Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен ҚР Үкіметінің отырысында жасанды интеллектіні дамыту тұжырымдамасы қаралды. Саладағы жобалардың іске асырылуы туралы ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев баяндады, деп хабарлайды No-comment.kz тілшісі Премьер-Министрінің ресми ақпарат ресурсына сілтеме жасап.
Министрлік Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2024–2029 жылдарға арналған жасанды интеллектіні дамыту тұжырымдамасын әзірледі.
«Мемлекеттердің жасанды интеллектіні қолдануға дайындығы Oxford Insights әзірлеген әдістемемен анықталады. Осы әдістемеге сәйкес Қазақстанның цифрлық әлеуеті (76%) және деректердің қолжетімділігі (74%) көрсеткіштері бойынша жоғары әлеуетке ие. Сонымен қатар біз жасанды интеллект саласындағы елдік стратегиялық құжаттардың болмауына байланысты “пайымдау” көрсеткіші бойынша айтарлықтай артта қалып отырмыз», — деді Жаслан Мәдиев.
Тұжырымдаманың негізгі мақсаты — жасанды интеллект экожүйесін құру, экономика және мемлекеттік басқару салаларында жасанды интеллект технологияларын енгізу.
Аталған мақсатқа жету үшін Тұжырымдамада келесі бағыттар жеке-жеке қарастырылады:
• деректер
• инфрақұрылым
• адами капитал
• ғылыми зерттеулер
• реттеуші орта
• акселерациялық бағдарламалар
Деректер – жасанды интеллект дамуының негізгі элементтерінің бірі. Аталған бағытта үлкен жұмыс атқарылуда. «Ұлттық ақпараттық технологиялар» акционерлік қоғамы мемлекеттік органдардың деректерін SDU-да (Smart Data Ukimet) жинайды. SDU-ға жаңартылып тұратын 93 деректер базасы (мемлекеттік органдар, квазимемлекеттік сектор, жеке кәсіпорындар, екінші деңгейдегі банктер, жоғары оқу орындары және ғылыми орталықтар) қосылған.
«Аталған деректер үлкен деректерді терең талдауға және соған негізделген шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді. Инфрақұрылымды дамыту үшін келесі шаралар: елімізде суперкомпьютерді орналастыру, халықаралық әріптестік арқылы деректерді өңдеу орталықтарын (ЦОД) салу, жасанды интеллект ұлттық платформасын құру және талшықты-оптикалық байланыс желілерін (ТОБЖ) дамыту көзделеді», — деді министр.
Оның мәлімдеуінше, халықаралық технологиялық компаниялармен деректерді өңдеу орталықтарын салу бойынша келіссөздер жүргізіліп келеді. Жасанды интеллект ұлттық платформасы деректер жиынтығы, есептеу қуаты және басқа жасанды интеллект құралдары сияқты қажетті ресурстарды қамтиды. Бұл ресурстар мемлекеттік органдарға, стартаптарға, жоғары оқу орындары мен жасанды интеллект энтузиасттарға қолжетімді болады.
Бүгінде адами капиталды дамыту шеңберінде жасанды интеллект экожүйесін дамыту үшін кешенді инновациялық инфрақұрылым әзірленіп жатыр. Аlem.ai ұлттық орталығы мемлекет, ғылым, бизнес және халықаралық серіктестер арасындағы ынтымақтастық алаңына айналады.
Елімізде оқытушылардың қатысуынсыз, «peer-to-peer» әдіснамасына негізделген практикалық оқытуды ұсынатын бағдарламалау мектептерін іске қосу жоспарланып отыр. Бұл студенттердің өзара әрекеттесуіне және зерттеу тәсіліне ықпал етеді.
Сондай-ақ зерттеу орталықтарын құру үшін халықаралық компаниялармен және институттармен (оның ішінде Berkeley) ынтымақтастық орнатылмақ. Бұл жасанды интеллект саласындағы ғалымдарға озық әріптестермен жұмыс істеуге мүмкіндік береді.
