша, Қашаған кен орнының шикізаты негізінде газ өңдеу зауыттарын салу үшін Қатарлық инвестор UCC Holding тартылған.
Қазіргі уақытта «QazaqGaz» ҰК» АҚ мен «UCC Holding» компаниясы осы жобаларды іске асырудың соңғы шарттарын келісіп жатыр.
«Қарашығанақ» газ өңдеу зауытын салу жобасы оператордың қаражаты есебінен іске асырылатын болады. Осы жылдың ақпан айында EPC тендеріне қатысуға құжаттарды қабылдау аяқталды. Қазіргі уақытта әлеуетті өнім берушілердің тендерлік өтінімдерін бағалау жұмыстары жүріп жатыр.
Бұған қоса, министрдің айтуынша, ведомствоның басым міндеттерінің бірі – елді газдандыру және газ тасымалдау жүйесін дамыту.
«2030 жылдың қорытындысы бойынша ел халқының 60%-ы немесе шамамен 12 млн адам газға қол жеткізді. Биыл газдандыруды жалғастыру мақсатында республикалық бюджеттен 89,3 млрд теңге бөлінді. Сондай-ақ Үкіметтің іс-қимыл жоспары аясында қосымша 105,4 млрд теңге бөлінді, бұл 300 мыңнан астам адамды газбен қамтамасыз етуге және 1 700 км астам газ желілерін жаңғыртуға мүмкіндік береді», — деді А. Сәтқалиев.
Ел тұтынушыларын газбен үздіксіз қамтамасыз ету үшін ірі стратегиялық инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру жоспарланып отыр, оның ішінде «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистральдық газ құбырының екінші желісін, «Ақтөбе – Қостанай» магистральдық газ құбырын, «Талдықорған – Үшарал» магистральдық газ құбырын салу жобалары бар.
Сонымен қатар еліміздің газ транзиттік әлеуетін толыққанды пайдалану бойынша жұмыстар жүріп жатқанын атап өткен жөн. 2023 жылдың қазан айында Ресей газын Өзбекстан Республикасына транзиттеу іске қосылды. Өткен жылы 1,28 млрд м3 тасымалданды. Биыл оны 3,8 млрд м3 дейін ұлғайту жоспарда бар.
Сондай-ақ түрікмен және өзбек газын Қытай Халық Республикасына транзиттеу тұрақты өсім көрсетуде. Сонымен қатар ресейлік газдың Қырғызстанға транзитін арттыру мәселесі талқылау сатысында.
Бағаға қатысты айтар болсақ, министрдің айтуынша, бүгінгі таңда тауарлық газдың бекітілген көтерме сауда бағасы 1 мың м3 үшін 23 646 теңге болған кезде, тауарлық газдың орташа өзіндік құны 33 169 теңгені құрайды.
«Газ саласына инвестициялар тарту және тауарлық газдың өзіндік құнына қол жеткізу мақсатында халық үшін бағаның күрт өсуіне жол бермеу есебімен, газ бағасын кезең-кезеңімен көтеру талап етіледі», — деді министр.
Мәселен, 2024 жылғы 1 шілдеден бастап еліміздің ішкі нарығында тауарлық газды көтерме саудада өткізудің шекті бағасы қайта қаралып, орта есеппен 14,6% ұлғайды.
Жалпы, үш жыл ішінде ішкі нарықта газды сатудың шығынсыз болуына қол жеткізу жоспарлануда, бұл елдің газға деген өсіп келе жатқан қажеттілігін жабуға және еліміз үшін маңызды инвестициялық жобаларды іске асыруға мүмкіндік береді.
Газ химиясын дамыту мәселелері бойынша министр бүгінгі таңда карбамид пен аммиак шығаратын жобаларды іске асыру мәселесі пысықталып жатқанын, оның жалпы құны $2,7 млрд құрайтынын айтты. Онда 1,2 мың жұмыс орнын құру көзделген.
Жақын арада Теңіз кен орнының тауарлық газынан барлық қажетті фракцияларды алу жоспарлануда, бұл бірі «Полиэтилен» жобасын іске асыруға мүмкіндік береді.
Алдағы уақытта Қашаған кен орнынан қажетті фракцияларды алу маңызды мәселе болып табылады, бұл мұнай-газ химиясы жобаларына жаңа инвестициялар тартуға мүмкіндік береді.
Қазақстанның ірі кен орындарындағы газдың айрықша қасиеті – оның құрамында мұнай-газ химиясы саласына қажетті «майлы» фракциялардың (этан, пропан, бутан) көп болуы.
Алмасадам Сәтқалиев тоқсан сайын өңірлер бойынша шамамен 360 мың тонна сұйытылған газ бөлінетінін айтты. Алайда, тоқсандық өндіру мен бөлу көлемі басынан өңірлердің қажеттіліктерінен 130 мың тоннаға немесе 26% аз.
