Бүгін Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров Министрлік жүйесіндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша кеңейтілген кеңес өткізді, деп хабарлайды No-comment.kz - Экология және табиғи ресурстар министрлігіне сілтеме жасап.
Кеңеске ведомстволардың, Министрліктің құрылымдық бөлімшелерінің, аумақтық бөлімшелердің, ведомстволық бағынысты ұйымдардың және комплаенс-қызметтердің басшылары мен жауапты қызметкерлері қатысты.
Кеңес барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмыстың жай-күйі, анықталған құқық бұзушылықтардың нәтижелері, ішкі бақылау тетіктерінің тиімділігі, сондай-ақ ведомстволар мен ведомстволық бағынысты ұйымдардағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу шаралары қаралды.
Кеңесті аша отырып, Министр «Заң және тәртіп» қағидаты әрбір мемлекеттік қызметші үшін мүлтіксіз басшылыққа алынатын бағдар болуы тиіс екенін атап өтті. Заңнаманы сақтау, қызметтік тәртіп пен адалдық әркімнің лауазымына, еңбек өтіліне және жеке байланыстарына қарамастан, мемлекеттік қызметтің міндетті талаптары болып табылады.
«Министрлік жүйесінде мемлекеттік қызметке мұндай көзқарасқа жол берілмейді. Ешбір лауазым, еңбек өтілі немесе жеке қарым-қатынас ешкімге заң талаптарынан ауытқуға құқық бермейді», деп атап өтті Әлібек Қуантыров.
Экологиялық реттеу және бақылау, жобаларды іске асыру, орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі, рұқсат құжаттарын беру, сондай-ақ бюджеттік рәсімдер салаларындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ерекше назар аударылды.
Кеңес барысында Министрлік аппаратының басшысы Ғанижан Асанұлының, Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Ерболат Қожиковтың, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Данияр Тұрғамбаевтың баяндамалары тыңдалды.
Талқылау қорытындысы бойынша Министр рұқсат беру және бақылау қызметін жүзеге асыру кезінде лауазымды тұлғалардың әрекеттерінің заңдылығына ведомстволық бақылауды күшейтуді тапсырды.
Сонымен қатар, кеңес қорытындысы бойынша:
▪️ сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сапалы ішкі талдау жүргізу;
▪️ квазимемлекеттік сектор ұйымдарындағы комплаенс-қызметтердің жұмысын күшейту;
▪️ сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне барынша бейім бизнес-процестерді оңтайландыру және автоматтандыру;
▪️ рұқсат беру және бақылау функцияларын жүзеге асыру кезінде азаматтармен және бизнеспен тікелей байланысты болдырмау;
▪️ қызметкерлерді сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша тұрақты негізде оқытуды ұйымдастыру;
▪️ ұзақ уақыт бойы бір лауазымда отырған кадрлардың ротациясын қамтамасыз ету тапсырылды.
Министр ұжымдарда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру үшін басшылардың дербес жауапкершілігіне ерекше назар аударды.
«Әрбір басшы өз бөлімшесіндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмыстың жай-күйіне жеке жауапты болуы, тәуекелдердің қай жерде бар екенін білуі, алаңдаушылық туғызатын белгілерге уақтылы ден қоюы және құқық бұзушылықтарға жол бермеуі тиіс», деп атап өтті ол.
Қорытындылай келе, Министр сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелері жүйелі жұмысты талап ететінін атап өтті. «Заң және тәртіп» қағидатын сақтау, сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік таныту және мемлекеттік қызмет көрсету рәсімдерінің ашықтығын қамтамасыз ету Министрлік қызметінің тиімділігін арттырудың міндетті шарттары болып қала береді.


