Көшпелі түсіндіру шарасы: Сайрам тұрғындарына жұмыспен қамту мүмкіндіктері таныстырылды

Көшпелі түсіндіру шарасы: Сайрам тұрғындарына жұмыспен қамту мүмкіндіктері таныстырылды

Шымкент қаласында халықты жұмыспен қамтуға бағытталған түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде жалғасуда. Әр аптаның сәрсенбісінде өтетін бұл шараларды қалалық Еңбек мобильділігі орталығы ұйымдастырып келеді. Көшпелі форматтағы жиындар шағын жәрмеңке үлгісінде өткізіліп, тұрғындарға жұмысқа орналасу мен мемлекеттік қолдау бағдарламалары жайлы кеңінен мағлұмат берілуде.

Кезекті іс-шара Қаратау ауданы, Сайрам тұрғын алабындағы Әмір Темір көшесінде орналасқан №3 клиникалық аурухананың ауласында өтті. Бұл нүкте кездейсоқ таңдалмаған — ауруханаға келуші тұрғындар көп, әрі әлеуметтік тұрғыдан әртүрлі санаттағы азаматтарды қамтуға мүмкіндік зор. Іс-шара барысында Қаратау аудандық Мансап орталығының мамандары халыққа жан-жақты ақпарат ұсынып, еңбек нарығындағы нақты мүмкіндіктермен таныстырды.

Түсіндіру жұмыстары барысында мамандар тұрақты және уақытша бос жұмыс орындарына орналасу жолдарын, кәсіби бағдар беру, кәсіпкерлік дағдыларын үйрету, қысқа мерзімді оқу курстарына қатысу, сондай-ақ қайтарымсыз гранттар алу тәртібі туралы кеңес берді. Сонымен қатар, Enbek.kz порталы арқылы онлайн тіркелу, түйіндеме жүктеу, жұмыс іздеу құралдарын қолдану жолдары көрсетілді. Көптеген тұрғындар Enbek.kz порталының мобильді қосымшасын алғаш рет жүктеп, оны белсенді пайдалануға ниет білдірді.

Жиын нәтижесінде 15 азамат тұрақты жұмысқа орналастырылды. Бұл – шараның нақты нәтижеге қол жеткізгенін көрсетеді. Бұдан бөлек, 4 адам «Жастар практикасы» бағдарламасына, 3 тұрғын «Алғашқы жұмыс орны» жобасы аясында еңбек жолын бастауға мүмкіндік алды. Тағы 1 азамат қоғамдық жұмысқа жолданса, бір тұрғын ресми түрде жұмыссыз ретінде тіркелді.

Бұл көрсеткіштер — көшпелі жиындардың тиімділігі мен халық арасында оған деген сенімнің артқанын дәлелдейді. Аталған жәрмеңкелер мен түсіндіру жұмыстары, әсіресе, әлеуметтік осал топтарға – жұмыссыз жастар, мүмкіндігі шектеулі азаматтар, аз қамтылған отбасылар үшін пайдалы ақпарат көзіне айналып отыр.

Жұмыссыздықпен күрестің тиімді тәсілі ретінде тұрақты өтіп жатқан мұндай кездесулер еңбек нарығының ашықтығын қамтамасыз етуге және халықтың экономикалық белсенділігін арттыруға бағытталған. Жұмыс берушілер мен жұмыс іздеушілер арасындағы байланыс нығайып, нақты шешімдер қабылдануда.

Алдағы уақытта да Еңбек мобильділігі орталығы қаладағы барлық аудан мен шағынаудандарды қамтуды көздеп отыр. Бұл шаралар тек ақпарат тарату мақсатында ғана емес, сонымен қатар нақты жұмысқа орналастыруға және азаматтардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға ықпал ететін маңызды қадам болмақ.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның кезекті отырысында Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева тұрғын үй...

Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев адамның тұрғын үйге деген іргелі құқығын конституция деңгейінде қорғау қажеттігі туралы пікір білдірді. Осы тұрғыда ол...