Қазақстанда медициналық бұйымдардың сапасы мен қауіпсіздігін бақылау жүйесін жетілдіру жоспарланып отыр. Бұл қарапайым бинттер мен шприцтерден бастап, күрделі медициналық жабдықтарға дейінгі өнімдерді қамтиды. Дәрілік препараттар мен медициналық бұйымдардың өндірісі мен қолданылу ерекшеліктерін ескере отырып, сараптама жүргізудің жеке тәртібін енгізу ұсынылады, деп хабарлайды No-comment.kz - Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.
Тиісті түзетулер денсаулық сақтау мәселелері бойынша бүгін Құрылтай депутаттарының қарауына ұсынылған заң жобасында көзделген.
Қазіргі уақытта дәрілік препараттар мен медициналық бұйымдар медициналық өнімдердің әртүрлі санатына жататынына қарамастан, бірыңғай қағидалар бойынша сараптамадан өтеді.
Ұсынылып отырған өзгерістер әрбір өнім түрінің ерекшеліктерін ескере отырып, оның сапасын, тиімділігі мен қауіпсіздігін бағалауға мүмкіндік береді.
«Медициналық бұйымдарға қатысты басты өлшем пациенттің қауіпсіздігі болуы тиіс. Өнімнің қай жерде өндірілгеніне қарамастан, ол белгіленген сапа мен қауіпсіздік талаптарына сәйкес келуі қажет. Біздің міндетіміз – мұндай өнімдердің айналымының барлық кезеңінде бақылау жүйесін жетілдіру», – деп атап өтті Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев.
Ұсынылып отырған өзгерістер халықаралық тәжірибе мен Еуразиялық экономикалық одақ талаптарын ескереді.
Жаңа нормалар халыққа көрсетілетін медициналық көмектің қауіпсіздігін арттыруға, сондай-ақ медициналық бұйымдарды өндірушілер мен жеткізушілер үшін ашық әрі айқын жағдай қалыптастыруға бағытталған.