«ҚР Ішкі істер министрлігінің мәліметі бойынша, 2023 жылы газбен жүретін көліктердің саны 582 мың болды немесе 2022 жылмен салыстырғанда 18%-ға көбейген. Сұйытылған газға төмен баға белгілеуге байланысты еліміздің автокөлік жүргізушілерінің осы отынға ауысуы байқалады, бұл өз кезегінде тұтынудың артуына себеп болып отыр», — деді А. Сәтқалиев.
Министрдің айтуынша, тұтынуға жүргізілген талдау сұйытылған газға өңірлер бөлінісінде, әсіресе, шекаралас өңірлерде сұраныстың өскенін көрсетіп отыр. Сондай-ақ министрлік бөлетін сұйытылған газ көлемінің бір бөлігі мұнай-химия саласын дамыту үшін мұнай-химия өнімдерін шығаратын өнеркәсіптік кәсіпорындарға жіберілетінін атап өткен жөн.
«Әлемнің ешбір елінде сұйытылған мұнай газы отын ретінде пайдаланылмайды, бірақ қосылған құны жоғары өнімдерді алудың маңызды элементі ретінде қолданылады», — деді энергетика министрі.
Елде шикізат ретінде сұйытылған мұнай газын пайдаланатын полипропилен және метил-трет-бутил эфирін өндіретін 3 зауыт жұмыс істейді. Инвестициялардың жалпы көлемі $2,7 млрд құрады, 1,7 мың жұмыс орны құрылды.
Сонымен қатар бутадиен өндіру жобасын іске асыру мәселесі пысықталуда, оған шикізат-бутанды Теңіз кен орнынан жеткізу жоспарланып отыр. Жобаның құны $1,4 млрд құрайды, 750 тұрақты жұмыс орны құрылады.
Бүгінгі таңда алкилат пен полипропилен өндіру бойынша жобалар бар, оларға $300 млн инвестиция салу және 2 мың жұмыс орнын құру жоспарлануда.
Осы инвестициялық жобаларды іске асыру үшін жылына 345 мың тонна көлемінде сұйытылған мұнай газы қажет.
«Мұнай-газ химиясы өнеркәсібі жобаларын іске асырудағы сұйытылған мұнай газының маңыздылығын ескере отырып, мемлекеттік жоспарлау жүйесінде сұйытылған мұнай газын мұнай-газ химиясына арналған стратегиялық бағыт ретінде бекіту қажет деп санаймыз», — деді А. Сәтқалиев.
Министр «QazaqGaz» ҰК» АҚ-ны апатсыз әрі үздіксіз газбен қамтамасыз ету мақсатында 2024-2025 жылдардағы жылыту маусымына газ тасымалдау жүйесін дайындау мәселелеріне жеке тоқталып өтті.
«Бозой, Ақыртөбе, Полторацкое үш жерасты газ қоймаларын газбен толтыру жұмыстары жүргізілуде, олар қысқы ең жоғары тұтыну кезеңдерінде буфер ретінде қызмет етеді. Сондай-ақ 182 ақаулы құбырды ауыстыру жұмыстары жүргізілуде», — деді министр.
Газ тарату құбырлары бойынша жабдықтарды жөндеу, газ құбырларын тексеру жұмыстары жүріп жатыр.
Тұтастай алғанда, газ тасымалдау жүйесін күзгі-қысқы кезеңге дайындау графикке сәйкес жүріп жатыр және оны осы жылғы он бесінші қыркүйекке қарай аяқтау жоспарланып отыр.
Президенттің тапсырмаларын іске асыру шеңберінде басқарудың тиімділігін арттыру және газ секторында көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсарту үшін мынадай шаралар кешені әзірленді:
-
Тұрмыстық тұтынушылар үшін тауарлық газды тұтыну нормаларын бекіту. Осы шара газ тұтынудың әділ және ашық есебін қамтамасыз етуге бағытталған, бұл ресурстарды тиімді басқаруға және халық арасында шығыстарды әділ бөлуге ықпал етеді.
-
Деректерді қашықтан беретін газ есептегіштерін орнату арқылы газды есепке алуды автоматтандыру. Газды есепке алудың заманауи технологияларын енгізу есепке алудың дәлдігін арттыруға, қызмет көрсету шығындарын азайтуға және газды тұтынуды бақылауды жақсартуға мүмкіндік береді.
-
Мұнай-газ-химия жобалары үшін тауарлық газды көтерме саудада өткізудің ұзақ мерзімді бағаларын белгілеу. Бұл шешім мұнай-газ-химия саласын қолдауға және дамытуға, жобалардың ұзақ мерзімді жоспарлауы мен инвестициялық тартымдылығы үшін бағалардың тұрақтылығын және шикізат шығындарының болжамдылығын қамтамасыз етуге бағытталған.
-
Газбен жабдықтау объектілерін мемлекеттік меншіктен QazaqGaz балансына беру рәсімін оңайлату. Бұл беру процестерін жеделдетуге, газ тарату желілерін басқарудың тиімділігін арттыруға және халықты және өнеркәсіптік кәсіпорындарды сапалы және сенімді газбен жабдықтауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.