Шымкентте өндіріс пен инфрақұрылым қатар дамып келеді

Шымкентте өндіріс пен инфрақұрылым қатар дамып келеді

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков қаланың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін арттыру мақсатында өнеркәсіптік аймақтар мен инфрақұрылымдық нысандарды аралап, бірқатар өзекті мәселелерді назарға алды. Бұл іс-шаралар өндіріс көлемін ұлғайтып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға және халыққа қолайлы жағдай жасауға бағытталған.

Әкім алдымен «Оңтүстік» индустриялық аймағында орналасқан техникалық кремний өндіретін «Ferrum-Vtor» ЖШС кәсіпорнының жұмысымен танысты. Кәсіпорын жылына 20 000 тонна өнім өндіріп, 300 адамды жұмыспен қамтуды жоспарлап отыр. Қала басшысы өндіріс қуатын арттыру үшін қосымша екі пешті іске қосу мәселесін талқылады. Бұл өз кезегінде өнім көлемін жылына 40 000 тоннаға жеткізіп, жұмыс орындарының санын көбейтуге жол ашады.

Одан әрі әкім алюминий қорытпаларын шығаратын «ЦветЛит» ЖШС мен алюминий қалбыры мен кабельдік өткізгіш өнімдер өндіретін «Alu Tech» ЖШС өндіріс ошақтарын аралады. Бұл кәсіпорындарда сәйкесінше 104 және ондаған жаңа жұмыс орындары құрылып, қаланың өнеркәсіптік әлеуетін күшейтіп отыр. «Alu Tech» жылына 12 000 тонна алюминий қалбыры мен 5 600 тонна кабельдік өнім шығаруға қауқарлы.

Өндіріс саласымен қатар, қала басшысы әлеуметтік маңызы бар нысандардың жұмысымен де танысты. «Сәуле» шағынауданында салынып жатқан сервистік орталық тұрғындарға шұғыл көмек көрсетуге және жедел әрекет етуге бағытталған. Бұл орталықтың дер кезінде әрі сапалы аяқталуы тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлылығы үшін маңызды. Әкім құрылыс барысын мұқият қарап, мердігерге нақты тапсырмалар берді.

Сапар барысында «Тұран» ауданындағы А-2 айналма жолының құрылысы мен «Ақжар» электр тарату станциясының жағдайы да тексерілді. Электр тарату станциясы жыл соңына дейін пайдалануға берілмек. Бұл нысан «Құрсай» шағынауданы, әуежай және көлік-логистикалық орталықты тұрақты электрмен қамтуға мүмкіндік береді.

Жұмыс сапары «Айкөл» тұрғын алабына апаратын 17 шақырым жолдың асфальтталу барысын бақылаумен жалғасты. Мұндай жолдар – елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық өмірінің күретамыры.

Соңында әкім қалалық зообақтың инфрақұрылымын қарап шығып, мекеме басшылығына тазалықты сақтау, аумақты абаттандыру, көгалдандыру және ақпараттық стендтерді жаңарту жөнінде нақты тапсырмалар берді.

Шымкент қаласы әкімінің бұл жұмыс сапары – қаладағы өндіріс, инфрақұрылым және әлеуметтік сала бойынша атқарылып жатқан жүйелі жұмыстардың нақты көрінісі. Әрбір нысанның сапалы әрі уақытылы аяқталуы халықтың әл-ауқатын арттыруға және қала дамуын жеделдетуге бағытталған.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

2026 жылғы қаңтар айында көпбалалы отбасыларға және наградталған аналарға берілетін мемлекеттік жәрдемақылармен 875,2 мың отбасы жалпы сомасы 56,5...

Конституциялық комиссияға келіп түскен ұсыныстар мұқият зерделеніп, Ата заң жобасына қосымша нормалар енгізілді. Бұл туралы Конституциялық...