«Otbasy travel» жобасының қатысушылары Шымкентте

«Otbasy travel» жобасының қатысушылары Шымкентте

Бүгін еліміздегі тұңғыш «Otbasy Travel» жобасының қатысушыларын «Visit Shymkent» туристік-ақпараттық орталығы күтіп алды.  Бұл туралы Шымкент қалалық әкімдігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Маусым айының басында Батыс Қазақстан облысынан саяхатқа шыққан 4 жанұялық экспедициялық құрам Шымкентке келіп жетті. Олар Рахмановтар, Текебаевтар, Ерсаевтар, Хамзалар отбасы.

30 күнге жоспарланған отбасылық саяхаттың мақсаты – еліміздің тарихи орындары мен республикалық деңгейдегі қорықтарын, Ұлттық парктерін аралап, жас ұрпаққа дәріптеу.

Жоспар бойынша автосаяхатшылар Қазақстанның 13 облысы мен Нұр-Сұлтан, Алматы мен Шымкент қалаларын аралап жалпы 15 мың шақырымды жүріп өтпек.

Адам саяхат жасамайды. Саяхат адамды жасайды. Топ құрамында «Жайық Пресс» ақпараттық агенттігінің басшысы Нұрлыбек Рахманов ерекше бастаманың әсіресе балалардың туған жер туралы танымдық пікір қалыптастыруға септігі мол дейді.

- Бұл сапарды қыс мезгілінде жоспарлаған болатынбыз. Жазғы еңбек демалысын жанұялық достарымызбен келісіп, балаларымызға еліміздің бай тарихын көрсетіп шығуды жөн санадық. Саяхат барысында бүлдіршіндер Қазақстанды жаңа қырынан көріп, ерекше таңданысып жатыр. Сапарымыздың соңғы күндері Шымкент қаласы мен Түркістан облысына тура келді. Бүгін сіздердің қалаларыңызда болып, әрі қарай Ақмешіт үңгіріне жол тартамыз, -дейді Нұрлыбек Нұрланұлы.

«Отан отбасыдан басталады. Отбасы саяхаты – Отаннан басталады». Дәл осындай ұранымен ішкі туризмді насихаттаудың ерекше бастамасын қолға алған жанұя мүшелеріне «Visit Shymkent» туристік-ақпараттық орталығы ұлттық кәде сыйлар ұсынып, Шымкент қаласының туристік нысандары туралы кең көлемді мағлұмат берді. Енді «Otbasy Travel» жобасының қатысушылары Түркістан, Қызылорда облыстарын аралап Орал қаласына қайтуды жоспарлап отыр.

 

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров Сенат Парламентінің клуарында мемлекеттік қарыз көлемі туралы журналистердің сұрағына...