Шымкент қаласында «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы» АҚ ұйымдастыруымен импортты алмастыру бағдарламасы аясында отандық тауар өндірушілерді қолдауға арналған дөңгелек үстел өтті. Бұған дейін мұндай басқосу елордада ұйымдастырылып, биыл екінші рет аймақтарда жалғасын тапты.
Жиын барысында ұлттық экономиканы дамыту, жергілікті өндірісті кеңейту және импортқа тәуелділікті азайтуға бағытталған ең өзекті мәселелер талқыланды. Қазіргі таңда «Қазатомөнеркәсіп» компаниясы сатып алып отырған өнімдердің 65 пайызы – отандық тауар өндірушілердің үлесінде. Бұл көрсеткіш жергілікті кәсіпорындар үшін жаңа мүмкіндіктер ашып, ішкі нарықтың тұрақтылығын қамтамасыз етіп келеді.
Компанияның сатып алу және жалпы мәселелер жөніндегі бас директоры Дархан Сағындықов отандық өндірушілерді қолдаудың стратегиялық маңызына тоқталды. Оның айтуынша, импортты алмастыру бағдарламасы тек қана экономикалық емес, сонымен бірге әлеуметтік тұрғыдан да маңызды. Жергілікті кәсіпорындармен келісімшарттар жасау арқылы жаңа жұмыс орындары ашылып, азаматтардың тұрақты табыс табуына мүмкіндік жасалуда.
Мәселен, биылдың өзінде қордың тауар өндірушілер тізілімінде тұрған кәсіпорындармен жалпы құны 100 миллиард теңгеден асатын келісімшарттарға қол қойылған. Ал 2019 жылдан бері іске асып келе жатқан арнайы бағдарлама аясында 38 миллиард теңгеден астам сомаға келісімшарт бекітіліпті. Тек осы жылдың өзінде 2 миллиард теңге көлеміндегі келісімшарт жасалып, жыл соңына дейін бұл көрсеткішті одан әрі арттыру жоспарланып отыр.
«Қазатомөнеркәсіп» әлемдегі ең ірі уран өндірушілердің бірі ретінде тек шикізаттық бағытта ғана емес, ғылыми-зерттеу және инновациялық жобаларға да басымдық беріп отыр. Уранды қайта өңдеу технологияларын жетілдіру, экологиялық таза әрі тиімді әдістерді енгізу – компанияның тұрақты дамуындағы негізгі бағыттарының бірі. Бұл қадамдар отандық өндірісті нығайтып қана қоймай, қазақстандық өнімнің халықаралық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға сеп болады.
Жергілікті тауар өндірушілерді қолдау мақсатында компания жыл сайын өндіріс орындарына арнайы іссапарлар ұйымдастырады. Бұл сапарларда кәсіпорындардың өндірістік қуаты, жаңа технологияларды енгізу мүмкіндігі мен өнім сапасы бағаланады. Сонымен қатар, кәсіпорындарға ақпараттық қолдау көрсетіліп, даму жолдары жөнінде нақты кеңестер беріледі.
Дархан Сағындықовтың айтуынша, бастаманың басты мақсаты – отандық кәсіпорындардың әлеуетін арттыру, олардың өнімін ішкі және сыртқы нарықта кеңінен таныстыру. «Алдағы уақытта да біз осындай кездесулерді дәстүрге айналдырып, қолдау шараларын жүйелі түрде жалғастырамыз», – деді ол.
Отандық тауар өндірушілерді қолдау саясаты елімізде өндірілетін өнім көлемін арттырумен қатар, жаңа технологияларды меңгеруге, еңбек өнімділігін күшейтуге және халықты жұмыспен қамтуға ықпал етіп келеді. Бұл шаралар Қазақстанның ұлттық экономикасын нығайтып, жаһандық нарықтағы орнын бекемдеуге бағытталған нақты қадамдар болып отыр.

