Түркістан облысында энергетика және коммуналдық инфрақұрылым саласын жаңғырту бойынша ауқымды ұлттық жоба іске қосылмақ. 2025–2029 жылдар аралығында өңірге 164 миллион теңгеге жуық инвестиция тартылып, жылу, су, электр және кәріз жүйелерін кезең-кезеңмен жаңарту көзделуде. Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика министрлігіне қарасты Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Ақтілеу Бекмұратов мәлімдеді.
Бүгінде Түркістан облысындағы энергетикалық инфрақұрылымның тозу деңгейі алаңдатарлық деңгейде. Мәселен, электр желілерінің шамамен 57 пайызы ескірген. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін жоба аясында 100,8 миллион теңге инвестиция тарту жоспарланған. Жаңғырту нәтижесінде 2029 жылға дейін бұл көрсеткішті 53,5 пайызға дейін төмендету көзделіп отыр. Бұл мақсатта қолданыстағы электр желілерін жөндеу және қайта жабдықтау жұмыстары жүргізіліп, заманауи технологиялар мен энергия үнемдеуші шешімдер енгізілмек.
Жобаның тағы бір маңызды бағыты — ауыз су жүйелерін жаңарту. Облыс бойынша көптеген елді мекендерде су желілері ескірген, ал кейбіреулерінде мүлде тозып кеткен. Мысалы, Леңгір қаласындағы «Леңгір Су» мекемесінің қарамағындағы желілердің 64 пайызы ескірген. Осы мәселені шешу үшін жалпы 34,5 миллион теңге көлемінде инвестиция тарту жоспарланған. Ұлттық жоба аясында 2029 жылға дейін бұл көрсеткішті 50 пайызға дейін азайту көзделуде. Бұл өз кезегінде тұрғындарды сапалы ауыз сумен тұрақты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Кәріз жүйелері де жаңартуды қажет ететін маңызды инфрақұрылым элементтерінің бірі саналады. Қазіргі таңда облыс орталығындағы кәріз желілерінің 60 пайызының тозығы жеткен. Аталған бағыт бойынша 8,4 миллион теңге инвестиция тарту көзделіп отыр. Бұған қоса, облыстық жоба аясында кәріз жүйелеріне арналған жеке қаржыландыру көлемі 1 миллиард 716 миллион теңгені құрап отыр. Бұл қаражат кәріз желілерін жаңартып, экологиялық және санитарлық жағдайды жақсартуға сеп болады. Сонымен бірге, қазіргі жүйелердің апаттық жағдайларын болдырмауға, су тасқыны мен ағынды сулардың дұрыс ағуына жағдай жасайды.
Жылумен жабдықтау жүйелерін жаңарту да ұлттық жобаның басым бағыттарының бірі. Бұл мақсатқа 20,08 миллион теңге қарастырылған. Өңірдегі жылу желілерінің тозу деңгейі мен жиі болатын техникалық ақаулар тұрғындардың тұрмыс сапасына кері әсерін тигізіп отыр. Жаңарту арқылы тек жылу жүйесінің сенімділігін арттырып қана қоймай, отын-энергетикалық ресурстарды үнемдеу және шығындарды азайту мүмкін болады.
Ұлттық жоба аясында тек желілерді ауыстыру немесе жөндеу ғана емес, сонымен қатар жаңа технологияларды енгізу мен автоматтандыру жұмыстары да жоспарға енгізілген. Бұл — энергетикалық тиімділік пен қауіпсіздік тұрғысынан маңызды қадам. Жобаны жүзеге асыру кезінде инвесторлардың қаржысы мен жеке серіктестік механизмдері кеңінен қолданылмақ. Осылайша, мемлекет пен жекеменшік сектор арасындағы ынтымақтастық артып, инфрақұрылым саласында ұзақ мерзімді, тұрақты даму қамтамасыз етіледі.
Түркістан облысы үшін бұл бастама стратегиялық маңызға ие. Инфрақұрылым жүйелерінің заманауи стандарттарға сай келуі — өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі факторларының бірі. Тозған желілер мен ескірген жүйелерді жаңарту — тұрғындардың өмір сапасын жақсарту, бизнес жүргізуге қолайлы орта қалыптастыру және өңірлік қауіпсіздікті нығайту бағытындағы нақты қадам.
Жалпы, 2025–2029 жылдар аралығында жүзеге асатын бұл жоба Түркістан облысының инфрақұрылымын түбегейлі жаңғыртып, тұрғындар үшін жайлы және қауіпсіз өмір сүру жағдайларын жасауға мүмкіндік береді. Бұл бастама тек ағымдағы проблемаларды шешіп қана қоймай, болашақ ұрпақ үшін тиімді инфрақұрылымдық жүйені қалыптастыруға бағытталған.