«Жалпы, азаматтар өмірінің әртүрлі салаларында жасанды интеллект тарату бағдарламасы пысықталып жатыр. Жыл сайын 10 мың талант, 1 мың жасанды интеллект маманы, 100 жасанды интеллект стартап және 10 ғылыми жоба дайындау жоспарланып отыр. Нысаналы индикатор – жасанды интеллект саласын оқытатын жоғары оқу орындарының үлесін 2025 жылғы 20%-дан 2029 жылы 60%-ға дейін арттыру», — деді спикер.
Жасанды интеллект саласындағы зерттеулерді дамытудың екі негізгі бағыты бар:
-
Назарбаев Университеті «Ұлттық ақпараттық технологиялармен» бірігіп қазақ тілінде үлкен тілдік модель (KazLLM) әзірлейді. Бұл модель 100 млрд токенге негізделетін болады. Моделдің сапасын жақсарту үшін қазақ тіліндегі деректерді жинау өте маңызды. Осы мақсатта, ұлттық деректер жинау науқаны Hugging Face платформасында жүргізіледі. Қазірдің өзінде ашық көздерден 54 млрд токен, оның ішінде 28 млрд токен қазақ тілі және 26 млрд токен ағылшын тілінде жиналды. Сонымен қатар мемлекеттік және квазимемлекеттік органдардан, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдар мен мұрағаттардан 90 терабайт дерек жиналды.
-
Сонымен қатар KazLLM халықаралық компаниялармен бірлесіп әзірленеді. Қазақстан тарапынан серіктес ретінде «Ұлттық ақпараттық технологиялары» болады. Аталған модель ашық көздерден алынған деректер негізінде 30-40 млрд токенге негіздеді. Жоба өтеусіз негізде жасалады.
KazLLM-нің алғашқы нұсқасы осы жылдың желтоқсанында ұсынылады.
2029 жылға қарай біз жасанды интеллект саласындағы патенттер санын жылына кемінде 20-ға жеткізу жоспарланған.
Реттеуші орта жасанды интеллектіні қауіпсіз, жауапты әрі этикалық тұрғыда пайдалануға жағдай жасауды қамтиды. Озық әлемдік тәжірибе негізінде жасанды интеллект технологиясын дамыту мақсатында Мәжіліс депутаттарымен бірлесіп «Жасанды интеллект туралы» Заң жобасы әзірленді. Аталған Заң жобасы этикалық нормаларды қабылдауды, мемлекеттік реттеуді және қолдау шараларын, жасанды интеллект нысандарының жұмыс істеу құқықтық режимін, жіктеуін және стандарттауды көздейді.
«Акселерациялық бағдарламалар ақпараттық технология нарығындағы кәсіпкерлік белсенділікті арттырып, мультипликативтік әсер береді. Қазақ тілінде жасанды интеллект дағдыларын оқыту және сапалы контент жасау үшін ауқымды жасанды интеллект экожүйесін құру қажет. Экожүйені дамыту шеңберінде халықаралық компанияларда (Microsoft, Google, Booking және т.б.) жұмыс істейтін қазақстандық мамандардан жасанды интеллект ұлттық құрамасы құрылды», — деп атап өтті Жаслан Мәдиев.
2029 жылға дейін алдымызға келесі мақсаттар қойылды:
• 5 млн адамды жасанды интеллект дағдыларына үйрету.
• 500 мың салалық маман даярлау.
• 5 қазақстандық бірегей мүйіздер құру.
• IT-экспортты $5 млрд дейін ұлғайту.
• Акселерация есебінен экономика секторларында жыл сайын кемінде 25 енгізілген жасанды интеллект өнімдері.
Аталған жоспарларды жүзеге асыру және жасанды интеллект өнімдерін экономикаға кеңінен енгізу жалпы ішкі өнімнің өсуіне елеулі үлес қосады деп күтілуде.