Төлеби: Табиғатты ластағандарға айыппұл салынады

Төлеби: Табиғатты ластағандарға айыппұл салынады

Түркістан облысының ең көрікті өңірлерінің бірі саналатын Төлеби ауданына туристер ағымы жылдан-жылға артып келеді. Тау бөктерінде орналасқан, саф ауасы мен мөлдір суларымен ерекшеленетін бұл аймақ тынығуға келген қонақтардың сүйікті орнына айналған. Алайда, табиғат аясындағы демалыс кезінде тазалық талаптарының сақталмауы — соңғы уақытта өзекті мәселеге айналды.

Аудан аумағына келушілердің артынан шашылып қалатын тұрмыстық қалдықтар мен өзен жағалауына тасталған пластик, шыны бөтелкелер, азық-түлік қалдықтары — табиғатқа орасан зиян келтіріп қана қоймай, экологиялық жағдайды да нашарлатуда. Жол жиегі мен өзен-көл маңы қоқысқа толып, жасыл белдеулер бүлінуде. Бұл ахуалға бейжай қарауға болмайды.

Осыған байланысты Төлеби ауданының әкімі Еркеғали Әлімқұловтың тапсырмасымен Қасқасу ауылдық округінде жедел тазалық шарасы ұйымдастырылды. Аталған шараға 200-ге жуық мемлекеттік қызметкер тартылып, Сайрамсу өзенінің 7 шақырымдық аумағы толықтай қоқыстан тазартылды. Акция нәтижесінде 9 тоннадан астам тұрмыстық қалдық арнайы техникамен қоқыс полигонына жеткізілді.

Аудан әкімдігі бұл бағыттағы жұмыстарды бір реттік шарамен шектемей, жүйелі түрде жалғастыруды көздеп отыр. Сонымен қатар демалыс аймақтарында бейнебақылау камералары орнату, рейдтік тексерістер жүргізу және құқық бұзушыларға айыппұл салу тетіктері де іске қосылады. Тазалық сақтау – тек табиғатқа құрмет емес, сонымен қатар әрбір азаматтың азаматтық жауапкершілігі мен мәдениетінің көрсеткіші екені атап өтілді.

Жергілікті билік өкілдері тұрғындар мен туристерді экологиялық мәдениетті арттыруға шақырып, қоршаған ортаны ластамауға үндеді. ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 505-бабы және 432-2 бабы бойынша белгіленбеген орындарға қоқыс тастаған азаматтарға әкімшілік айыппұл салынатыны ескертілді. Заңнамаға сәйкес, мұндай құқық бұзушылық үшін жеке тұлғаларға 20-дан 100 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл қарастырылған.

Бұл бастама — табиғатты аялау арқылы болашақ ұрпаққа таза және қолайлы экологиялық орта қалдырудың нақты қадамы. Әкімдік тарапынан атқарылған жұмыстар, санитарлық бақылаудың күшеюі және тұрғындардың экологиялық сана-сезімін арттыру бағытындағы шаралар оң нәтижесін беруі тиіс.

Айта кетейік, Төлеби ауданында биылғы жаз мезгілінде туризм маусымының қызуына байланысты тазалық мәселелері ерекше бақылауға алынған. Аудан әкімдігі мен экологиялық ұйымдар бірлесіп, экобақылау мен насихат жұмыстары жүргізілуде. Болашақта мұндай шаралар тек Сайрамсу өзенінде ғана емес, басқа да демалыс орындарында жалғасады деп жоспарланып отыр.

Экологиялық тәртіп пен қоғамдық жауапкершілік — табиғат байлығын сақтаудың басты кепілі. Төлеби табиғаты — баршаға ортақ игілік, оны қорғау — әркімнің борышы.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

9 февраля 2026 года в Национальной академической библиотеке РК в городе Астане по инициативе Клуба главных редакторов Республики Казахстан состоялся круглый стол на...