Алматы қаласында өрт сөндіру және құтқару қызметінің жас мамандарының қатысуымен салтанатты ант қабылдау рәсімі өтті. Іс-шара қызметтік міндетін атқару кезінде ерлікпен қаза тапқан өрт сөндірушілерді еске алуға арналды.
Дәстүрлі рәсім 1989 жылғы 20 мамырда болған ірі техногендік апаттың құрбандарына тағзым етумен басталды. Сол күні «Алматы-2» теміржол станциясында газ цистерналары жарылып, алапат өрт шыққан болатын. Қауіпті жағдайды ауыздықтау барысында 9 өрт сөндіруші өз өмірін құрбан етті. Олар қалған цистерналарды қауіпсіз жерге шығарып, ірі жарылыстардың алдын алды және жүздеген адамның өмірін сақтап қалды.
Биылғы ант қабылдау рәсіміне Алматы гарнизонының 40-тан астам жас қызметкері қатысты. Болашақ өрт сөндірушілер мен құтқарушылар Қазақстан халқына адал қызмет етуге, төтенше жағдайларда кәсіби әрі батыл әрекет етуге және азаматтардың қауіпсіздігін қорғауға салтанатты түрде ант берді.
Шара барысында Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің басшылығы сөз сөйлеп, жас мамандарға үлкен жауапкершілік жүктелетінін атап өтті. Сондай-ақ ардагерлер жастарға ақ тілектерін айтып, қызмет жолында табыс тіледі.
Іс-шара соңында қаза тапқан батырлардың рухына тағзым ретінде бір минут үнсіздік жарияланып, олардың ерлігі мен жанқиярлығы тағы бір мәрте еске алынды. Мұндай тағылымды шаралар жас мамандардың патриоттық рухын нығайтып, құтқарушы мамандығының маңызын арттыруға ықпал етеді.

