2024 жылғы 1 шілдеде 67,1 мың отбасындағы 355,3 мың адамға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Биыл осы мақсатқа бюджеттен 60,5 млрд теңге қарастырылған, деп хабарлайды No-comment.kz тілшісі ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.
АӘК-нің негізгі мақсаты – ақшалай төлем түрінде қолдауды жүзеге асыру және отбасының еңбекке қабілетті мүшелерін жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тарту арқылы отбасын қиын өмірлік жағдайдан шығару.
АӘК мыналарды көздейді:
- табысы өңірлік ең төмен күнкөріс деңгейінің 70% - нан аспайтын азаматтарға тоқсан сайын әлеуметтік көмек тағайындау;
- табысы аз отбасылардағы 1 жас пен 6 жас аралығындағы әр балаға 1,5 АЕК (5 538 теңге) мөлшерінде ай сайынғы қосымша төлем беру. 2024 жылғы 1 шілдеге АӘК алушылар қатарынан мектеп жасына дейінгі 109,0 мың балаға 2,9 млрд. теңге сомасына қосымша төлем тағайындалды;
- жұмысқа орналастыру, өз ісін ашуға ниетті отбасыларға гранттар беру, біліктілікті арттыру курстарына жіберу (қажет болған жағдайда) және басқалар арқылы жұмыспен қамтуға жәрдемдесу.
Қазіргі уақытта қазақстандықтар АӘК тағайындауға өтінішті тұрғылықты жері бойынша мансап орталығында, ауыл округінің әкіміне сондай-ақ Электрондық үкімет порталы (egov.kz) арқылы бере алады.