Шымкент қаласында мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау шаралары көптеген азаматтың өз кәсібін бастауына және оны дамытуына мүмкіндік беріп келеді. Әсіресе әлеуметтік санаттағы тұрғындарға арналған қайтарымсыз гранттар жаңа бизнес идеялардың жүзеге асуына серпін беруде. Осындай қолдаудың игілігін көргендердің бірі – көпбалалы ана Гүлжан Жандарәлі.
Медицина саласында 10 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан фельдшер балалар денсаулығын оңалту бағытында бес жылдан астам уақыттан бері қызмет көрсетіп келеді. Өз ісін жетілдіріп, қызмет аясын кеңейтуді мақсат еткен кәсіпкер 2025 жылы мемлекеттік қайтарымсыз грант конкурсына қатысып, бизнес-жобасын сәтті қорғаған. Нәтижесінде ол 400 айлық есептік көрсеткіш көлемінде мемлекеттік грант иегері атанды.
Кәсіпкер бөлінген қаражатқа екі бірдей заманауи гидро-ванна құрылғысын сатып алған. Бүгінде мұндай құрылғылар балаларды оңалтуда, әсіресе ерекше күтімді қажет ететін бүлдіршіндердің денсаулығын жақсартуда тиімді құралдардың бірі саналады. Арнайы су процедуралары мен массажды қатар қолдану балалардың физикалық дамуына оң әсерін тигізіп, ем нәтижесін жақсартуға мүмкіндік береді.
Гүлжан Нұрбекқызының айтуынша, жаңа құрылғылар қызмет сапасын арттырып қана қоймай, орталықтың мүмкіндігін кеңейткен. Бұған дейін айына шамамен 30 балаға қызмет көрсетілсе, қазіргі таңда бұл көрсеткіш 50 балаға дейін жеткен. Яғни мемлекеттік қолдаудың арқасында көрсетілетін қызмет көлемі едәуір артқан.
Сонымен қатар, жаңа жобаның іске қосылуы қосымша жұмыс орнын ашуға да ықпал еткен. Қазіргі уақытта бір азамат тұрақты жұмыспен қамтылып отыр. Бұл өз кезегінде шағын кәсіпкерлікті дамыту арқылы халықты жұмыспен қамту мәселесін шешуге де мүмкіндік беріп отыр.
Кәсіпкердің тәжірибесі мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін айқын көрсетеді. Әсіресе әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтардың өз кәсібін ашып, табысын арттыруына мұндай қолдау тетіктері үлкен көмек болуда. Қайтарымсыз гранттар тек жаңа кәсіп бастауға емес, қоғамға қажетті қызмет түрлерін дамытуға да серпін береді.
Шымкент қаласында бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. 2025 жылы комиссия шешімімен әлеуметтік санаттағы 431 азаматқа қайтарымсыз грант берілген. Ал биыл тағы 400 адамның бизнес-жобасына қолдау көрсету жоспарланып отыр. Бұл мемлекет тарапынан шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға ерекше көңіл бөлініп отырғанын көрсетеді.
Мамандардың пікірінше, осындай бағдарламалар азаматтардың экономикалық белсенділігін арттырып қана қоймай, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға да ықпал етеді. Әсіресе медицина, қызмет көрсету және әлеуметтік бағыттағы кәсіптердің дамуы қоғам үшін аса маңызды.
Бүгінде Гүлжан Жандарәлі сияқты өз кәсібін сүйіп атқарып жүрген кәсіпкерлердің қатары артып келеді. Мемлекеттік қолдау мен азаматтардың бастамашылдығы ұштасқанда, шағын кәсіптің үлкен мүмкіндікке айналатынын осы жобадан анық байқауға болады.

